Дүйсенбі, 04 Тамыз 2025 19:12

Созақ ауданының әкімі Жартытөбе ауылдық округінде іске асырылып жатқан жұмыстармен танысты

Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Жартытөбе ауылдық округінде жүзеге асырылып жатқан жобалардың жұмыс барысын бақылауына алды. Сапар барысында серуендеуге арналған «Арбат» демалыс аумағығының құрылысымен танысты. Жаңадан салынып жатқан аумақтың әсемдігі мен көркем келбетіне ерекше мән беруді тапсырды.

Қазіргі уақытта «Арбат» аумағында келушілерге арналған орындықтар орнатылып, жарық шамдар мен плиталар төселуде. Жоба аясында су бұрқақтары, ашық аспан астына арналған үстел теннисі, шахматқа арналған тастар қойылып, түнгі мезгілде әсем шамдармен безендірілетін болады.

Сонымен қатар, аудан басшысы Жартытөбе ауылдық округі әкімдігі ғимаратының жөндеу жұмыстарын және Аққолтық ауылында салынып жатқан фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысын қарап шықты. Тұрғындармен тілдесіп, ауылдарды дамыту бағытында алдағы жоспарларымен бөлісті. Жауаптыларға ауылдарды кешенді дамыту мен инфрақұрылымдық жобалардың сапалы әрі уақытылы аяқталуына ерекше назар аударуды тапсырды.

Сондай-ақ, Жартытөбе ауылдық округінде балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне және спортпен айналысуына мүмкіндік беретін үш жаңа нысан ашылды. Бабата елді мекенінде кіші футбол алаңы мен балалар ойын алаңшасы пайдалануға берілсе, Жартытөбе ауылында да кіші футбол алаңы ел игілігіне ұсынылды. Ашылу рәсіміне арнайы қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жергілікті тұрғындарды жаңа нысандардың ашылуымен құттықтап, ауыл жастары үшін жасалып жатқан игі істердің маңыздылығын атап өтті.

– «Бұл нысандар – ауыл жастары үшін үлкен мүмкіндік. Балалардың спортпен шұғылданып, бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасайды. Мұндай спорттық және ойын алаңшалары барлық ауылдарда салынып жатыр. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады», – деген аудан басшысы округтегі басқа да ауқымды жұмыстардың барысымен бөлісіп, демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жобалар жөнінде де айтып өтті.

Іс-шара барысында бүлдіршіндерге балмұздақтар үлестірілді. Жаңа ашылған алаңдарда алғашқы ойындар өтіп, балалардың қуанышы еселене түсті. Ауыл ақсақалдары мен тұрғындар атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты. Жаңа нысандардың ауыл өмірін жандандырып, балалар мен жастардың уақытын пайдалы өткізуіне мүмкіндік беретінін атап өтті. Осы ретте айта кететін жайт, округке қарасты Аққолтық елді мекеніндегі кіші футбол алаңының құрылысы да аяқталуға жақын. Жақын күндері ол да тұрғындардың пайдалануына беріледі.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 92 рет