Жиында күн тәртібіндегі бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Алғашқы болып аудандық білім бөлімінің басшысы Шұға Нұрабаева баяндама жасап, білім беру мекемелерінің алдағы жылу маусымына дайындығы мен өзекті мәселелері туралы мәлімет берді. Ол өз сөзінде білім нысандарындағы жылыту жүйелерінің жағдайына тоқталып, алдағы кезеңге жоспарланған жұмыстарды баяндады.
Келесі мәселе бойынша аудандық ветеринария қызметі КММ директоры Әбілда Алибеков сөз алып, ветеринариялық салада атқарылған жұмыстар мен шешімін қажет ететін мәселелерді ортаға салды. Әсіресе, мал ауруларының алдын алу шаралары мен эпизоотиялық жағдайға ерекше мән берілді. Сонымен қатар, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әділ Ысхах бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі материалдар бойынша баяндама жасады. Қоғамдық пікірді зерделеу, дер кезінде талдау жасау және тиісті органдар тарапынан нақты шаралар қабылдау мәселесі айтылды.
Жиында қоғамдық-саяси ахуал, «Таза Қазақстан» акциясының орындалуы, Ұлттық ауылшаруашылығы санағының өту барысы сынды қосымша мәселелер де қаралды. Аппараттық мәжіліс барысында аудан әкімі әрбір мәселеге жіті назар аударып, кейбір тұстардағы кемшіліктерді қатаң сынға алды. Жылу маусымына дайындық шараларының уақыт күттірмейтінін, ветеринария саласында нақты шаруалар атқарылуы тиістігін, идеология жұмыстарын жандандыру қажеттігін ерекше атап өтті. Тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, күн тәртібіндегі мәселелердің уақытылы әрі сапалы орындалуын қадағалауды жүктеді.
Осы тұста Ордабасы ауданында соңғы кездері атқарылып жатқан кейбір әлеуметтік-экономикалық жұмыстардың нәтижелері туралы да қысқаша айта кетсек. Мәселен, былтыр Шұбарсу ауылын ауыз сумен қамтамасыз ету құрылысының І кезеңі аяқталып, 1 965 тұрғын немесе 655 абонент ауыз сумен қамтылса, ІІ, ІІІ, IV, V кезеңі жыл соңына дейін аяқталып, жеке -жеке 3 333, 3 584, 3 142, 3 191 абонент таза, сапалы ауыз суға қол жеткізілген. Мұнан бөлек, Шұбарсу елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз етудің бірінші кезеңі бойынша ішкі желі құрылысы басталып, қазіргі таңда, полиэтилендік газ желілерінің қазу және көму жұмыстары жүргізілсе, ІІ кезең бойынша полиэтилендік газ желілерінің қазу және көму, ШРП тіреуіштері орнатылды. Ал, ІІІ кезеңде темір болатты және полиэтилендік газ құбыры мен ГРП бағанасы орнатылса, ІV кезеңде де темір құбыр және полиэтилен газ құбыры жүргізілген.
Ордабасы ауданында өндірісті дамытуға мүмкіндік мол. Индустриалды аймақ қолайлы аумақта орналасқан. Облыс, аудан басшылығы индустриалды аймақты одан әрі кеңейтіп, кәсіпорындар ашуға күш салмақ ниетте. Инфрақұрылым мәселесі толық шешіліп,инвесторлар мен кәсіпкерлерге қолдау көрсетілетін болады. Бүгінде Ордабасы ауданында «Стандарт Ресурсис» ЖШС-нің мұнай өңдеу зауыты жұмыс істеп тұр. Өндіріс орнының құрылысы 2020 жылы аяқталған. Жұмысының ІІ кезеңін биылғы жылдың екінші жартыжылдығында іске қосқан. Жылына 100 мың тонна шикізат өндіреді. Жоғары маркалы бензиннен бастап, бірнеше өнім шығарылады. 200-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Олардың орташа айлығы 120-150 мың теңгені құрайды. Көмір-химия зауытының әлеуетін мамандар жоғары бағалап отыр.
Ауданда полиэтилен бұйымдарын қайта өңдейтін және синтепон талшығын өндіретін «GREEN TECHNOLOGY INDUSTRIES» зауыты бар. Бадам ауылындағы «Бадам» индустриялды аймағында орналасқан зауыттың инвестициялық құны – 6800,0 млн. теңге. Жобаның I кезеңі ПЭТ қалдықтарын тазарту және ұсақта турап флекс өнімін алу жобасы 2018 жылы «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылды. 2018 жылдан бері шығарылып жатқан флекс өнімі Ресей федерациясына экспортталуда. Кәсіпкерлікке қолдау бағытындағы жұмыстар жандана түспек. Индустриалды аймақтың кәріз жүйесін реттеу мәселесі маңызға ие.
Жалпы, Ордабасы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуын 2030 жылға 2 есеге арттыру жоспарлануда. 2024-2030 жылдары жалпы инвестициялық құны 214,6 млрд. теңгені құрайтын өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, туризм салалары бойынша 79 ірі жобаларды іске асыру жоспарланды, одан түсетін болжамды салық 5 млрд. 733 млн. теңгені құрайды. Нәтижесінде 4 226 жұмыс орны ашылады. Өнеркәсіп өнім көлемі биылғы 7 айдың қорытындысымен 8,2 пайызға артып, 21,4 млрд. теңгені құрады. Жыл қорытындысымен 37,5 млрд.теңгеге жеткізіп, өсім 11,6% артады деп күтілуде. 2025 жылға 40,6 млрд.теңгеге, 2030 жылға 78,1 млрд.теңгеге жеткізу межеленді. 2024-2030 жылдар аралығында құны 168,8 млрд. теңгені құрайтын, 2 749 жұмыс орнымен, 24 жоба жүзеге асырылады,- дейді аудан әкімі.
Ордабасы ауданында «Бірыңғай индустрияландыру картасы» аясында 2022-2025 жылдары жалпы инвестициялық құны 105,7 млрд. теңге болатын және барлығы 1060 жаңа жұмыс орнын құратын 6 жобаны іске асыру жоспарланған. Биыл 3 жоба іске қосылды. Аймақтың жалпы жер көлемі - 102,5 га. Гипсокартон бұйымдарын өндіру, арматура шығару, қорғасын өндіру, тоқыма фабрикасын құру секілді 6 жобаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Шұбар аумағынан 70 га өндірістік парк салу, Шұбарсу ауылынан жаңадан кіші қуатты жобаларды шоғырландыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы саласын өсімдік шаруашылығын дамыту, мал, құс, балық шаруашылығын дамыту бойынша 4 бағытта дамыту жоспарланған. 2024 жылдың қорытындысымен 83,2 млрд. теңгенің өнімін өндірілген. Биылғы жылға өнім көлемі 94,6 млрд. теңгеге жеткізу жоспарлануда.
Бүгінде Шұбарсу Ауылында өндірістік аймақ құру үшін жоспарланған 50 гектар жердің жобасы жасалған. Мұнда да су, газ, электр жүйелерін тарту керек. «Барлық аудан, қалада индустриалды аймақтарды тиімді пайдалану, жаңа өндірістік аймақтар ашу өте маңызды. Осы бағытта жұмысты күшейтуді тапсырамын. Өндіріс орындарын, кәсіпорындар ашу бойынша белсенді жұмыс жүргізілсін. Инвесторлар тартыңыздар. Біз өз тарапымыздан инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетеміз. Бұл ретте мегаполиске жақын орналасқан Ордабасы ауданының әлеуеті өте жоғары», – деген болатын Дархан Сатыбалды. Облыс әкімі Ақбұлақ ауылындағы «Бадам» индустриалды аймағына да барып, жер көлемін 50 гектардан асыру жобасымен танысқан еді. Жоғарыда аталған жобалар іске асса, Түркістан облысындағы кәсіпорындар және жұмыс орындары көбейеді деген жоспар бар.
Ордабасы ауданындағы басқа да атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтап өтер болсақ, аудандағы су нысандарының су өткізу қабілеттілігін арттыру үшін 7,2 млрд. теңге бөлініп, 9 каналды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Қараспан су торабымен (құны – 1,2 млрд. теңге), Қараспан магистралді каналына (құны – 3,5 млрд. теңге) күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Былтыр 2 нысанның жөндеу жұмыстары аяқталды. Қалған каналдарды биылғы жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Былтыр сондай-ақ, 21 каналдың 44,5 шақырымына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді.
Былтырғы жылдың соңына дейін ауданда инвестициялық құны 10,8 млрд. теңгені құрайтын 8 жоба іске асырылып, 328 жаңа жұмыс орны ашылды. Былтыр бірінші жарты жылдықта 1,2 млрд. теңгеге 2 жоба іске қосылып, 72 жұмыс орны ашылды. Ал, екінші жартыжылдығында құны 9,6 млрд. теңгенің 6 жобасы іске қосылды. Ауданда жаңа өндірістік кәсіпорындарды ашу үшін 27 гектарды құрайтын инфрақұрылыммен қамтылған индустриялды аймақ құрылған. Индустриялды аймақта 1 млрд. теңгені құрайтын 2 инвестициялық жобаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалар іске асырылған жағдайда ауданға 1,7 млрд. теңге инвестиция тартылып, құрылған жұмыс орындарының саны 150-ден асады.
Халықты қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар қарқынды атқарылуда. Соңғы 3 жылда 685 гектар жер жаңа үйлерді салу үшін инфрақұрылыммен қамтылып (ауыз су, электр желісі), 1 851 жер телімі бөлінді. Темірлан елді мекеніндегі 70 гектар аумақта инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің (ауыз су, электр желісі) құрылысы жүргізілді (жалпы құны 234,3 млн. теңге). Былтырғы жылдың қыркүйек айында нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Нәтижесінде, жер кезегінде тұрған 261 адамға жер берілді. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көшелерді түнгі жарықтандыру жұмыстары жүргізілді.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат