Сенбі, 11 Қазан 2025 19:24

Ордабасы ауданы: «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткізілген шараға 3 мыңға жуық тұрғын қатысқан

Бүгін Ордабасы ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кең ауқымды сенбілік шарасы өтті. Тазалық пен қоршаған ортаны қорғау мақсатында қолға алынған іс-шараға аудан бойынша 2954 адам қатысты. Олардың қатарында мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, ардагерлер, жастар, еріктілер және ауыл тұрғындары белсенділік танытты.

Сенбілік барысында аудан аумағында орналасқан бірқатар маңызды нысандар мен инфрақұрылымдар күл-қоқыстан тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, М-32 республикалық маңызы бар автомобиль жолының бойы, сондай-ақ К-16 және ішкі каналдарының айналасы арам шөптер мен қатты тұрмыстық қалдықтардан толықтай тазартылды. Тазалық жұмыстарына 15 дана арнайы техника жұмылдырылып, нәтижесінде 50 тоннадан астам күл-қоқыс сыртқа шығарылды.

Бұл жолғы сенбілік тек тазалық шараларымен шектелмей, көгалдандыру және ағаш отырғызу жұмыстарымен де ерекшеленді. Биылғы көктем-күз маусымындағы ағаш егу жұмыстары жылдағыдан ерте басталды. Осыған орай, аудан орталығы Темірлан елді мекенінде орналасқан “Шәмші Қалдаяқов” атындағы аллеясында салтанатты түрде ағаш отырғызу рәсімі ұйымдастырылып, 50 түп арша (можжевельник, сосна), көшеттері егілді. Бұдан бөлек, 10 ауыл округі аумағында 890 түп қара ағаш көшеттері отырғызылды және өзге де жасыл желек түрлерін отырғызуға арналған 14 мың көшет орны алдын ала дайындалды. Жалпы алғанда, аудан бойынша күз мезгілінің соңына дейін 21 150 дана ағаш көшетін отырғызу жоспарланып отыр.

Бұл жоспар – аймақтың экологиялық жағдайын жақсартуға, ауаны тазартып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Сенбілікке қатысушылардың айтуынша, мұндай шаралар қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастырып, тұрғындарды табиғатқа жанашырлықпен қарауға үндейді.  Сенбілікке қатысқан мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлері, жастар мен еріктілер мұндай бастамалардың алдағы уақытта да жалғасын табуын қолдайтындарын жеткізді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 15 рет