Қаланың тынысын сезіндіру. Әр турист жаңа орынға келгенде сол қаланың рухын сезінгісі келеді. Ал оны сезіндіру – «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталық секілді туристік мекемелердің міндеті.
-- Мен бұл орталық ашылған сәтте бір жыл бойы басшының орынбасары болып жұмыс істедім. Қызметіміз тоқтап қалған кезең де болды. Бірақ бәрі қайта жанданды. Осы жолда талай әріптестермен бірге ақылдасып, тәжірибе жинап, қажетті жобаларды енгіздік. Қазір орталықтың тынысы кеңейді, жұмыс көлемі артты.
Біздің командамыз туристке сапалы қызмет көрсетіп қана қоймайды, қаланың ішкі мәдени өмірін де қамтуға тырысады. Себебі, туризм – сырттан келген адаммен ғана өлшенбейді. Ішкі туризмді де көтеру – маңызды. Жастар қаланың тарихын, мұрасын білуі керек. Бұл бағытта да жобаларымыз бар, -- дейді «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталық басшысы Ерлан Омаров.
Жалпы қалаға келген шетелдік делегацияларға не ұсынуға болады? Қай нысанды көрсету керек? Олардың уақыты аз болса ше? Мұның бәріне нақты жоспар жасалынады. Гидтер – бірнеше тілді меңгерген кәсіби мамандар. Олар тарихты тек айтып бермейді, оны сезіндіреді.
-- Біз әрбір турист Шымкентті ұмытылмастай есте сақтап кетуі үшін жұмыс істейміз. Бұл үшін тек сапалы қызмет жеткіліксіз. Қаланың келбеті, инфрақұрылымы, тазалығы, жылулығы – бәрі-бәрі әсер етеді. Сондықтан біз қала әкімдігімен, кәсіпкерлермен, мәдени ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеуге тырысамыз. Биыл жоспарланған жобалардың көпшілігі орындалды. Бірақ бұл тоқтайтын уақыт емес. Туризм – үнемі жаңашылдықты қажет ететін сала. Ізденіс пен ынта болса, нәтиже де болады, -- дейді Ерлан Омаров.