Жұма, 28 Қараша 2025 14:57

Түркістан облысы: Арыста сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия мәжілісі өтті

Арыс қаласы әкімдігінің кіші мәжіліс залында Арыс қаласы әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті. Мәжіліске комиссия мүшелері, аппарат қызметкерлері, бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты.

Күн тәртібінде «Білім беру ұйымдарындағы комплаенс қызметімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жүргізілген жұмыстар туралы», «Әлеуметтік саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері және оларды жою бағытында атқарылған жұмыстары туралы жауапты сала басшылары баяндама оқыды. Сондай-ақ, Арыс қаласы әкімдігі жанындағы нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметін үйлестіру жөніндегі ведомствоаралық штаб мәжілісі болды.

Күн тәртібінде Арыс қаласы аумағына есiрткiнi терiс пайдаланудың және олардың заңсыз айналымының өсуiн тоқтату және есірткі қылмыстарына қарсы іс-шаралардың барысы және есiрткiнi терiс пайдаланатын кәмелетке толмағандарды уақытылы анықтауды арттыру және оларға профилактикалық ықпал ету мен оларды оңалту барысы туралы жауапты сала басшылары баяндама оқыды. Баяндамашыларға сұрақтар қойылып, заң аясында тиісті жауаптар берілді.

Сыбайлас жемқорлық – бұл тек құқық бұзушылық қана емес, ол қоғамның моральдық-адамгершілік негіздерін шайқалтатын, мемлекеттің дамуын тежейтін теріс әлеуметтік құбылыс. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлықпен күресті ұлттық саясаттың басым бағыттарының біріне айналдырған. Бұл күрес тек заңнамалық шектеулермен шектелмей, азаматтық қоғамның белсенді қатысуына, қоғамдық сана мен құқықтық мәдениеттің қалыптасуына негізделуі қажет. Осы тұрғыда Түркістан облысында соңғы жылдары сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру мен нығайту бағытында бірқатар нақты әрі жүйелі іс-шаралар атқарылып келеді.

Облыста сыбайлас жемқорлықпен күрестің негізгі тетігі ретінде ағарту мен ақпараттық түсіндіру жұмыстары кең көлемде жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында жастардың бойына адалдық, әділеттілік, жауапкершілік сынды қасиеттерді сіңіруге бағытталған тәрбиелік бағдарламалар жүзеге асырылуда. «Адал ұрпақ» және «Саналы ұрпақ» жобалары аясында оқушылар мен студенттер сыбайлас жемқорлықтың зияны мен оның қоғамға әкелетін салдарын түсініп, парасаттылық құндылықтарына бейімделуде. Бұл жобалар жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, оларды қоғамдық процестерге белсенді араласуға баулиды. Сонымен қатар, оқу орындарында этикалық кодекстер мен академиялық адалдық қағидалары енгізіліп, жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидасы қалыптасып келеді.

Мемлекеттік басқару саласында да жемқорлыққа қарсы нақты қадамдар жасалып жатыр. Түркістан облысы әкімдігі «Ашық әкімдік», «Ашық бюджет», «Цифрлы Түркістан» сынды жобаларды іске қосу арқылы мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етуді көздейді. Бұл жобалар арқылы азаматтар мемлекеттік мекемелердің бюджеттік шығындарын, бағдарламалардың орындалу барысын және қабылданған шешімдердің негіздемелерін онлайн режимде бақылай алады. Электронды үкімет платформаларының кеңеюі, цифрлық сервистердің енгізілуі адам факторының ықпалын төмендетіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді тосқауыл қоюда.Түркістан облысының елді мекендерінде сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алу мақсатында қоғамдық қабылдаулар, түсіндіру кездесулері, көшпелі семинарлар жиі ұйымдастырылады. Бұл кездесулерде тұрғындар өздерінің құқықтарын қорғау, пара ұсыну немесе талап ету жағдайында не істеу керектігі жөнінде кеңестер алады. Сонымен қатар, «Antikor ortalyǵy» сервистік орталығы тұрғындарға құқықтық көмек көрсету мен мемлекеттік мекемелермен ашық қарым-қатынас орнатуда тиімді алаңға айналып отыр.

Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер де сыбайлас жемқорлыққа қарсы идеологияны таратуда белсенді рөл атқаруда. Түрлі медиаконтенттер, бейнероликтер, мақалалар мен пікірталастар арқылы халықтың назары жемқорлықтың теріс әсеріне аударылып, парасаттылық пен әділеттілік құндылықтары дәріптелуде. Қазіргі таңда тұрғындардың басым бөлігі жемқорлықтың мемлекетке, қоғамға, тіпті отбасыға келтіретін зардабын жақсы түсіне бастады. Бұл – қоғамдық санада оң өзгерістердің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.Түркістан облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы дамыту тек мемлекеттік құрылымдардың емес, бүкіл қоғамның жауапкершілігі ретінде қарастырылып келеді. Әр азаматтың адалдыққа ұмтылысы мен әділетті қоғамға деген сенімі – жемқорлыққа қарсы күрестің басты тірегі.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 87 рет