Шымкенттік кәсіпкерлер әкімшілік құқық бұзушылықты сөз етті

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасы жанындағы салалық денсаулық сақтау кеңесінің отырысы өтті.

Кеңес аясында әкімшілік құқық бұзушылықты алдын алу мақсатында жекеменшік дәріханалармен және мемлекеттік емханаларда жұмыс істейтін провизорларға GPP сәйкестік талабын енгізу және трамадол препаратын дәріханаларда сату бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Естеріңізге сала кетейік, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі № 360-VI ҚРЗ кодексіне сәйкес, дәріхана ұйымдары үшін GPP стандартына сәйкестік талабы 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап міндетті болып табылады. Қазіргі таңда Шымкент қаласында 817 мекеме Фармацевтикалық қызметті лицензиялау ережесіне сәйкес лицензияланған. Бірақ, осы мекемелердің 14,3% ғана, яғни 116 мекеме GPP стандартына сәйкестік талабын енгізген. Аталмыш GPP стандартын сәйкестік талабын енгізбеген жағдайда Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 426-бабының 1 тармағына сәйкес бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Үкіметі трамадолды есірткі заттарының тізіміне енгізуіне байланысты бұл препаратты арнайы рұқсаты бар дәріханалар ғана сата алатыны және рұқсатсыз сатқа дәріханаларға сату ережелерін бұзғаны үшін 80-ден 160 АЕК-ке дейінгі әкімшілік айыппұл салынады немесе қылмыстың ауырлығына байланысты 3 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылу қауіпі бар.

 

 

Шымкент: «Заңды білу – заман талабы» тақырыбында құқықтық кездесу өтті

 

Шымкент қаласы «Политехникалық колледжінде» оқу орнының студенттеріне арнап, «Заңды білу – заман талабы» тақырыбында құқықтық кездесу өтті.

Оған Шымкент қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі бөлімі Ювеналдық полиция бөлімшесінің, Қаратау ауданының Полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі бөлімі Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің қызметкерлері мен «Сана Сезім» қоғамдық бірлестігінің мамандары қатысты.

Шарада қоғам арасындағы ең өзекті мәселелер – отбасындағы зорлық-зомбылық, кәмелетке толмағандарды қорғау, есірткі қылмысы мен адам саудасына қарсы іс-қимыл, жасөспірімдер мен жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу барысы талқыланды.

Мамандар өздерінің білімдері мен тәжірибелерімен бөлісіп, өз жұмыстары туралы, өздерін және жақындарын қорғау үшін заңды білу қаншалықты маңызды екендігін айтты.

Сонымен қатар, кездесу барысында мамандар жастарға зиянды заттардың қауіптілігі, жаңа психоактивті заттардың таралуы жөнінде толыққанды мәліметтер беріп, одан аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын атап көрсетті.

Колледж әкімшілігі өсіп келе жатқан ұрпақты ойлы да іскер, өзіне-өзі сенімді, интеллектуалдық деңгейі биік азамат етіп тәрбиелеуде қосқан үлестері үшін шақырылған қызметкерлерді алғыс хаттармен марапаттады.

Шымкент: Тұран ауданы Полиция басқармасының жеке құрамымен кездесу өтті

Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Қ.Дәлбеков Тұран ауданы Полиция басқармасының басшылығы және жеке құрамымен кездесу өткізді.

Кезекті жиында полиция генерал-майоры Integrity check, яғни полиция қызметкерлері арасында жүргізіліп жатқан парасаттылықты тексеру туралы баяндады.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын бекіткен болатын. Оны іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында 2023 жылы құқық қорғау және сот органдарында парасаттылықты тексеру, яғни Integrity check енгізу тетігін әзірлеу көзделген. 11 қаңтарда ІІМ алқасында ішкі істер министрі Марат Ахметжанов ішкі істер органдарының қызметкерлерін парасаттылыққа тексерудің пилоттық жобасының іске қосылғанын хабарлады.

Жоба аясында, ең алдымен, күн сайын халықпен тығыз байланыста жүретін бөлім қызметкерлері, яғни патрульдік, ювеналды, көші-қон полициясы және учаскелік полиция инспекторлары сияқты қызметкерлер тексеріледі. Ең әуелі, қайырымдылықты, азаматтармен қарым-қатынастың әдептілігін және қызметкерлердің олардың өтініштеріне жедел жауап беруін тексеруге баса назар аударылады. Бұдан басқа, қызметкердің сыртқы түрі, материалдық-техникалық жарақтандыру, қызметтік планшеттерді, бейнетіркегіштерді, жетондарды, автокөліктерді және т.б. дұрыс пайдалану бағаланады.

Сонымен қатар, Қайрат Сұлтанбайұлы полицейлердің сервистік модель қағидатына сәйкес келу қажеттігін ерекше атап өтіп, дөрекілік пен заңсыз әрекеттерге жол бермеу туралы ескертті.

Шымкентте 200-ге жуық азамат генералдың жеке қабылдауына қатысты

 

Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз орталығы осылай деп хабарлама таратты.

Шымкент қаласы Полиция департаментінде әр аптаның сәрсенбісінде күндізгі сағат 15:00-18:00 аралығында полиция генерал майоры Қайрат Дәлбековтің қатысуымен азаматтарды жеке қабылдау өтеді. Халықпен кездесуге полиция департаментінің бастығынан бөлек, барлық басшылық құрам қызметкерлері қатысып, әр арыз-шағым бойынша сауалдарға жауап береді.

Мәселен, жыл басынан бері генерал Қайрат Сұлтанбайұлының жеке қабылдауына 195 адам қатысқан. Ал, кеше 20 адаммен жүздесіп, оларды мазалаған мәселелерге назар аударды. Тұрғындардың басым көпшілігі, алаяқтыққа және қылмыстық істерді тергеу мәселесіне қатысты арыз-шағымдары мен пікірлерін жеткізді. Сәйкесінше, департамент бастығы Қ.Дәлбеков аталған саланың жауапты мамандарына қатаң тапсырма беріп, әр істі жеке бақылауында ұстайтынын ескертті.

Бұдан бөлек, жиналғандар арасында полиция қызметкерлеріне деген алғысы бар азаматтар да кездесті. Оның ішінде, зейнеткер қарт кісі полицейлердің құқықтық көмек көрсетіп, жол сілтегені үшін және үлкенге деген зор құрметі мен кішіпейілдігі үшін алғыс білдірді.

Айта кетейік, егер сіздің де шешілмеген мәселеңіз, тыңдалмаған уәжіңіз болса « 97-66-39 » байланыс нөміріне хабарласып, Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбековтің жеке қабылдауына жазыла аласыздар.

 

Шымкент: Су жылыту газ құбырының қазандықтарын ұрлаған азамат ұсталды

 

Әл-Фараби АПБ-ның «102» арнасына Шымкент қаласының тұрғыны арызданды. Ол онда, өзі газ жүргізетін мекеме қызметкері болып жұмыс жасайтынын, кезекті жұмыс күнінде Шымкент қаласындағы тұрғындар жайғасқан жатақханаларының бірінде су жылыту газ құбырын жөндеуге барғанын жазған. Сондай-ақ, жөндеуді аяқтаған соң, оны тексеру үшін техникаларды тоққа қосып кетіп, ажырату үшін араға уақыт салып аталған мекен жайға қайта келген кезде ұрлық жайты орын алғанын көрсеткен. Яғни, бөгде азамат сондағы сыртқы қоршауды бұзып кіріп, жалпы құны 500000 (бес жүз мың) теңгені құрайтын 2 (екі) дана су жылыту құбырының қазандықтарын жасырын түрде ұрлап кеткенін жазып көрсеткен.

Аталған жайт ҚК-тің 188-бабының3-бөлігімен(Ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

Полиция қызметкерлері қылмысты ашу үшін шұғыл түрде іздестіру жұмыстарына кірісті. Күдіктінің жеке басын анықтауға бағытталған барлық қажетті шараларды жүзеге асырды.

Нәтижесінде, күдіктіні қала аумағынан қолға түсірді. Ол Алматы қаласының 35 жастағы тұрғыны болып шықты. Жұмыссыз, бұрын-соңды сотты болмаған.Тергеу барысында ұсталған азамат өз кінәсін толықтай мойындап, газ құбырының қазандықтарын сатып, одан пайда көрмек болғанын жеткізді. Қазіргікезде күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Шымкент: Тәртіп сақшылары автокөліктің қосалқы бөлшектерін ұрлап кеткен азаматты ұстады

 

Үйінің ауласында тұрған «Ауди С4» маркалы автокөліктің бөлшек-аккумуляторынан айырылып қалды. Оқиға Шымкент қаласында орын алған.

2023 жылдың 14-наурызында, Еңбекші ауданы полиция басқармасына жергілікті жердің тұрғыны арызданған. Ол арызында, үйінің ауласында тұрған жеке өзіне тиесілі «Ауди С4» маркалы автокөліктің 30 мың теңге тұратын қуаттағышы (аккумулятор) мен 20 мың теңгелік 4 (төрт) дана радиаторын белгісіз тұлға жасырын түрде ұрлап кеткенін жазып көрсеткен. Келтірілген шығын көлемі – 50 000 (елу мың) теңге.

Аталған дерек ҚК-тің 188-бабының 3-бөлігімен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

Полиция қызметкерлері хабарды алған бойда, күдіктінің жеке басын анықтау мақсатында барлық қажетті шараларды қабылдап, жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Тұрғындардан сұрастырылып, жауаптар алынды. Нәтижесінде, тәртіп сақшылары күдікті азаматты тәулік ішінде қала аумағында қолға түсірді. Ол Атырау қаласының тұрғыны болып шықты. Жасы – 40-та, жұмыссыз. Бұрын-соңды сотты болмаған.

Тергеу барысында ұсталған азамат өз кінәсін толық мойындап, бұл заңсыз әрекетке қаржыдан қысылғандықтан барғанын жеткізді. Сондай-ақ, өзі қолды еткен аккумуляторды көлік бөлшектерін сататын дүңгіршектердің біріне апарып, сатып жібергені белгілі болды.

Тергеу әрекеттері жалғасуда.

 

Шымкентте бір жылда 300 мыңға жуық әкімшілік құқықбұзушылық анықталды

Елімізде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушыларды дер кезінде анықтау мақсатында «Қорғау-Қауіпті жүргізуші» бағдарламасы іске қосылып, өз нәтижесін беріп жатыр. Осы ретте Шымкент қаласының полицейлері жаңа бағдарлама арқылы құқық бұзушылықтарды анықтап, алдын алып келеді.

Мәселен, 2022 жылдың сәуір айынан 2023 жылдың 29-наурыз аралығында «Сергек Қорғау - қауіпті жүргізуші» бағдарламасының көмегімен миллионды қала - Шымкентте 298 922 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде, жалған мемлекеттік нөмір тағып жүрген – 99, автокөлік терезесін күңгірттеп алған – 7 537, тиісті рұқсатынсыз қайта жабдықталған көлік құралын басқарған – 2239 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылды. Қозғалыстың қарсы жолағына шыққан – 754, бағдаршамның тыйым салынған түсіне (сигналына) өтіп кеткен – 2060, жаяу жүргіншіге басымдық бермеген – 1508, мас халде көлік басқарған – 284, көлік құралын басқаруға құқығы жоқ 1379 жүргізуші белгілі болды. Сондай-ақ, басқару құқығынан айырылған – 77, өзге де құқық бұзушылықтар бойынша – 282 995 хаттама толтырылып, 7100 автокөлік айыптұраққа жеткізілді.

«Қорғау – қауіпті жүргізуші» бағдарламасының көмегімен жыл басынан 9840 жол қозғалысы ережесін бұзған 3052 жүргізуші ұсталды.

Айта кететін жайт, жол қозғалысы кезінде ережені ескермейтін жүргізушілер үлкен қауіп төндіреді.

Ойланбастан жасалған сәтсіз тәуекелдің соңы орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Осындай апаттың алдын алу барысында «Қорғау» қосымшасы тәртіп сақшыларының жұмысын жеделдетті. Яғни, автоматтандырылған жүйенің көмегімен қауіпті жүргізушіні тез арада анықтауға мүмкіндік туды.

Десек те, әр азамат жол ережесін мұқият сақтауы қажет. Жол қателіктерді кешірмейді!

 

Шымкент: Жыл басынан бері жол қозғалысы ережесін бұзған 350-ге жуық жаяу жүргіншіге айыппұл салынды

 

Бұл туралы Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі хабарлады. Хабарламада қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, жол қауіпсіздігін алдын алу және жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында Шымкент ҚПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері күнделікті (тәулік бойы) қызмет атқарып жатқаны жазылған. Азаматтардың арнайы жаяу жүргіншілер жолағынан емес, жолдың кез келген бөлігінен кесіп өтіп, апат тудыруға себепкер болуы мүмкін жайттар аз емес.

"Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері жыл басынан, яғни 2023 жылдың 1-қаңтарынан жаяу жүргіншілердің жол қозғалыс ережелерін бұзған 348 (үш жүз қырық сегіз) азаматты анықтап, тиісінше заңға сәйкес әкімшілік хаттама толтырды" делінген хабарламада.

Аталған жаяу жүргіншілер Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 615-бабымен (Жаяу жүргіншілердің және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы) жауапкершілікке тартылды.

Айта кетейік, заңнамаға сәйкес бұл құқықбұзушылық 2 АЕК (екі айлық есептік көрсеткіш) мөлшерінде айыппұл салынуға әкеп соғады.

Осы ретте, тәртіп сақшылары жаяу жүргіншілер мен көлік тізгіндеген жүргізушілерге жол үстінде өз өмірін қатерге тікпеуге және тиісті ережелер мен сақтық шараларын қатаң ұстануға кеңес береді.