Жыл басынан бері қала аумағында 1748 жол белгісі орнатылып, жаңартылды. Оның ішінде 310 белгі білім беру ұйымдарының маңына қойылған. Сонымен қатар 400 шақырым жол таңбалары өңделіп, 200 жаяу жүргінші жолағы қайта сызылып, көріну деңгейі күшейтілді. Мектептер мен халық көп шоғырланатын аймақтарда көлік жылдамдығын төмендету мақсатында жалпы ұзындығы 306 метрді қамтитын 35 орынға жасанды жол кедергілері орнатылды. Қаладағы бағдаршамдар саны қазіргі таңда 93 дана. Жыл ішінде 7 жерде бағдаршам нысандары жаңартылды. Бұдан бөлек, тағы 5 аймақта жаңа бағдаршам орнату жоспарда бар.
Қала әкімдігінің бастамасымен қоғамдық қауіпсіздікті арттыру бағытында бейнебақылау жүйесін жаңғырту жұмыстары да жүргізілуде. 2025 жылы жалпы 410 бейнебақылау камерасына қызмет көрсетіліп, оның ішінде 200 камера жаңғыртылды, ал қосымша 210 жаңа бейнебақылау камерасы орнатылуда. 2026 жылға жоспарланған жұмыстар бойынша қалада 275 жаңа бейнебақылау камерасы орнатылатын болады. Жол қауіпсіздігі және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Түркістан қаласы әкімдігі жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, белгіленген жылдамдықты асырмауға және жаяу жүргіншілерге басымдық беруге шақырады.
Жол қозғалысын бақылауды күшейту мақсатында жаңа технологиялар да кеңінен қолданылуда. Қала аумағында жылдамдық режимін автоматты түрде тіркейтін екі заманауи мобильді кешен – Ekin Patrol G2 орнатылған. Бұл құрылғылар көлік ағыны ең көп саналатын Шымкент–Самара тас жолында, Кентау тас жолында және Б. Саттарханов даңғылында тәулік бойы жұмыс істейді. Нәтижесінде күн сайын 200-ден астам жылдамдықты асыру дерегі анықталып, жүргізушілерге тиісті шара қолданылуда.
Қала ішінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін тұрақты түрде рейдтік шаралар жүргізіледі. Әр аптаның сейсенбі және сенбі күндері Түркістан қаласы аумағында полиция қызметкерлері «Тасымалдаушы», «Қауіпсіз жол!», «Құқықтық тәртіп», «Автобус», «Заңсыз тасымалдаушы», «Назар аударыңыз, балалар!» сияқты жедел-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастырады. Бұл рейдтер жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін тексеруге, қоғамдық көліктердің техникалық жағдайын бақылауға және жаяу жүргіншілердің ережені сақтауына бағытталған.
Қала аумағында балалардың қатысуымен болатын жол апаттарының алдын алу да ерекше назарда. Мектеп маңындағы өткелдер мен аулаларда патрульдер күшейтіліп, таңертеңгі және кешкі уақытта тәртіп сақшылары арнайы кезекшілік жүргізеді. Сонымен бірге, оқу орындарында оқушыларға арналған түсіндіру сабақтары, интерактивті дәрістер мен қауіпсіздік бойынша тренингтер өткізіледі.
Түркістан қаласы полиция басқармасының басшылары қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықтық тәртіпті нығайту бойынша бірқатар алдын алу шаралары жүргізілгеніне қарамастан, жол-көлік оқиғалары әлі де орын алып отыр дейді. Әсіресе жүргізушілердің жылдамдықты асыруы мен жаяу жүргіншілердің жолды белгіленбеген жерден кесіп өтуі үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан әрбір көлік иесін тәртіп сақтауға, ал жаяу жүргіншілерді белгіленген өткелден өтуге шақырады. Жолдағы әрбір адамның өмірі – бәріміз үшін қымбат.Соңғы айларда жүргізілген кешенді жұмыстардың нәтижесінде кейбір көрсеткіштер бойынша оң өзгерістер байқалғанымен, полиция басқармасы сақтықты бәсеңдетпек емес. Жол қозғалысына қатысушылардың саналы тәртібі мен өзара сыйластығы ғана апаттың алдын алып, қаладағы қауіпсіздікті қамтамасыз ете алады.
Түркістан полициясы алдағы уақытта да заманауи бақылау жүйелерін көбейтіп, тұрғындармен бірлескен ақпараттық-насихат жұмыстарын жалғастырмақ. Жергілікті билік пен құқық қорғау органдарының пікірінше, әрбір жүргізуші мен жаяу жүргіншінің жауапкершілігі артпайынша, жол-көлік оқиғаларының саны азаймайды. Сондықтан қала халқының қауіпсіздігі – әр азаматтың өзінен басталады.Жолда сақтық танытып, ережені сақтау – тек айыппұлдан құтылудың ғана емес, ең алдымен, адам өмірін қорғаудың кепілі екені Түркістан тұрғындары үшін басты қағидаға айналуы тиіс.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат