Бейсенбі, 26 Маусым 2025 15:53

Созақ ауданы: қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөнінде форум өтті

Созақ ауданында «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдама» аясында форум өтті. Шараны Созақ ауданы әкімінің орынбасары Алтын Кунтуқызы ашып, жүргізіп отырды. Кездесудің басты мақсаты -құқықтық мәдениетті арттырып, тұрғындарға заңнамалық түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы азаматтардың заңға деген құрметін күшейтуге және тәртіпті сақтау мен құқықбұзушылықтың алдын алу.

Мобильді топ құрамында Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп тексеру департаментінің офицері Мұхаммедали Аханұлы, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Сотқа дейінгі тергеу басқармасының АМІЖ тергеушісі Нұрбақыт Нысанбайұлы, Түркістан облысы ПД ЖПҚБ ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция подполковнигі Мухтар Беркимбаевич және Созақ ауданы прокурорының орынбасары Нұрсұлтан Талғатұлы болды.

Кездесуде алғаш сөз алған Нысанбек Мұхаммедали интернет алаяқтықтың бүгінгі таңда қоғам үшін өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті. Ол азаматтарды бейтаныс сілтемелерге өтпеуге, өз жеке деректерін күмәнді тұлғаларға бермеуге, әсіресе қаржылық операцияларға сақтықпен қарауға шақырды. Сонымен қатар соңғы уақытта кең таралған «дроппер» деген алаяқтық схемасы туралы кеңінен түсіндіріп, бұл жүйеге қалай алданбауға болатынын нақты мысалдармен жеткізді.

Сондай-ақ, айта кетсек, «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдама» аясында бекітілген апталық жоспардың «Қоғамға қызмет ету» тармағы бойынша жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдері халыққа мемлекет тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызметтер туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша қоғамдық қабылдау өтті.

Қабылдауға келген аудан тұрғындары өздерін толғандырған түрлі мәселелер бойынша өтініштер мен ұсыныстарын жеткізді. Әсіресе жер мәселесі, әлеуметтік көмек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құқықтық кеңес алу, кәсіпкерлікті дамыту, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және құқықтық көмек көрсету бойынша сұрақтар қойып, тиісті сала мамандарынан сауалдарына жауап алды. Сонымен қатар, мобильді топ мүшелері тұрғындарға заң аясында жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қажетті кеңестер берді.

Осы тұста еске сала кетсек, биыл көктемде елімізде Қоғамда заң және тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдама бекітілген болатын. Құжат қоғамда құқықтық мәдениет деңгейін нығайтуға және азаматтардың заңдарды сақтау маңыздылығын түсінуіне бағытталған. Атап айтқанда, Тұжырымдама қоғамдағы құқықтық мәдениеттің қазіргі жағдайын талдауға негізделген заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету көзқарасын айқындайды. Тұжырымдаманы әзірлеу барысында халықаралық тәжірибе де ескерілді. Құжат құқықтық тәртіпті сақтауға, сыбайлас жемқорлық пен «көлеңкелі» әрекеттерге теріс көзқарас қалыптастыруға белсенді азаматтық қатысуды көздейді.

Бүгінде елімізде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының негізгі элементі саналатын заң мен тәртіп қағидаттарын нығайтуға бағытталған реформалар белсенді түрде жүргізілуде. Аталған жұмыс әрі қарай да жалғасын табады. Тұжырымдаманың негізгі бағыттарын жүзеге асыру нәтижесінде қоғамда заңның үстемдігі туралы хабардар ету деңгейін арттыру көзделіп отыр. Аталған жұмыс шеңберінде заңнаманы  одан әрі жетілдіру ісі жалғасады. Құжат азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және сот төрелігіне қолжетімділікті әрі қарай да қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларды іске асыруды көздейді. Азаматтардың құқықтық сауатын арттыру және осы білімін тәжірибеде қолдану мақсатында оқыту іс-шараларын ұйымдастыру жоспарлануда. Атап айтқанда, студенттерге құқықтық білім беру тәжірибесін енгізу нақты жағдайларда құқықтық білімді тиімді қолдану қабілетін дамытуға бағытталған оқытудың түрлі формаларына белсенді қатысуды қамтиды.

Құқық бұзушылықтардың алдын алуға және халыққа қызмет етуге; мемлекет пен қоғам ынтымақтастығының жаңа құралдарын енгізуге баса назар аудара отырып, мемлекеттік органдар ашықтығы мәдениетін қалыптастыруға, азаматтар үшін заманауи цифрлық қызметтерді іске қосуға, атап айтқанда, еGOV ашық деректерінің электронды үкімет функционалдығын дамытуға, сатып алуларға қоғамдық мониторинг жүргізуге бағытталған және басқа да мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметінің сервистік моделі тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар көзделеді. Бұл жұмысты атқаруға НҚА белсенді түрде қатысады. Сонымен қатар кадр саясатын реформалау, полиция қызметкерлерін біліктілікті арттыру курстары, оқу-әдістемелік жиындарды өткізу арқылы даярлау, меритократия қағидатын нығайту, «soft skills» дамыту, сондай-ақ материалдық-техникалық жарақтандыруды жаңғырту жалғастырылады. 

Ауқымды деректерді өңдеу үшін жасанды интеллектіні пайдалана отырып, ІІМ ситуациялық-талдау орталығының функцияларын кеңейту көзделеді: камералардан түсетін бейнеағын (бет әлпет пен нөмірді тану), әлеуметтік желілер (қауіп-қатерді бақылау), қылмыстық статистика (қылмыс ошақтарын болжау); жедел қызметтерді, дәлелдемелерді автоматты түрде салыстыру және тергеушілердің шешім қабылдауын қолдау бағдарламаларымен жабдықтау, сондай-ақ тергеушілерді ЖИ құралдарымен, тергеудің жаңа тактикаларымен (профайлинг, жауап алу әдістері, цифрлық криминалистика) жұмыс істеуге оқыту. Көрші мемлекеттермен бірлесіп, трансұлттық қылмысқа қарсы күресті ұйымдастыру және ақпарат алмасу жоспарланып отыр. 

Кешенді шаралар қабылдау нәтижесінде қоғамда заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтауда оң өзгеріс қалыптасып, заңдарға үстірт қараудан жауапты әрі саналы көзқарасқа ауысады деп күтілуде. Қоғамдағы әрбір азамат басқа адамдардың құқықтарын құрметтеп қана қоймай, құқықтық тәртіпті белсенді түрде сақтайды, бұл жалпы тәртіптің жақсаруына әкеледі. Бұдан бөлек, қабылданған шаралар нәтижесінде халықтың мемлекеттік және құқық қорғау органдарына деген сенімін нығайтады деп күтілуде. Жалпы, мұның бәрі құқық бұзушылықтар санының төмендеуіне, азаматтарға қызмет көрсету сапасының жақсаруына, экономикалық тартымдылық пен инвестициялық ортаның жақсаруына әкелуі тиіс.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 93 рет