Бейсенбі, 23 Қазан 2025 10:33

Созақ ауданы: Таукентте инфрақұрылымды дамыту жолға қойылып, әлеуметтік жобалар іске асырылуда

Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков Таукент кентінің тұрғындарымен кездесу өткізіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктер мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.

Кездесуде кент әкімі Елдос Дәулетбаев Таукент кентінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп беріп, жүзеге асып жатқан жобаларға тоқталды. Тұрғындар өз тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар үшін алғыстарын білдіріп, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.

Биылғы жылы Таукент кентінде 4 көшеге — Тәуелсіздік (920 м), Көкбұлақ (500 м), Мәңгілік ел (500 м) және Болашақ (500 м), жалпы ұзындығы 2420 метр болатын асфальт жабындысы төселіп, ел игілігіне берілді. Сонымен қатар көпқабатты 15 тұрғын үйдің аулаларына абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, бордюрлар ауыстырылып, асфальт төселді. Көкжиек, Жыныс ата және І.Кеңесбаев көшелеріндегі тұйық көшелерге жалпы ұзындығы 3815 метр қиыршық тас төселді.

Кенттегі І.Кеңесбаев, Ш.Бекжанов көшелерінің тұйық учаскелеріне, сондай-ақ Көкбұлақ көшесіне, Бесбұлақ саяжайы мен І.Кеңесбаев мектебіне дейін көше жарықтары орнатылды. №132 көпқабатты тұрғын үйден бастап Таукент кенті мәдениет үйіне дейінгі аралықта жаңа аяқжол салынды. Сонымен бірге «Оңтүстік жарық транзит» ЖШС инвестбағдарламасы аясында Х.Тоқмұхамедов және С.Тойшыұлы көшелеріндегі ескі бағаналар мен сымдар ауыстырылып, «Тастақ» трансформаторы жаңартылуда. Бұл жұмыстар аяқталған соң тұрғындарға сапалы электр қуаты жеткізіледі. Компания 2026 жылы Бесбұлақ саяжайындағы 115 электр бағанасын жаңартып, трансформатор желілерін жаңалау жұмыстарын да жүргізбек.

Тұрғындарды сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында І.Кеңесбаев және Жыныс ата көшелерінде жаңа электр бағаналары мен сип-кабель сымдары орнатылып, заманауи трансформаторлар қойылды. Қазіргі таңда 10 кв – 11 дана және 0,4 кв – 129 дана бағана орнатылды. Сонымен қатар І.Кеңесбаев көшесіндегі электр тарату бекетіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Демеушілер есебінен Көкжиек көшесіндегі ұзындығы 3000 метр электр сымдары сип кабельге ауыстырылып, жаңа бағаналар орнатылуда.

Таукент кентіндегі Тәуелсіздік және Жыныс ата көшелеріндегі тозығы жеткен футбол мен балалар ойын алаңшаларына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, балаларға қолайлы жағдай жасалды. Көпқабатты 15 үйдің аулаларындағы ойын алаңдары қоршалып, №132 және №50 үйлер маңындағы футбол алаңдары жөнделді. Ал Алмалы көшесінде жаңа балалар ойын алаңы салынып, пайдалануға берілді.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында №132 үй маңындағы аялдамаға мультимедиялық арка, бағдаршам, LED-экран және жарық шамдары орнатылды. Сондай-ақ кенттің кіреберісіне орнатылған LED-экран арқылы мемлекеттік бағдарламалар мен маңызды хабарламалар көрсетіліп келеді. Орталық маңызы бар Астана көшесінде жолдың ортасына сәндік қоршау орнатылды. Бойына қарағаш, павлония және шырша ағаштары отырғызылды. Суару жүйесі де іске қосылды.

Жылыту маусымына дайындық барысында жылу жүйесі жөндеуден өтті. Қазандыққа жаңа бойлер орнатылып, іске қосылды. Кент аумағында жалпы ұзындығы 1340 метр жылу құбыры ауыстырылды. Көпқабатты тұрғын үйлердің ішкі жылу жүйелері шаю және сығымдау жұмыстарынан өтті. Қазіргі таңда Таукент кентіндегі барлық қазандықтар толық дайындыққа келтіріліп, жылу беру жүйесі тұрақты жүргізілуде.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

 

Оқылды 100 рет