Жиын барысында Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының бірінші орынбасары Ерлан Мұхитден баяндама жасап, бірқатар түйткілді мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, Түркістан облысы ҚАЖ департаментінің әкімшілік ғимаратының жай-күйі, Түркістан қаласында 500 орындық тергеу изоляторы мен 50 орындық арнайы қабылдағыш салу, бейнебақылау жүйесін орнату, №55 мекеменің қауіпсіздік инфрақұрылымы, мектеп пен колледж ғимараттарын теңгерімге өткізу, өндірістік қызметті дамыту, №55 мекеменің әкімшілік ғимаратын жөндеу және пробация қызметін материалдық-техникалық тұрғыда жабдықтау мәселелері сөз болды.
Мәжілісте облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Сансызбайұлы нақты тапсырмалар берді. – Пробация есебінде тұрған азаматтар үшін сұранысқа ие мамандықтар бойынша жұмыс орындарын көбейту қажет. Сонымен қатар ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының 2025 жылғы 20 қазандағы ҚАЖ жүйесіне қатысты хаттамалық тапсырмаларын орындау мақсатында Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаменті мен әкімдік басқармалары бірлесе жұмыс жүргізуі тиіс. Барлық тапсырма белгіленген мерзімде орындалуы қажет. Облыс аумағында пробация үйлерін ашу мәселесі пысықталып, іске асырылуы қамтамасыз етілсін, – деді ол. Жиын қорытындысында саладағы кемшіліктерді жою бойынша жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктелді. Сондай-ақ барлық айтылған ұсыныс-пікірлер мен тапсырмалардың толықтай хаттамаға енгізілуін және оның орындалуын бақылауда ұстауды тапсырды.
Сондай-ақ, Түркістан өңірінде пробация қызметі есебінде тұрған азаматтарды қайта өмірге бейімдеу, әлеуметтендіру және жұмыспен қамту шаралары тиісті деңгейде атқарылуда. Құқық қорғау органдары жергілікті атқарушы билікпен етене әрі жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Басты міндет - есепте тұрған азаматтарды тек бақылау емес, әлеуметтік-құқықтық қолдау көрсету, құқықбұзушылықты қайталамауына араша болу және оңалту. Тіркеудегі адамдарға және олардың отбасына жан-жақты көмек қолын созуға ешбір кедергі жоқ. Пробация қызметі есебінде тұрған адамдардың тағы да заңбұзушылық жасамауына өкінішке қарай кепілдік жоқ. Ал оның негізгі себебі – әлеуметтік не отбасылық қиындықтардан туындайтыны белгілі. Сол себепті тізім қайта сараланып, жасақталуға тиіс. Соған сәйкес жауаптылар кесте бекітіп, аудандарды аралап, мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін түсіндіруі керек дейді сала мамандары. Өйткені өзгерістер болуы немесе бюрократиялық кедергілерге ұшырауы ықтимал. Бетпе-бет жүздесулер - олардың әлеуметтік ахуалын айқындайды.
Айта кетейік, биылғы пробация қызметі есебінде тұрған азаматтардың саны – 1742. Оның ішінде 1500-ден астамы - ер азаматтар болса, 225-і әйелдер. Тізімдегі 230 адамның білімі жоғары. Қалғанының арнаулы орта және орта білімі бар. 256 азамат осал топқа жатады. Есепте тұрған 1212 адам жұмыспен қамтылса, 452-і жұмыссыз. 2025 жылы қаулыға сәйкес 130 мекемеде 194 квота берілген. 1 маусымдағы жағдай бойынша 81 мекемеге 128 адам жұмысқа орналасты. Жыл басынан бері өңірдегі шалғай елді мекендерде 42 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Нәтижесінде 436 адам аудандық, қалалық мансап орталықтарына жүгінді. Сондай-ақ 2 адам АӘК, 30 адам грант, 55 азамат Бастау бизнес сертификатын алды. Облыста 17 Отбасын қолдау орталығы ашылып, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды ерте анықтап, қолдау көрсетуде. Орталықтармен автоматтандырылған FSM Social мобильдік қосымшасы арқылы мұқтаж отбасылар анықталуда.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат