Бейсенбі, 25 Желтоқсан 2025 14:15

Түркістан қаласы: кәсіпкерлік нысандардағы заңсыз жарнамаға қарсы және ретсіз сауданы болдырмау мақсатында іс-шаралар жүргізілуде

Түркістан қаласы әкімдігінің Сәулет және қала құрылысы бөлімі мен Бизнесті қолдау және туризм бөлімі бірлесіп, қала аумағында заңсыз орналастырылған жарнамаларды анықтау, ретсіз сауданы болдырмау және кәсіпкерлік нысандарының қасбеттерін талапқа сай келтіру мақсатында жоспарлы рейдтік іс-шаралар жүзгізілуде.

Аталған жұмыстарға Түркістан қаласы әкімдігі Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі де қатысып, тіл нормаларының сақталуына қатысты бақылауды күшейтуде. Рейд барысында сыртқы жарнамалардың орнатылу тәртібі, рұқсат құжаттарының болуы, маңдайша мәтіндерінің эстетикалық және тілдік талаптарға сәйкестігі, сондай-ақ сауда нүктелерінің тек арнайы белгіленген аумақтарда жұмыс істеуі қатаң назарға алынды. Аталған шаралар Түркістан қаласының дизайн-кодын іске асыру мақсатында жүргізілуде. 2025 жылы бекітілген дизайн-код қаладағы ғимарат қасбеттері, жарнамалық құрылымдар, шағын архитектуралық формалар, ақпараттық белгілер және абаттандыру элементтерінің ортақ стильде орындалуын көздейді.

Түркістан қаласы былтыр ерекше туристік мәртебеге ие болса, биыл Мемлекет басшысы «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Заңда еліміздің рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы және сәулет мұрасы ретіндегі Түркістан қаласының ерекше мәртебесі бекітілген. Осыған сәйкес, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бірегейлігін сақтап қалу үшін Түркістан қаласының аумағында тарихи нысандарға айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін жұмыстарды жүргізуге тыйым салынады. Сонымен қатар кесенені қорғау аймағында биіктігі 7 метрден асатын және оның шекарасынан 100 метр қашықтықта ауқымы, түсі мен құрылыс материалдары бойынша ескерткіштермен үйлеспейтін нысандар салуға рұқсат етілмейді.

Шаһар аумағында археологиялық ескерткіштердің резерваты құрылады. Қалада жайлы орта құру, соның ішінде мүгедектігі бар адамдарға инфрақұрылымдарды қолжетімді ету және инклюзивті туризмді дамыту маңызды бағытқа айналады. Бұл жергілікті тұрғындар мен туристер үшін қаланы қолайлы әрі тартымды етуге мүмкіндік береді. Қаланың дамуын тиімді басқару үшін Түркістанның әкімдігі мен мәслихаты қосымша өкілеттікке ие болады. Сол арқылы шешімдерді қабылдау үдерісі жеделдейді, тарихи-мәдени нысандарды сақтауға бақылау күшейеді және қаланың бірыңғай дизайн коды енгізіледі. Өз кезегінде мемлекеттік бақылау қолөнер шеберлерін қолдауға, көлік транзитін реттеуге және қаланың тарихи бірегейлігін сақтауға ықпал етеді.

Кәсіпкерлік демекші, Түркістан қаласында кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласы шаһардың облыс орталығы статусын алғалы бері қарқынды дамып келе жатқанын да айта кетейік.Кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіліп, көптеген бағдарламалар қолданысқа еніп, кәсіп иелерінің игілігіне жаратылуда. Мұның барлығы өнеркәсіп, шағын және орта бизнес, бөлшек сауда, ауыл шаруашылығы саласында көрініс табуда. Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты тиісті сала мамандарының айтуынша, өз кәсібін ашамын деушілерге бүгінде мол мүмкіндіктер берілген. Қазіргі таңда өнеркәсіпте, шағын және орта бизнес түрлерінде жетістіктерге жетіп жатқан азаматтар аз емес.

Айта кетелік, Түркістан қаласында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы қарқынды түрде жүргізілуде. Түркістан қаласы халықты жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, жүйелі жұмыстар нәтижесінде «Еңбек» бағыты бойынша 7 143 азамат жоспарланса, 6 501 азамат белсенді шараларға тартылды. Атап айтсақ, 3 679 азамат тұрақты бос жұмыс орындарымен қамтылса, 201 азамат уақытша ұйымдастырылатын әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды. Сондай-ақ, 535 жас түлек «Жастар практикасымен», 102 жас алғашқы жұмыс орындарымен, 175 азамат – «Күміс жас» жобасы аясында жұмыспен қамтылса, 1 242 тұрғын ақылы қоғамдық жұмыс орындарына жолданды.

Жергілікті инвесторлар тарапынан қала аумағында – жалпы құны 351 млрд. теңге болатын және 3 920 жоспарлы жаңа жұмыс орындарымен қамту мүмкіндігі бар 233 әр түрлі саладағы инвестициялық жобаның пуллы қалыптастырылып, іске асырылуда. Одан бөлек, Түркістан қаласына жаңа инвестициялық жобаларды тарту мақсатында жалпы құны 37,6 млрд. теңге болатын және 1 000-ға жуық жаңа жұмыс орындарын құратын шет елдік 26 ірі инвестициялық жобалармен келіссөздер жүргізілуде. Жыл басынан бері құны 6,6 млрд.теңге болатын және 160 жаңа жұмыс орнын құратын 5 ірі инвестициялық жоба іске асырылды. (Тұран Мебель БК ЖШС, Қазақстан Нұр 001 ЖШС, Гранд Строй Каз ЖШС, Мырза ШҚ, Арыстанбаева ЖК).

Түркістан қаласының экономикалық өсім драйвері инвестиция тартымдылығы - соңғы 4 жылда негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 1,3 трлн.теңгені құрап, оның ішінде 46 пайызы жеке инвестиция есебі көрсеткішіне жеткен. Бүгінде Түркістан қаласында жалпы аумағы 310 га құрайтын 2 өндірістік аймақ бар. Оның ішінде 1 арнайы экономикалық аймақ аумағы 180 га, бүгінгі таңға жалпы құны 126 млрд.теңгені құрайтын, 3050 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 15 жоба қарастырылып отыр. Сондай-ақ, жалпы аумағы 190 га құрайтын 1 индустриалды аймақ жұмыс істейді, бүгінгі күнде аймақта жалпы құны 10,5 млрд.теңгені құрайтын 21 жоба іске асырылған. Алдағы жылдары құны 15,8 млрд.теңге болатын және 525 адамды жаңа жұмыс орнымен қамту мүмкіндігі бар 19 жоба іске асыру жоспарлануда.

Түркістанда алдағы 6 жылда бірқатар жобалар іске асырылмақ. Жоспарлы кезеңде 541 млрд .теңгені құрайтын 7 мыңнан асатын жаңа жұмыс орнымен 192 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2,8 есе өсіп, 1,1 трлн. теңгеге, ал тартылатын инвестиция көлемі 3 есе өсіп, 1,2 трлн. теңгеге ұлғаяды. Жергілікті түсім 44,2 млрд. теңге немесе 2,2 есе өсіп, 81,2 млрд. теңгені құрайды деп жоспарлануда. Келетін сыртқы туристер саны 2 есе өсіп, 20 мың адамға артады.  Сонымен қатар жұмыссыздық деңгейін 4,7%-ға төмендетіп, 22 мыңға жуық жұмыс орындарын ашу көзделуде. Баспанамен қамту бойынша 2411 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Алдағы жылдары өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі арттыру мақсатында жалпы өнеркәсіп саласында құны 142 млрд. теңгені құрайтын, 3 575 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін, 34 жоба қарастырылуда. Арнайы экономикалық аймағының жалпы аумағы – 180 га. Онда жалпы құны 126 млрд. теңгені құрайтын және 3 050 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 15 жобаны іске асыру көзделуде.

Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесі берілуі, қала және қала маңы аймағы халқының өсуі, бірқатар ірі кәсіпорындар қызметінің қайта жандандыруы және жаңадан салынуы жүк-жолаушылар тасымалына қызмет көрсетуді жақсартып, Түркістан станциясының теміржол көлігін одан әрі дамыту қажеттігін туындатады. Бұл орайда бас жоспарда  экономиканың дамуы жүк тасымалдарын 2035 жылдың соңына дейін шамамен 3 есе ұлғайтуға алып келетіні, бұл жүк тиеу бойынша 800,0 мың тоннаға және түсіру бойынша 1 800,0 мың тоннаға жететінін айтылған. Түркістан қаласының бас жоспарында қаланың перспективалық шекарасынан тыс, Шойтөбе станциясында тағы бір теміржол жүк станциясы кешенін салу жоспарланған. Шойтөбе станциясы ауданында көлік-логистикалық орталық, сондай-ақ жалғау, көрме және қабылдау-жөнелту жолдары құрылысымен өнеркәсіптік аймақты орналастыру көзделген.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 41 рет