Мақтаарал ауданы бойынша білім беру ұйымдарында құқық бұзушылықтың және балалар мен жасөспірімдердің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін сақтау бағытында, Құқық қорғау органдарының өкілдері мен мүдделі мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, ата-аналар комитетінің төрағалары, әкелер кеңесі өкілдерінің қатысуымен түсіндірмелік топ құрылды. -Атакент кентіне қарасты білім беру мекемелерінің жоғары сынып оқушыларымен кездесу өткізілді. -Кездесу барысында түсіндірмелік топ, оқушылардың беймезгіл көшеде жүрмеулері, автокөліктер жүргізбеулеріне, сабақта ұялы телефон пайдаланбауына, сабақтан себепсіз қалуға байланысты түсіндірме жұмыстарын жүргізді. «Түнгі сағат оннан кейін жасы кәмелетке толмаған бала көшеде жүрмеуі тиіс. Олардың өміріне ата-анадан бөлек жауапты саналатын білім бөлімі, құқық қорғау органдарының қызметкерлері жыл бойына жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде түрлі шаралар ұйымдастырып, түсіндіру жұмысын жүргізіп келеді. Дегенмен түнгі уақытта көше кезгендер саны азаяр емес»,- деген мамандар статистикаға да тоқталды.
– Кәмелет жасына толмаған оқушылардың тәрбие жұмысын жақсартуда мектеп басшысымен бірлесіп, тоқсандық іс-шара жоспары түзіледі. Онда жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуда күн сайын рейд ұйымдастырылып, 8-11 сынып оқушылары арасында құқықтық дәрістер және жаман әдеттерден сақтандыру мақсатында дөңгелек үстелдер, сұхбаттарды жиі өткіземіз. Соның ішінде оқушылардың кешкі уақытта көшеде жүру ережелерін егжей-тегжей түсіндіреміз,-дейді инспекторлар.
Дей тұрғанмен, ата-аналардың өз ұл-қызының қауіпсіздігіне бей-жай қарап, алаңдаушылық танытпайтынын жеткізді.
– Баланың түнгі 23:00-ден кейін үй-жайдан тыс шығуы заңмен шектелгенін білсе де ата-анасы дүкенге жіберетін жағдайлар кездеседі. Не болмаса көшеде жалғыз жүреді, көпқабатты тұрғы үй ауласында отырады. Құқық бұзушылық пен қылмыстық оқиғалардың дені түнгі уақытта орын алатынын ескерсек, өрімдей жас балалардың түнделетіп жүруі кейде қайғылы оқиғаларға соқтыруы мүмкін. Сондықтан, бала өмірі үшін сақтық шарасын ең алдымен ата-аналар ұстанса, – дейді полиция инспекторы.
Тәртіп сақшысының айтуынша, кәмелет жасына толмағандарға көшеде тек ата-анасымен бірге жүруге ғана рұқсат берілген. Тіпті, бауыры не туысының өзіне (арнайы рұқсаты болмайынша) оларды ертіп жүруіне құқы жоқ. Маман түнгі «серуенге» жол бергендердің ата-анасы ҚР әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 442-бабының 2 бөлігі бойынша жауапқа тартылатынын атап өтті. Бұдан бөлек жасөспірімнің алькоголді ішімдік ішкені анықталса, наркологиялық орталыққа 4 айға есепке алынады.
Жоғары сынып оқушылары арасында Құқық пен жауапкершілік сұхбаты ұйымдастырылып, оқушылар белсенді қатысып, сұрақ-жауап алмасты. Мұндай кездесу жиындар алдағы уақытта жалғасын табады.