Аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы өз сөзінде аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан жобалар мен тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған бастамаларға тоқталды. Әсіресе елді мекендерді ауыз сумен қамту, жолдарды жөндеу, көше жарығын орнату және абаттандыру жұмыстары жөнінде кеңінен айтып өтті. Биыл Қаратау ауылында тұрғындарды тәулік бойы сапалы ауыз сумен қамтуға бағытталған жоба жүзеге асуда. «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ-ның еншілес мекемесі – «Волковгеология» АҚ демеушілігімен ұңғыма құдықтар қазылуда.
Сонымен қатар «Ауыл құтқарушысы» жобасы аясында өрт сөндіру бекетінің құрылысы аяқталып, жақын күндері пайдалануға берілмек. Мал тоғыту орнының құрылысы да жалғасуда. Жыл соңына дейін ауылдық округке қарасты елді мекендердің ішкі көшелері 100 пайыз жарықтандырылмақ.
Ақсүмбе мен Сарыжаз ауылдарында балалар ойыны және кіші футбол алаңдары пайдалануға берілді. Қаратау ауылдық мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ жыл соңына дейін Жиенбет батыр көшесіне заманауи LED экран орнату жоспарлануда. Кездесу барысында тұрғындар өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, сауалдарын жолдады. Аудан басшысы көтерілген мәселелердің әрқайсысына жекелей тоқталып, шешілуі бойынша нақты тапсырмалар берді.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат