Жұма, 24 Сәуір 2026 19:30

Түркістан облысына өңірлерден шақырылғандар сарбаздар келді

Көктемгі әскерге шақыру науқаны аясында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 35748 әскери бөлімінің мотоатқыштар батальонына Алматы, Қызылорда және Маңғыстау облыстарынан жас толықтыру командалары келіп жетті. Бүгінгі таңда бөлім қатары шамамен 120 шақырылушымен толықты. Жақын арада олардың қатарына Жамбыл облысынан тағы 55 жас сарбаз қосылады деп күтілуде.

Әскери бөлімге келген сәттен бастап жас сарбаздар төрт аптаға созылатын бастапқы әскери даярлық курсынан өтуге кірісті. Осы уақыт ішінде олар бастапқы әскери дайындық бойынша білімдері мен дағдыларын жетілдіріп, жалпыәскери пәндердің негізгі бағыттарын меңгереді. Сарбаздармен саптық, дене, әскери-медициналық дайындық, жалпыәскери жарғылар және әскери қызмет қауіпсіздігінің негіздері бойынша сабақтар өткізіледі. Жас толықтыру командалары бөлімге тәуліктің әртүрлі уақытында келгеніне қарамастан, оларды әскери оркестрдің сүйемелдеуімен салтанатты түрде қарсы алады. Шақырылушыларға бөлімнің командалық құрамы таныстырылып, әскери бөлімнің тарихы туралы мәлімет беріледі.

Әрбір жас толықтыру командасын бригада командирінің орынбасары, подполковник Қуаныш Айдынғалиев қарсы алып, құттықтады. Сонымен қатар ол жас сарбаздармен өткізілетін оқу-жиындарды басқаруда. Өз сөзінде ол әскери бөлімнің қалыптасу тарихы туралы айтып, жас толықтыру ротасының әкімшілігін таныстырды. – Алдағы 12 айда бұл әскери бөлім сіздердің үйлеріңізге айналады. Мұнда сіздер атқыш, пулеметші, гранатометші сияқты әскери мамандықтарды меңгересіздер. Әрқайсыңыз Отан алдындағы борыштарыңызды абыроймен атқарасыздар деп сенемін. Сіздерге дейін қызмет еткен сарбаздар жоғары нәтижелер көрсетіп, марапаттарға ие болды. Солардан да жоғары нәтижеге жетуге тырысасыздар деп үміттенемін, – деді подполковник Қуаныш Айдынғалиев.

Алғашқы әскери қызмет күндері туралы Маңғыстау облысынан шақырылған сарбаз Әлібек Ұзақбаев өз ойымен бөлісті: – Алғашында аздап қобалжу болды. Бірақ келгенімізге бірнеше күн болғанына қарамастан, комадирледің қолдауымен, олар дұрыс бағдар беруінің арқасында тез үйреніп келеміз. Жалпы мұнда жағдай жақсы, барлығы ойластырылған. Менің ойымша, әрбір жас жігіт мерзімді әскери қызметтен өтуі тиіс.

Жас толықтыруды қабылдауға әскери бөлімде барлық қажетті жағдай жасалған. Тәжірибелі офицерлер мен сержанттардан құралған оқу-жиын әкімшілігі тағайындалып, олар сарбаздардың жаңа ортаға бейімделуіне және әскери істің қыр-сырын меңгеруіне көмектеседі. Алдын ала дайындық жұмыстары жүргізіліп, казармалық үй-жайларға косметикалық жөндеу жасалды, медициналық пункт қажетті құрал-жабдықтармен және дәрі-дәрмектермен толық қамтамасыз етілді. Бастапқы даярлық курсы полигонға шығумен және атыс қаруынан оқу жаттығу атыстарын орындаумен аяқталады.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 9 рет