Аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы кездесуде тұрғындармен ашық пікір алмасып, аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан жобалар мен жоспарлар жөнінде хабарлады. Әрбір бастаманы халықтың пікірін ескере отырып іске асырылатынын атап өтті. Тұрғындар ауылдың көркеюі жолында жасалып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын білдіріп, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев, мәслихат депутаттары, бөлім және мекеме басшылары қатысты. Жиын соңында бірқатар тұрғындар жеке мәселелері бойынша қабылдауда болды.
Биыл Құмкент ауылдық округінде 20-ға жуық әлеуметтік және инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Құмкент ауылында Абай және Есіркепұлы көшелері, сондай-ақ Қызылқанат және Жамбыл көшелері асфальтталып, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.Қызылкөл елді мекенінде Уалиханов және Ш.Беркінбаев көшелері асфальтталды.
Сонымен қатар, Құмкент ауылында жабық шағын футбол алаңының құрылысы жалғасуда, нысан жақын күндері пайдалануға беріледі. Ауыл қарияларына арналған «Белсенді ұзақ өмір және Тең қоғам» орталығы ашылмақ. Орталыққа арналғар нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Құмкент және Қызылкөл елді мекендерін жарықтандыру жұмыстары толық аяқталды.
Биыл ауылдағы Берденұлы, Жылыбұлақ және Тасарық көшелерінде, сондай-ақ Қызылқанат пен Қызылкөл елді мекендерінде бірнеше жаңа балалар ойын алаңдары салынды. Құмкент ауылындағы Жастар саябағы жаңартылып, 600 шаршы метр аумаққа тротуарлық брусчатка төселді. Сонымен қатар ауыл көркін арттыру мақсатында «Ұлы Жібек жолы керуені» ескерткіші орнатылып, Воркаут (Workout) алаңдары мен шағын сәулеттік пішіндерге арналған жабдықтар қойылды. Жыл соңына дейін Құмкент және Қызылкөл елді мекендерінен тағы екі жаңа балалар ойын алаңының құрылысы аяқталады деп жоспарлануда.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат