Жұма, 23 Мамыр 2025 18:37

Әлемдегі жұмыс орындарының шамамен 25 пайызы ЖИ ықпалына ұшырауы мүмкін

—  Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) мен Польшаның Ұлттық зерттеу институтының (NASK) жаңа бірлескен зерттеуіне сәйкес, жасанды интеллектіні қолданудың ең ықтимал нәтижесі — адамды толықтай компьютермен алмастыру емес, жұмыс сипатының өзгеруі болады, деп хабарлайды БҰҰ жаңалықтары. 

— Біз теория шеңберінен шығып, нақты жұмыс орындары туралы деректерге негізделген құрал жасадық. Адам тәжірибесін, сараптамалық талдауды және генеративті жасанды интеллект модельдерін біріктіре отырып, біз елдерге тәуекелдерді бағалап, болып жатқан өзгерістерге тиімді әрекет етуге көмектесетін әдісті жасадық, — деді Халықаралық еңбек ұйымының аға ғылыми қызметкері және зерттеудің жетекші авторы Павел Гмырек.

Есепке сәйкес, мамандықтарды генеративті жасанды интеллектінің ықпал ету деңгейіне қарай топтастыруға болады. Жасанды интеллект еңбек нарығында әйелдер мен ерлерге әртүрлі әсер етуі мүмкін 

Әлемдегі жұмыс орындарының шамамен 25 пайызы ЖИ ықпалына ұшырауы мүмкін, ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 34 пайызға жетеді. Сонымен қатар, әйелдердің жұмысына ЖИ әсер ету ықтималдығы әлдеқайда жоғары. Есепте айтылғандай, дамыған елдерде автоматтандыру қаупі ең жоғары жұмыс орындары әйелдердің жұмыспен қамтылуының 9,6 пайызын құрайды, ал ерлер арасында бұл көрсеткіш небәрі 3,5 пайыз.

Қай мамандықтарға ең көп қауіп төнеді?

Есепке сәйкес, кеңсе жұмыстары жасанды интеллектінің ең көп ықпалына ұшырайды, өйткені генеративті ЖИ көптеген тапсырманы автоматтандыра алады. Дегенмен, ЖИ-дің кеңейіп келе жатқан мүмкіндіктері БАҚ, бағдарламалық қамтамасыз ету және қаржы саласындағы бірқатар танымдық мамандықтарға да әсер етеді.

Сонымен қатар, сарапшылар көптеген тапсырмаға әлі де адам қатысуы қажет екенін айтып, толығымен автоматтандырылатын мамандықтар саны шектеулі екенін атап өтті.

Инклюзивті стратегиялар құруға шақыру

Сарапшылар үкіметтерді, кәсіподақтарды және басқа ұйымдарды әлеуметтік диалогқа қатысуға және өнімділікті арттыратын, жұмыс сапасын жақсартатын әрі жұмыс орындарын сақтап қалуға мүмкіндік беретін инклюзивті стратегиялар әзірлеуге шақырады.

— Жасанды интеллект төңірегіндегі у-шудың арасында адасып кету оңай. Бізге нақтылық пен контекст қажет, — деді Халықаралық еңбек ұйымының аға экономисі Жанин Берг. Ол ұйым елдерге еңбек нарығын әділетті цифрлық болашаққа дайындауға қолдау көрсететінін атап өтті.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 16 рет