Бейсенбі, 04 Мамыр 2023 23:25

Түркістан облысы ТЖД дауылға байланысты сақтық шараларын сақтауға шақырады

4 мамыр күні Түркістан облысы аумағында желдің жылдамдығы 26 м/с жетіп, Кентау қаласында Ш.Уалиханов көшесі, №69 ТОО Политехникалық колледжінің 700 ш.м шатыры ұшты (жалпы ш.м 1053 ш.м). Салдарынан көршілес тұрғын үйдің шатыры бүлініп, екі тұрғын үйдің қоршауы (шлакаблок) зақымданды.

04 мамыр сағат 11:00-де Кентау қаласы, Яссауи көшесі №100 мекенжайындағы «Қазақтелеком» ғимаратының шатыры толықтай (450 ш.м) желмен ұшқан.

Қатты желдің салдарынан облыс бойынша жалпы 10 мыңнан астам абонентте электр желісіне зақым келіп, жарық уақытша сөнді. Қайта қалпына келтіруге «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесінен 8 бригада, 15 техника, 26 қызметкер жұмылдырылды.

Облыстың Сайрам, Сауран, Бәйдібек, Отырар, Ордабасы, Төлеби, Түлкібас, Созақ аудандарымен Түркістан, Кентау, Арыс қалаларында желдің жылдамдығы 21-22 м/с, екпіні 23-28 м/с жетуде. Мамандар дауыл 6 мамырға дейін жалғасады деп болжауда.  Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары облыс тұрғындарына сақтық шараларын сақтауды сұрайды.

Иә, дүлей дауыл осылайша Түркістан облысындағы талай жерді талқандап кетті. Секундына 26-57 метр аралығындағы жылдамдықпен соққан жел жоғарыда айтқанымыздай, Кентау қаласындағы мемлекеттік мекемелер мен үйлердің шатырын ұшырған. Соның салдарынан мектеп шатыры бір мұғалімнің үстіне түсіп, миы шайқалған науқас ауруханаға жеткізілген.

Табиғаттың тосын мінезіне байланысты қаладағы білім ошақтары мен балабақшалар уақытша жұмысын тоқтатты. Қаланың көп бөлігінде электр желілері үзіліп, комуналдық мекемелер күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті. Кентауда таңғы сағат 6-да басталған желдің арты дүлей дауылға айналып, шағын шаһардың астаң-кестеңін шығарған.  Жергілікті поштаның шатыры ұшып,  қирандылары жан-жаққа түскен. Төбесі ойылған мекеме жұмысын тоқтатқан жоқ. Қауіпті болуы мүмкін деген жолдар жабылып, полицейлер көліктер мен жаяу жолаушыларды жүргізіп жатқан жоқ. Тұрғындардың өзі де көшеге шығуға қорқатынын айтады.

Кентау қаласының тұрғыны Тұрар Омаров: «Жанжағымызға қарап жүреміз. Дүкенге шығасың, базарға барып келу керек. Амал жоқ, шығасың, бірақ сақтық шараларын сақтап, көпқабатты үйлерден аулақ жүремін. Бала-шағам үйден шықпай отыр. Балаларым үйдің ауласында ойнайды. Сондықтан қорқамыз. Былтыр салынған политехникалық колледжің де төбе жабындысын жел ұшырып, маңындағы жоғарғы кернеулі электр желісін үзген. Соның салдарынан мың жарымға жуық отбасы жарықсыз қалды. Колледжің шатыры іргедегі жер үйлердің де үстіне түскен».

Несібелі Уанасова, Кентау қаласының тұрғыны: «Балаларым ұйықтап жатқан. Біреуіне тамақ беріп отырған кезде мына жақты біреуі құлады, біреуі шатырдың үстіне құлады. Арғы жақтан терезе сынды. Жүрегім ұшып кетті, шынымды айтсам, жаман болдым. Балашаға шошығаны соншалық, атып тұрып далаға қашты».

Ыбырай Алтынсарин атындағы бірінші мектептің шатыры екі жыл бұрын да күшті желден ұшқан. Сол кезде миллиондар жұмсалған жабынды бүгінгі дауылға тағы да шыдамады. Күшті желде мектептің жабыны түскі сағат 12-лер шамасында ұшып, ауланы басқан. Бұл кезде аулада болған бір мұғалім жарақат алып ауруханаға жеткізіліпті. Ал таңғы сағат он шамасында оқушылар үйіне жіберілген соң, олар дін аман. Қазір оқу тоқтатылды. Ал мектептің шатыры қашан бүтінделетіні белгісіз. Мектептер мен балабақша аптаның соңына дейін онлайн оқуға жіберілді. Қазір қаланың барлық комуналдық қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Бүгінгі желден есеңгірегендер ертеңгі дауылдың салдарымен күресуге дайындалуда.

Кентау қаласы ТЖ бөлімінің бастығы Серік Төлегенов: - 40 метр секундына барады деген мәлімет кеп жатыр. Ал енді интернетте қарасаң, көрсетіп жатыр, мен өзім де көрдім, 61-ге барады деп жатыр. Бүгін 57-ні көрсетті. Ертең бұдан күшті болады деп жатыр. Қазір Кентауда желден келген шығынды анықтайтын арнайы комиссия құрылды. Бірақ есептеу тек жел тоқтаған соң басталмақ. Ал әзірге ертеңгі күнге үреймен қарағандар бүгін қирағанды жинастырып жатыр.

Дауыл мен құйын кезінде қалай сақтану керек?

Дауыл, қатты жел мен құйын - жаз мезгілінде жиі болатын метеорологиялық құбылыстар. Мұндай күндері қауіп-қатерден аман қалу үшін не істеу керек? Төтенше жағдайлар қызметкерлерінің кеңесін назарларыңызға ұсынамыз.

Дауылды жел — жиі болатын табиғи апат. Әсіресе, тундрадағы, мұз бен теңіздегі, таудағы қара дауыл қауіпті болады. Кез келген қатты жел қыста боран туғызып, жазда құм мен шаңды ұшырады.

Егер желдің күшеюі кезінде топ болып ашық далада қалсаңыз, бірден пана табуға кірісу керек. Бұл — апатқа ұшырағандар үшін әрі негізгі жалғыз қауіпсіздік шарасы.

Шөлде не шөлейтте ық жерге жатқан дұрыс. Ол тас, қалың бұта немесе, тіпті, өлген жануардың денесі болуы мүмкін. Киімді қымтап, құм мен шаңнан қорғану үшін шүберекпен тыныс жолдарын жабыңыз. Қасыңызда ауызсуы бар құты болғаны абзал .

Тауда шың, асу, шұңғыма шатқалдар сияқты аэродинамика жағдайы нашар, әсіресе, жел бағытына параллель жерлерден алыс кеткен жөн.

Мұндай кезде ықтасын, қалың орман, шомбал тау жынысы сияқты қауіпсіз орындарды іздеу қажет. Сөйте отыра тас құлауы мүмкін және қар көшкіні қаупі бар жерлерден қашу керек.

Дауыл кезінде мықты бекітілген шатырдың өзінен гөрі жақсылап салынған панада тығыла тұрған анағұрлым ақауіпсіз.

Құйын да — өмірге аса қауіпті апаттардың бірі. Оның дәл ортасындағы жылдамдығы 100 м/с-ке дейін барады, көлденең жылдамдығы сағатына 30-40 шақырымға жетуі мүмкін. Ол кезде бұтақ, ұсақ тас пен өзге де табиғи және жасанды қалдық үлкен жылдамдықпен жоғары көтеріледі. Өзге дауыл мен боран түрлеріне қарағанда құйын ондаған метрден жүздеген метрге дейінгі жіңішке жолақпен қозғалады. Сондықтан одан қашып құтылуға мүмкіндік бар. Ол үшін құйынның бағытын анықтап, соған қарсы кету керек. Егер құйынның тап ортасына түсіп қалсаңыз, жерге бекітілген заттан жақсылап ұстап, бетіңізді, әсіресе, көзіңізді матамен жабыңыз, үстіңіздегі кең, желбіреген киімнен құтылуға асығыңыз.

Егер боран, дауыл не құйын кезінде үйде болсаңыз, метеорологтар мен жергілікті  азаматтық қорғаныс қызметінің кеңесіне құлақ асып, аулаңыздағы шаруашылық заттарын бекітіңіз. Әсіресе, бұл ұзын тақтай, шере, шифер, шатырға арналған қаңылтыр сияқты жеңіл, бірақ ауданы үлкен құрылыс материалдарына қатысты. Олар айналаға көптеген залал келтіруі мүмкін: электр желісін қиып, автокөліктің кузовын сындырып жібереді. Жел ұшыруы мүмкін осындай заттарды өзара байлап, ауыр затпен басып қою керек. Оны ағаштан салынған қора-қопсыға қою тиімсіз. Себебі мұндай қораның өзі желге шыдамауы мүмкін.

Ескі шаруашылық нысандарын шатырдан өткізіліп, екі ұшы жерге бекітілген сыммен қатайтып қою керек.

Шамамен желге қарсы беттегі терезені жақтаумен қорғаған абзал. Егер жақтау болмаса, тақтайды шегемен қағып қоюға болады. Керісінше, жел ұрмайтын жақтағы терезе мен есіктерді ашып, сол күйінде тіреп қою керек. Егер бұл әрекеттерді істемесе, үйдің іші мен сыртындағы атмосфералық қысымның түрлі болуынан ауа сиреп, есік пен терезелер ұшып кетеді.

Электр қуатын алдын ала өшіріп қою керек. Оның орнына майшам, батареялар мен «жарқанат» сияқты шамдарға арналған керосин қорын жинап қойыңыз. Сонымен қоса, керосин мен примус болғаны да жөн, себебі дауыл немесе құйын бірнеше сағатқа немесе күнге созылса, тамақ пісіріп ішуге болады.

Үйдің ішіне азық-түлік пен ауыз су қорын толтырып қою керек. Егер қыс мезгілі болса, отынды да жинап қойған дұрыс.

Дауыл, боран не құйын келе жатқаны туралы ақпарат түссе, сіз үйіңіздің беріктігіне күмәндансаңыз, жерасты бөлмеде немесе жерқоймада өмір сүретіндей жағдай (жерге төсейтін кілем, жылы киім, су, азық-түлік, жарық құрылғылары және күрек пен балта) жасап қою қажет.

Қар жоқ кезде дауыл тұрғанда ескі үйді тастап, аулада тез арада қазылған окоп-траншеяда болған дұрыс. Ол жел кезінде құлауы мүмкін бағана, қабырға сияқты нысандардан аулақ жерден қазылуы керек.

Қатты жел кезінде есік-терезе жанында тұруға болмайды, ал егер үйдің қабырғасында жарық пайда болса не үй шайқала бастаса, жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік шараларын жасау керек. Мысалы, есік ойығына немесе бұрышқа тұру.

Дауыл кезінде далалық алқапта болсаңыз, ағаштардан аулақ тұрып, шұңқыр немесе жыра тауып алып, сол жерге басыңызды қолмен жауып жатыңыз. Кең киімнің түймелерін түгел тағып, оны сыртынан дененің бірнеше жерінен орап тастаған жөн.

Мекемелерде дауылдан сақтану жолдары

- болу мүмкін табиғат апаты туралы барлық персоналдарды құлақтандыру;

- алыс жолдарға жалғыз автомашиналардың шығуына уақытша тыйым салу;

- өндірістерде барлық сыртқы құрылыстарды тоқтату, барлық жүк тиеу-жүк түсіру жұмысарын тоқтату;

- жарылыс немесе өртке әкеліп соғатын электр энергиясымен қамтамасыз ету көздерін, барлық агрегаттардың және механизмдердің сөндірілуін ұйымдастыру;

- өрт сөндіру құралдарын және электр энергиясымен қамтамасыз ету авариялық көздерін дайындау;

- ТЖ пайда болғанда және қауіп-қатері төнгенде (бөлімшелер) авариялық-құтқару құрамаларын дайындыққа келтіру;

- жұмысшы персоналдар арасында тәуліктік күзет ұйымдастыру (бақылау қызметі);

- ауыз судың, медициналық көмек құралдарының қорын құру;

- ғимараттардың есіктерін, шатырдағы үйлердің, үй төбесіндегі терезелердің ауа тазартқыш саңылауларын жабу;

- үлкен терезелер мен витриналарды тақтаймен, қалқандармен қоршау;

- шыныларды тілімделген қағаздармен немесе матамен желімдеу;

- ауылдық жерлерде фермалардағы малдарға жем, су қорын дайындау;

- қолданған шаралар туралы қалалық (аудандық) ТЖ комиссиясына белгіленген тәртіп бойынша баяндау;

- жоғалған адамдар мен ауылшаруашылық малдарын іздестіруді ұйымдастыру;

- зардап шеккендерге алғашқы медициналық жәрдем көрсету және емдеу мекемелеріне жеткізу жұмыстарын ұйымдастыру;

- қажет жағдайда қауіпті аймақтан адамдарды көшіру;

- барлық жұмыстарды тек топпен және бірнеше адамдар істейді;

- құтқару жұмыстарына жеке басшылық ету.

Дауыл жақындағанда не істеу керек?

Шаңды дауыл жақындағанда, терезе мен есіктерді мықтап жауып, бөлмеде болыңыз және малдарды қорада немесе оларға арналған орындарда ұстаған дұрыс. Сонымен қатар ғимарат ішінде болсаңыз – электр қуаты өшірілгеніне, газ желісінің шүмектері жабылғанына көз жеткізу керек.

Көшеде болсаңыз - қауіпті ғимараттардан, көпірлерден, электр желілерінен, ағаштардан аулақ болуыңыз керек. Өзіңізді паналаушы құралдардың (қораптар, фанер бөлшектері және т.б.) көмегімен ұшатын қоқыстардан қорғауға болады. Сонымен қатар ескірген ғимараттарға барып паналаудан сақтаныңыз, олар да қатты жел әсерін құлап кетуі мүмкін. Көлікте болсаңыз, онда көріну жоғалған жағдайда, жолдың шетіне шығу керек, қозғалтқышты өшіріп, жолаушылар салонының есіктері мен терезелерін мықтап жабыңыз. Қозғалтқыштың ауа сүзгісін матамен ораңыз. Егер сіз шаңды дауыл далада болсаңыз, киіміңізді мықтап қысып, көзіңізді шаң мен құмнан қорғайтын арнайы көзілдірікпен қорғаңыз. Егер олар жоқ болса, онда шаңның көзге түсу мүмкіндігін азайту үшін оларды қолдарыңызбен жабыңыз. Одан әрі ық орынды тауып яғни: бұталар, сексеуіл, тегіс емес рельефті пайдаланыңыз.

 

Шаңның тыныс алу жүйесіне түсуін шектеу үшін, дауыл кезінде бірнеше рет дәке, шүберек немесе қол орамалдан жасалған маска арқылы дем алған жөн. Мүмкін болса жеке қорғаныс респираторын қолданыңыз.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат»

Оқылды 450 рет