Биылғы ҰБТ Шымкент қаласындағы 4 аумақтық тестілеу орталығында ұйымдастырылады:
1. Ж.А. Ташенев атындағы университет – Д. Қонаев даңғылы, 21;
2. Жоғары педагогикалық колледж – 8 наурыз көшесі, 22;
3. Ө. Жәнібеков атындағы университет – Байтұрсынов көшесі, 68;
4. Шымкент университеті – Қаратау ауданы, 225 квартал, 426-ғимарат.
Барлық тестілеу орталықтары заманауи техникалық құралдармен толық жабдықталған. Сонымен қатар, тестілеу өтетін кезеңде қауіпсіздік пен қолайлы жағдайды қамтамасыз ету мақсатында орталықтарда жедел жәрдем, өрт сөндіру, энергетика және медицина қызметкерлері кезекшілік етеді.
Оқушылардың тест тапсыру кезінде психологиялық жай-күйін қолдау үшін арнайы бекітілген кесте бойынша күн сайын кәсіби психологтар жұмыс істейді. Ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушылар үшін өтініштері негізінде жеке көмекшілер бөлінеді. Бұл талапкерлерге барынша тең мүмкіндік жасауға бағытталған.
Мектеп тарапынан да үлкен қолдау көрсетілуде. Пән мұғалімдері оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық және таңдау пәндері бойынша қосымша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, оқушыларды тестілеуге психологиялық тұрғыдан дайындау, эмоцияны басқару, зейінді шоғырландыру дағдыларын дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Шымкент қаласы әкімдігі мен Білім басқармасы тарапынан ҰБТ-ның әділ, ашық және қауіпсіз өтуі үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Талапкерлерге сәттілік тілейміз!
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат