Жұма, 14 Қараша 2025 15:49

Кентауда «Халық заңгері» акциясы өтті

Кентау қаласында «Халық заңгері» жалпы республикалық акциясы өтті. Аталмыш акция халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруды және тегін заң көмегін көрсетуді мақсат етті. Іс-шара қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Төлепов және қала прокуроры Назарбай Ибраймолдаев төрағалығымен ұйымдастырылды.

Акцияға қала прокурорлары, «Amanat партиясы өкілдері, сондай-ақ қаланың аумақтық және құқық қорғау органдарының басшылары, тергеушілер, сот орындаушылар, адвокаттар, нотариустар, заң консультанттары қатысты. Айталық, акцияға келген қала тұрғындарының көпшілігі неке және отбасы, мұрагерлік, тұрғын үй, азаматтық құқық, сот шешімдерін орындау және тағы басқа да салаларға қатысты көптеген сұрақтарына жауап алды.

Жобаның мақсаты - халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң нормаларын дұрыс түсіндіру және олардың біркелкі қолданылуын қамтамасыз ету. Осы мақсатта азаматтардың өтініштеріне заңгер-сарапшылар толыққанды құқықтық көмек көрсетеді. Бұл акцияның басты миссиясы - халыққа ашық әрі қолжетімді құқықтық кеңес беру. Айта кетейік, «Халық заңгері» жалпы республикалық акциясы Қазақстанның барлық облыс, аудан-қалаларында жергілікті уақытпен бір мезетте өткізілді.

Әрбір адамның заңмен белгіленген шекте қорғалуға құқылы екені белгілі. Бірақ барлығы бірдей адвокат нотариус немесе өзге құқықтық қорғау субъектісін жалдауға мүмкіндігі жоқ адамдарға бюджет есебінен заңды көмек ұсынылатыны белгілі. Қазақстан Республикасының әр азаматы  ата заңымыз – Конституция және еліміздің қолданыстағы заңдарына сәйкес яғни белгіленген ережелерге сәйкес азаматтық, әкімшілік және қылмыстық процесс барысында білікті заңды көмек алуға құқылы. Сондай-ақ, осы негіздерде Қазақстан Республикасы азаматтарына мемлекетпен кепілдендірілген заңды көмек ұсынылады.

Мемлекет кепілдік берген заң көмегі – заң көмегін алуға құқығы бар жеке және заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негізде және тәртіпте тегін негізде көрсетілетін заң көмегі. Бұлардың субъектілері болып – мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсететін жеке және (немесе) заңды тұлғалар. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган  – халыққа құқықтық көмек пен заң қызметтерін көрсету саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

Мемлекет кепілдік берген заң көмегіне төмендегідей бөліктер жатқызылады: Құқықтық ақпарат беру; Құқықтық консультация беру; Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген жағдайларда және тәртіпте жеке тұлғалардың мүдделерін соттарда, қылмыстық ізге түсу органдарында, өзге де мемлекеттік органдарда және мемлекеттік емес ұйымдарда қорғау және білдіру; Жеке сот орындаушыларының алименттерді және жалақыны өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарды орындау бойынша «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен мәжбүрлеу шараларын қолдануы түрінде көрсетіледі.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабын ұстана отыра, ел азаматының құқығы ретінде білікті заң көмегін алу, ол біздің көзқарасымызға сәйкес іргелі маңызы бар. Сонымен қатар, білікті заңгерлік көмек көрсету қызметін атқаруының кепілі болып табылады. Аталған конституциялық норманың басты идеясы халықтың кәсіби заң көмегін көрсетужәне құқықтық қызметтер көрсету тетіктеріне қатысты қолданыстағы заңнама жүйесіндегі логикалық жалғасы мен дамуын көрсетеді. Халыққа сапалы түрде көрсетілетін құқықтық көмек қоғамның сана-сезіміне әсер етеді. Құқыққа, заңға, қоғамға және мемлекетке жеке көзқарас қалыптастырады. Мемлекетіміздің негізгі заңнамасы: Әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар яғни білікті заң көмегін алуға құқығы бар.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 101 рет