Жұма, 26 Желтоқсан 2025 20:37

Түркістан қаласы: қоғамдық тәртіп пен «Шарапсыз қала» бастамасын жүзеге асыру бойынша кешенді шаралар күшейтілуде

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен мәжілісте «Шарапсыз қала – киелі Түркістан!» бастамасы аясында қала аумағындағы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заңсыз алкоголь айналымының алдын алу және криминогендік ахуалды төмендету мәселелері қаралды.

Мәжіліс барысында қала аумағындағы ойын-сауық орындарында орын алған қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар жайлы кеңейтілген баяндама тыңдалды. Атап айтқанда, «Әуен», «Яссы», «Кино-Рум», «Биллярд клуб», «Мята-Премиум», «Версаль» сынды сегіз нысан криминогендік ахуалы жоғары аймақ ретінде анықталып, бұл орындарда ұрып-соғу, бұзақылық, кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар тіркелген. Түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз ойын-сауық орындарында жүрген кәмелетке толмағандарды анықтау бағытында күнделікті рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, нәтижесінде 49 ойын-сауық мекемесі анықталып, хаттама толтырылды. Сонымен қатар, 84 жасөспірімнің заңды өкілдері ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды.

Қала аумағында қоғамдық тәртіпті бақылау мақсатында 600-ге жуық бейнебақылау камералары жұмыс істеп тұр. Дегенмен, кейбір секторларда бейнебақылау жүйесін орнатпаған кәсіпкерлік нысандар анықталып, оларға 10 күн мерзім ішінде камера орнату жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Оң тәжірибе ретінде, облыстың 25 елді мекенінде кәсіпкерлердің өз еркімен алкоголь өнімдерін сатудан бас тартуы – «Шарапсыз қала» бастамасының тиімділігін көрсетіп отыр.

Түркістан қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді профилактикалық жұмыстар да қарқынды жүргізіліп келеді. Бұл шаралар көлік қозғалысын тиімді реттеуге, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Жыл басынан бері қала аумағында 1748 жол белгісі орнатылып, жаңартылды. Оның ішінде 310 белгі білім беру ұйымдарының маңына қойылған. Сонымен қатар 400 шақырым жол таңбалары өңделіп, 200 жаяу жүргінші жолағы қайта сызылып, көріну деңгейі күшейтілді. Мектептер мен халық көп шоғырланатын аймақтарда көлік жылдамдығын төмендету мақсатында жалпы ұзындығы 306 метрді қамтитын 35 орынға жасанды жол кедергілері орнатылды. Қаладағы бағдаршамдар саны қазіргі таңда 93 дана. Жыл ішінде 7 жерде бағдаршам нысандары жаңартылды. Бұдан бөлек, тағы 5 аймақта жаңа бағдаршам орнату жоспарда бар.

Қала әкімдігінің бастамасымен қоғамдық қауіпсіздікті арттыру бағытында бейнебақылау жүйесін жаңғырту жұмыстары да жүргізілуде. 2025 жылы жалпы 410 бейнебақылау камерасына қызмет көрсетіліп, оның ішінде 200 камера жаңғыртылды, ал қосымша 210 жаңа бейнебақылау камерасы орнатылуда. 2026 жылға жоспарланған жұмыстар бойынша қалада 275 жаңа бейнебақылау камерасы орнатылатын болады. Жол қауіпсіздігі және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Түркістан қаласы әкімдігі жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, белгіленген жылдамдықты асырмауға және жаяу жүргіншілерге басымдық беруге шақырады.

Жол қозғалысын бақылауды күшейту мақсатында жаңа технологиялар да кеңінен қолданылуда. Қала аумағында жылдамдық режимін автоматты түрде тіркейтін екі заманауи мобильді кешен – Ekin Patrol G2 орнатылған. Бұл құрылғылар көлік ағыны ең көп саналатын Шымкент–Самара тас жолында, Кентау тас жолында және Б. Саттарханов даңғылында тәулік бойы жұмыс істейді. Нәтижесінде күн сайын 200-ден астам жылдамдықты асыру дерегі анықталып, жүргізушілерге тиісті шара қолданылуда.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 86 рет