Жартытөбе ауылдық округінде биыл 25 әлеуметтік және инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып, елді мекеннің келбеті айтарлықтай жақсарды. Жол жөндеу және көлік инфрақұрылымы бағытында бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылды. Бабата елді мекенінің атауы жоқ №1 көшесіне және Аққолтық елді мекеніндегі №6 көше мен Жартытөбе ауылындағы атауы жоқ №1 көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аудандық маңызы бар КХ-2 “Ұланбел-Созақ-Екпінді” бағытындағы облыстық маңызы бар тас жолынан Аққолтық елді мекеніне дейінгі 3 шақырымдық жолдың орташа жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Абаттандыру және әлеуметтік нысандарды жақсарту бағытында да нақты істер қолға алынды. Жартытөбе ауылдық округі әкімдігі ғимараты мен ауылдық клубқа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бабата елді мекеніндегі саябақ көркейтіліп, көгалдандыру жұмыстары атқарылды. Бабата ауылынан жаңа балалар ойын алаңы салынды. Жартытөбе ауылындағы «Астана» саябағына сахна орнатылып, аумақ абаттандырылуда. Ауылдың кіреберісіндегі аркаға ағымдағы жөндеу жасалды. Сонымен қатар Ардагерлер паркі мен Жастар саябағы толық абаттандырылып, тұрғындардың демалысына қолайлы жағдай жасалды.
Спорттық инфрақұрылым бойынша ауыл жастары үшін бірнеше жаңа нысан пайдалануға берілді. Жартытөбе ауылында жабық шағын футбол алаңының құрылысы қарқынды жүріп, аяқталуға жақын. Бабата және Жартытөбе ауылдарында кіші футбол және балалар ойын алаңшалары орнатылды. Аққолтық елді мекеніндегі Әлібиев көшесінде кіші футбол және балалар алаңы салынды. Көше жарығы мен қауіпсіздік шаралары да назардан тыс қалған жоқ. Аққолтық, Жартытөбе ауылдарындағы Арқабаев, С.Сейфуллин, Иманқұлұлы және бірқатар көшелерге көше жарығы орнатылды. Жалпы ұзындығы 4,3 шақырымнан астам жарық шамдары іске қосылды. Сонымен қатар ауылдық округке бейнебақылау камералары орнатылып, қоғамдық қауіпсіздік деңгейі артты.
Кездесуде аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы ауыл халқына елді мекендерді өркендетуге бағытталған жұмыстар алдағы уақытта жалғасатынын айтып өтті. — «Бүгінгі таңда Жартытөбе ауылдық округінде 25 жоба сәтті жүзеге асты. Бұл мемлекеттік қолдау мен тұрғындардың ынтымағының арқасы. Әр жоба ауылдың болашағына салынған берік іргетас. Алдағы уақытта да елді мекендерді дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасады. Басты мақсат тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту және ауылдың әлеуетін арттыру», — деді.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары елді мекенде атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын білдіріп, жеке мәселелері бойынша да жүгінді. Ауыл ақсақалдары ел игілігіне еңбек етіп жүрген азаматтарға баталарын беріп, игі тілектерін жеткізді. Аудан басшысы тұрғындар көтерген барлық мәселелердің бақылауға алынатынын атап өтті. Бұл жөнінде жауапты бөлімдерге нақты тапсырмалар берді.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат