Форум аясында тәртіп сақшыларының қызметтік көліктері, заманауи камералар және жол қозғалысын қамтамасыз етуге арналған техникалық жабдықтардың көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Шара театрландырылған әсерлі көрініспен басталды. Сахналық қойылымда ішімдік ішіп көлік жүргізудің салдары мен адам өліміне әкелетін қайғылы оқиға көрсетіліп, көрермендерге жол ережесін қатаң сақтау қажеттілігі түсіндірілді. Басқосуда облыстық сот төрағасы Айдос Сұлтанов, прокурор Мұрат Тлеубердиев, Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов баяндама жасап, жол қауіпсіздігі бағытында атқарылған жұмыстарды атап өтті.
Полиция генерал-майоры М.Қабденов: «Жол-көлік оқиғалары — адам өміріне тікелей қауіп төндіретін аса өзекті мәселе. Облыста жыл сайын 200-ден астам адам жол апаты салдарынан қаза табады. Дегенмен қабылданған шаралардың нәтижесінде республикалық маңызы бар жолдарда ЖКО саны 5,9%-ға, қаза тапқандар 9,7%-ға, жарақаттанғандар 16,4%-ға азайды», — деді. Шара барысында жол қозғалысы ережесін бес жылдан аса бұзбаған жүргізушілерге Полиция департаментінің бастығы мен облыс прокуроры арнайы марапаттар табыстады.
Форум спикерлері ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің өкілі Ақтоты Боранова мен республикалық « 24 kz» телеарнасының тілшісі Жандос Жұмабеков жол қозғалысы қауіпсіздігінің маңызын атап, статистикалық мәліметтер мен профилактикалық шаралардың нәтижелерін ұсынды. Форум соңында әнші Жігер Ауыпбаев «Бауырым, жолға шықсаң абайлап жүр» әнін орындап, жолда әр адам үшін қауіпсіздік басты құндылық екенін жеткізді. Ән полицейлердің қызметін бейнелейтін арнайы бейнероликпен бірге көрсетіліп, көрермендерге әсерлі көңіл-күй сыйлады. Ауқымды шара жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстардың жалғасы ретінде ұйымдастырылды. Осындай форумдар алдағы уақытта да өткізіле бермек.
Орайы келгенде айта кетсек, Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 17 692 шақырым құрайды. Республикалық маңызы бар жолдар – 678 шақырым (жақсы жағдайда 95%); облыстық маңызы бар жолдар – 3983 шақырым (жақсы жадайда 93,7%); аудандық маңызы бар жолдар – 1 726 шақырым (жақсы жағдада 93,7%); елді мекен көшелері – 11 305 шақырым (жақсы жағдайда 74%).
Биылғы 10 айдың қорытындысымен облыс аумағында 1032 жол-көлік оқиғалары тіркеліп, салдарынан 1285 адам дене жарақатын алса, 243 адам қаза тапқан. Жол-көлік оқиғалары орын алуының негізгі себептері көлік жүргізушілер жолда жүру мәдениетін (қозғалыс жылдамдығын асыру, қарама-қарсы бетке шығу, жол белгілеріне бағынбау және т.б.) сақтамау нәтижесінен орын алуда. Жол-көлік оқиғаларының алу мен жол қозғалысы ережелерін сақталуын қамтамасыз ету мақсатында, жол саласындағы құзырлы органдармен бірге жыл сайын екі рет күзгі және көктемгі кешенді тексеру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Жолдарды жөндеу және күтіп ұстау жұмыстары кезінде облыстық маңызы бар автомобиль жолдарына қазіргі таңда 5200 шақырым жол таңбасы мен 17 450 дана жаяу жүргіншілер жолағын сызу, 3470 дана жаңа жол белгілері, 23 193 м2 шұңқырларды жамау, 17,1 шақырым тегістеу қабаты салынып, 60 жерге жасанды жол кедергілері орнатылды. Жыл соңына дейін жұмыстар жалғасатын болады. Сондай-ақ республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 30 жерге үй жануарларының макеттері қойылды. Түркістан облысы Полиция департаментінің жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарындағы жол-көлік оқиғалары жиі орын алатын учаскелер тұрақты зерделеніп, нәтижесінде жол-көлік оқиғалары жиі орын алатын 80 учаске анықталған. Атап айтқанда, республикалық маңызы бар жолдарда – 17 учаске; облыстық маңызы бар жолдарда – 19 учаске; аудандық маңызы бар жолдар мен көшелерді – 44 учаске.
Облыс бойынша жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарындағы жол-көлік оқиғалары жиі орын алатын учаскелер тұрақты зерделеніп, қажеттілікке байланысты және тұрғындар мен көлік жүргізушілердің сұраныстарын негізге ала отырып, тиісті орындарға биыл 100 жерге «Мерген» камераларын орнату жоспарланған болатын. Қазіргі таңда, «Мерген» камералары толығымен орнатылып, ЕРАП жүйесіне қосу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар облыстағы жол-көлік оқиғаларының себептерін зерделеу және алдын алу бойынша ведомостаралық жұмысшы топ құрылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда, облыс аумағындағы республикалық маңызы бар тас жолдарда апаттылықтың саны едәуір азайған. Себебі, республикалық маңызы бар жолдарда орнатылған ара қашықтықты есептейтін жылдамдық өлшегіш жүйесі іске қосылып өз нәтижесін беруде. Жол-көлік оқиғаларын алдын алу мақсатында тиісті жұмыстар жалғасын табады.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат