Сейсенбі, 24 Маусым 2025 15:06

Созақ ауданы: кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелеріне арналған жиын өтті

Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбековтің төрағалығымен кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері бойынша жиын өтті. Жиында аудан басшысы кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау және салауатты өмір сүру жағдайларын қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып, бұл бағытта мемлекеттік органдар мен ата-аналардың бірлескен жұмысының аса қажет екенін атап өтті.

Күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Созақ аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Нұрәділ Ерман кәмелетке толмағандар арасында ағымдағы жылдың бес айында орын алған құқықбұзушылықтар мен алдын алу шаралары туралы баяндады. Созақ аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Нұрлан Бердімұратов кәмелетке толмағандар арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу жұмыстарының барысына тоқталып, Созақ аудандық білім бөлімінің басшысы Абай Өтебаев өмірлік қиын жағдайға душар болған кәмелетке толмағандардың әлеуметтік оңалту мәселелері жөнінде хабарлама жасады.

Жиын қорытындысында аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы тиісті мекемелерге бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы шараларды жүйелі түрде жүргізу, ерте жүктіліктің алдын алу бойынша ата-аналар мен білім беру ұйымдары арасындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, қиын өмірлік жағдайға тап болған жасөспірімдерді әлеуметтік оңалтумен қамтуды ұйымдастыру және аудандық комиссия мен мүдделі құрылымдардың өзара іс-қимылын жақсарту керектігін ескертті. Жиынға аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауылдық округтер мен кент әкімдері және бюджеттік мекеме басшылары қатысты.

Осы тұста айта кетсек, таяуда ғана Түркістанда облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының кеңейтілген отырысы өткен болатын. Облыстық құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау және білім саласының басшылары мен өкілдері, әкім орынбасарлары, сонымен қатар комиссия мүшелері, аудан, қалалардағы комиссия төрағалары мен хатшылары, қоғамдық ұйым өкілдері қатысқан жиында кәмелетке толмағандар арасында қылмыс пен құқықбұзушылықтың, ерте жүктіліктің және өзіне-өзі қол жұмсаудың алдын алу жұмыстарын күшейту мәселелері кеңінен талқыланған-ды.

Жиында жұмысшы орган ретінде Облыстық білім басқармасы тарапынан кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі атқарылған жұмыстарды облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова баяндады. Ал облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ермек Өсербаев кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша 2025 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Сондай-ақ, кәмелетке толмағандардың арасындағы ерте жүктілік және өзін-өзіне қол жұмсау фактілері бойынша Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мадина Ережепқызы мәлімдеді. Облыстық жұмыспен қамту үйлестіру және әлуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева отбасын қолдау орталықтарының қызметін цифрландыру және құрылған мобильдік топтарының жұмыстарын жетілдіру туралы ақпаратпен бөлісті.

Қазіргі таңда өңірде зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында жұмысшы топтар құрылған. Оған барлық аудан, қалалардың полиция тірек пункттерінің басшылары, білім бөлімінің басшылары, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау басқармасының қызметкерлері және облыстық уәкіл мен өкілдері енгізіліп, балалардың құқықтарын қорғау жөнінде жұмыстар жүргізілуде.

Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев бұл бағыттағы мәселелердің алдын алу бойынша тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Бала өміріне, біліміне, құқығына жауапты әрбір мекеме өз ісіне мұқият болуы керектігін айтып, балалар құқығы бойынша жалған мәлімет беретін жауапты басшыларға қатаң шара көрілетіндігін ескертті.

– Облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлының бастамасымен білім саласына, балаларды жан-жақты дамытуға тиісті қолдау көрсетілуде. Баланың қауіпсіздігіне жауапты мекемелер, басшылар, қызметшілер өз міндеттерін мүлтіксіз орындаулары керек. Жазғы демалыста бақылауды, жұмысты күшейтіңіздер. Әр мектептегі қиын балалар, отбасылар назарға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілсін, – деді Бейсенбай Тәжібаев. Сонымен қатар полиция бөлімінде есепте тұрған, өгей әке, өгей шешелермен тұратын «Жайсыз отбасы» есебіне алынған отбасыларда тәрбиеленіп отырған балаларға профилактикалық жұмыстар жүргізу, мектеп психологтарының жұмысын жетілдіру мәселелері қозғалды.

Айта кетейік, Түркістан облысында өңір басшысы кәмелеттік жасқа толмағандарды қолдау, құқығын қорғау бағытында кешенді жұмыстар атқарылып келеді. Өңірде 17 Отбасын қолдау орталығы ашылды. Үкімет тапсырмасына сәйкес «Түркістан облысының психологиялық қолдау орталығы» мекемесі құрылып, штаттық бірлігі 49,5-ке ұлғайтылды. Орталық ашылғалы бері 1 300 ата-анамен, 1 700 педагогпен және қиын жағдайға тап болған 130 баламен консультация өткізіліп, тиісті көмек берілді. Бүгінде облыста 1797 педагог-психолог бар. Өңірдің мектептеріндегі бала санына сәйкес 86 педагог-психологтың қажеттілігі анықталып, жаңа оқу жылынан бастап енгізу жөнінде тапсырма берілді.

Үкіметтік емес ұйымдар арқылы 1 327 педагог-психолог, 2 514 мектептегі тәрбиеге жауапты маман және 17 аудандағы әдіскерлер біліктілігін арттырған. 5-11 сыныптардың 259 588 оқушысынан психо-эмоционалдық жай-күйлерін, мазалап жүрген мәселелерін анықтау үшін анонимді әдісімен сауалнама алынып, көмекке мұқтаждарымен тиісті жұмыстар жүргізілген. Балалардың құқықтарын қорғау мәселесі бойынша 1143 білім беру мекемесінің көрінетін орындарына 111 QR коды (кіреберістерде, сыныптарда, дәретхана, хол т.б) орналастырылып, қиын жағдайға тап болған кез-келген оқушы психологиялық жәрдем алуда. Осы жұмыстар нәтижесінде облыста 2024 жылы өзіне-өзі қол жұмсау дерегі 8-ге төмендесе, балалар қылмысы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда салыстырғанда соңғы 4 айда 44-тен 35-ке төмендеген. Ерте жүктілік деректері де азайған. Балалардың қауіпсіздігін қорғау, жан-жақты дамыту бағытындағы жұмыстар ары қарай да жалғаса беретін болады.

Расында да бүгінгі күнгі қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі - балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу.

Жасөспірімдердің қалыптасуына әсер ететін факторлар:

Отбасы. Отбасындағы қарым-қатынас жасөспірім үшін, оның тұлға ретінде қалыптасуы үшін үлкен тәрбиелік мәнге ие. Қазіргі уақытта көптеген отбасыларда балаларды ата-аналардың бірі, көбінесе анасы тәрбиелейді, бұл жасөспірімдерді тиісті қадағалаудың болмауына әсер етеді, оған моральдық қолдау, қамқорлық, көңіл бөлінбейді-мұның бәрі тұлғаның қалыптасуына кері әсер етеді.

Мектеп. Мұғалімдермен қарым-қатынасы қиын жасөспірімдер көбінесе сыныпта оқшауланып, өздерін бөтен сезінетіндігімен, әдетте қиын жасөспірімдер нашар оқитындығымен күрделене түседі. Оқуы қиын жасөспірімдерді сынып ұжымында оқшаулау олардың құқық бұзушылық жолына түсуіне ықпал ететін басты себептердің бірі болып табылады.

Көше. Отбасында және мектепте қолдау мен көңіл бөлінбей өскен кәмелетке толмаған адам қарым-қатынас қажеттілігін қанағаттандыра алатын басқа ортаны іздейді. Жас-өспірім, әдетте, көшеде қарым-қатынастың жетіспеушілігін толтыруға тырысады. Егер мұнда ол «жаман» әсерге ұшыраса, онда оның қалыптасуы теріс болуы мүмкін. Әдетте, мұндай жасөспірімдердің тұрақты қызығушылықтары жоқ, спорттық және басқа үйірмелер мен секцияларға қатыспайды, мақсатсыз уақытты өткізуге мәжбүр болады.

Оң нәтиже тек отбасының, мектептің және сыртқы демалыс және әлеуметтік мекемелер мен ұйымдардың бірлескен және үйлесімді жұмысымен мүмкін болады дейді мамандар.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 162 рет