Бұл іс-шара Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың 2023 жылғы 28 сәуірдегі No 28/4747 хатына сәйкес, Түркістан облысы әкімдігі тарапынан облыс аумағында кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалатын қылмыспен құқық бұзушылықты және оқыс оқиғалардың алдын алу бойынша ата-аналармен жергілікті жерлерде кездесудің жоспар кестесі бойынша өткізілгенін айта кетейік.
Жиын барысында Отырар аудандық ТЖБ бастығы М.Кемелханов «су – денсаулықты нығайтуға және демалудан барынша рахат алуға көмектесетін адамның одақтастығы, мейірімді досы. Бірақ, сонымен қатар ол алаңғасарлық ойға төзе алмай жоғары қауіптің көзі болуы мүмкін. Алаңғасарлықтың салдары ең ауыр болады. Оларды болдырмау үшін әр-бір адам судағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін білуі тиіс» - деді.
«Ең бірінші және басты ереже – мектепке дейінгі және бастауыш сыныптағы балалар ересектердің бақылауымен шомылуға тиіс. Балаларды бақылауды барынша күшейту, түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Үлкендердің еріп жүруінсіз жасөспірімдер арнайы бөлінген орындарда ғана шомылуы мүмкін. Ең көп қайғылы оқиғалар суға шомылуға арналмаған су айдындарында орын алады. Ата-аналар балаға судағы қауіпсіздіктің барлық ережелерін айтып қана қоймай, оған қиын жағдайда өзін-өзі ұстау дағдыларын үйретуі қажет. Жасөспірімді үрейленбеуге және өзін қалай ұстау керек, не істеу керек екенін түсінуге үйрету өте маңызды» - деп атап өтті Отырар аудандық ТЖБ бастығы. Сондай-ақ, суға түсу кезінде төмендегідей ережелерді қатаң ұстануды ескертті:
Суға шомылу кезінде жол берілмейді:
1. Бейтаныс жерде, көпірлер мен бөгеттердің астында жүзуге.
2. Су түбінің тереңдігі мен бедерін білмей биіктіктен сүңгуге.
3. Арнайы қоршаулар мен буйкалардан жүзіп кетпеуге.
4. Қайықтарға салдарға және басқа да жүзу құралдарына жақындауға.
5. Қайықтан, кемелерден, айлақтардан суға секіруге.
6. Суда ойнау кезінде бір-бірінің қол-аяқтарынан жармасуға.
«Суда немесе жағалау сызығында болған уақытта ішімдік ішуден аулақ болыңыз. Алкоголь тепе-теңдік сезімін, қозғалыс үйлесімділігін және өзін-өзі бақылауды нашарлатады. Жүзе алмайтындар тереңдігі 1-2 метрден аспайтын арнайы жабдықталған жерлерде ғана шомылуға болады. «Суға шомылуға тыйым салынады!» ескерту аншлагымен жабдықталған су нысандарында шомылуға қатаң тыйым салынады. Есіңізде болсын! Тек судағы қауіпсіздік шараларын мүлтіксіз сақтау ғана қайғыға жол бермейді» - дейді Отырар аудандық ТЖБ бастығы М.Кемелханов.
Жиын барысында Орман-тоғай, дала алқаптарындағы өрт қауіпсіздігі мәселесі де кеңінен сөз болды. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшсы М.Кемелханов: «Табиғат байлығының бірі – орман. Оның қоршаған ортаны қорғаудағы маңызы өте зор. Айта кетсек, су режимін бірқалыпты ұстап, топырақты түрлі эрозиялардан сақтап қана қоймай, ауаны улы газдардан тазартып, оттегі бөліп отырады. Табиғат тепе-теңдігін сақтап тұрушының негізгі себепшісі де сол – орман. Алайда ондағы әртүрлі өсімдіктер мен жануарларға үлкен залал тигізетін қатердің бірі өрт екені белгілі. Өрттің негізгі себептеріне тоқталсақ, олардың табиғи факторлар есебінен орын алатыны өз алдына, адамзат тарапынан себепші болуы да басты мәселе болып тұр» - деді.
Негізінде, Отырар өңіріндегі құрғақ және желді климат, шөптесін өсімдіктердің болуы, орман, дала өртінің тез өріс алуына мүмкіндік туғызады дейді мамандар. Орман және дала өрттерінің өсуі көбінесе аумақты қажет емес қалдықтардан тазарту және ауыл шаруашылығы жерлерін қажет емес өсімдіктерді немесе қалдықтарды жағу жұмыстарын жүргізу барысында орын алатыны белгілі. Осы жұмыстарды жүргізу кезінде тиісті бақылау жүргізілмеуінен, минералданған жолақтарының болмауынан, жақын орналасқан орман алқаптарына жалын тарап, арты түзелмейтін шығынға алып барып жатады. Осындай жағдайлар орын алмас үшін Отырар аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшсы аудан тұрғындары төменде көрсетілген ережелерді сақтауы тиіс дейді:
– шабындық, егістік, орман алқаптарында қураған шөптерді, қоқыстарды өртеуге және бақылаусыз қалдыруға жол бермеуді;
– ауа-райы құрғақ, ыстық және қатты жел кезінде от жақпауды;
–демалыс орнынан кетерде алауға су құйып, құм немесе топырақ сеуіп кетуді Жанып жатқан қалдықтар мен сіріңкені лақтырмауды;
– егер өрт аумағында болсаңыз өзіңіздің күшіңізбен сөндіру мүмкін болмаса, оның таралу бағытын, және шығу бағдарын анықтап құтқару қызметіне 101, 112 нөмірі арқылы хабарлауды.
Орман мен далалық алқаптарда өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін кінәлі тұлғалар жергілікті атқарушы органдар, полиция қызметі, орман шаруашылығы мен төтенше жағдайлар қызметі қызметкерлерінен құралған мобильдік топ арқылы әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Қазіргі таңда далалық және егістік алқаптарда рейдтік шаралар жүргізілуде. Сонымен қатар төтенше жағдайлар департаменті тарапынан бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы халыққа табиғи өрттер бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді.
Өрт – тілсіз жау. Орман, тоғайлы, далалық алқаптарда өрт оқиғаларын болдырмас үшін қарапайым қауіпсіздік шаралары қата сақталуы тиіс.
Аталған басқосуда балалардың терезеден құлап кетуімен болатын қайғылы оқиғалардың алдын алу мәселесі де айтылды. Бала – кішкентай зерттеуші, сондықтан ол айналасын тану мақсатында түрлі, соның ішінде, қауіпті әрекеттерге де барады. Әрине, терезе және оның артындағы әлем – бала үшін өте қызық әрі таныс емес дүние екені құпия емес. Баланың терезеден құлауының басты себебі – бала қолымен оңай ашылатын қорғалмаған терезе. Москит тор да баланың терезеден құлап кетуіне себеп болады: бала москит торға сүйенуге болады деп ойлайды, алайда ол оның салмағын көтермейді.
«Соңғы жылдары баланың терезеден құлауы жиіленген. Себебі бұрын үйлерде ағаш терезелер болды, олар оңай ашыла қоймайтын. Сонымен қатар, ол кезде үйді желдету үшін тек форточкасын ашу жеткілікті болатын: оған баланың бойы жетпейді. Ал қазіргі терезелер физикалық күшті қажет етпей-ақ оңай ашылады және желдету үшін бүкіл терезені ашуды қажет етеді. Егер терезенің қасында үстел немесе тумбочка тұрса, бала өміріне деген қауіп жоғарылай түседі. Балаларда, әсіресе, қасында ата-анасы бар кезде қорқыныш сезімі болмайды. Сондықтан 1-2 минутқа алаңдап кетсеңіз, қайғылы жағдай орын алуы мүмкін.Мұндай жағдайға 5-жасқа дейінгі балалар, соның ішінде ұл балалар жиі тап болады. Қайғылы жағдайдың орын алуына терезенің жанында тұрған жиһаз жиі себепкер болады» - дейді Отырар аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы М.Кемелханов.
Осы ретте Отырар аудандық төтенше жағдайлар бөлімі балалардың жарақаттануын төмендету мақсатында мынадай қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынады:
Біріншіден, кішкентай балаларды жалғыз қалдырмаңыз, құлау жағдайларының көпшілігі балалар қараусыз қалған кезде болады. Жиһаздың барлық түрін терезелерден алыс қойыңыз, бала осы арқылы терезе алдына оп-оңай шығып алады, москит торларына сенбеңіз. Олар құтқарып қалуға арналмаған! Керісінше, москит торы қайғылы жағдайға ықпал етеді, өйткені бала өзін қауіпсіз сезініп, сүйенуі мүмкін. Тіпті ең сапалы торлар баланың салмағын ұстап тұра алмайды, егер бала бөлмеде болса, терезе мен балкон есігін ашпаңыз.
Екіншіден, жоғарғы терезелерді немесе желдету режімін қолданыңыз, терезелердің толық ашылуына мүмкіндік бермейтін арнайы фиксатор қойыңыз, бұл баланың терезені бірнеше сантиметрден артық ашуына мүмкіндік бермейді, терезенің тұтқасына құлып орнатыңыз. Егер сіз балаңызға терезенің алдынан бірдеңе көрсетсеңіз, оны мықтап ұстап тұрыңыз, баланың жылдам қимылына дайын болыңыз, алақаныңыз құрғақ болсын, балаңызды киімнен ұстамаңыз. Егер сізде бекіткіш және сақтандыру жабдығын орнату мүмкіндігі болмаса, бекіткіш тұтқаларды бұрауышпен оңай бұрап, қажет болған жағдайда бірден шығарып алып тастай аласыз. Балаларға қауіпсіздік сабақтарын үйретіңіз, үлкендерді кішіге бас-көз болуға үгіттеңіз.
«Балалар табиғи қызығушылықпен ашық терезе алдында қауіп-қатерге бейім болып келеді. Әсіресе 3-7 жастағы балалар терезеден құлау қауіп-қатеріне жиі ұшырайды, бұл жастағы балалар терезе алдында ойнаудың қауіпті екенін түсінетін жаста емес, үлкендердің ешқайсысы оларға бұл жағдай туралы түсіндірмейді. Терезеден құлау оқиғалары көп жағдайда ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыру салдарынан болады. Осыған байланысты ата-аналарды өте сақ болуға және кішкентай балаларды терезесі ашық бөлмеде жалғыз қалдырмауларыңызды сұраймыз» - дейді отырарлық төтеншілктер.
Балаларды терезеден құлау жағдайынан қалай сақтауымыз керек?
1. Үйде балалар болған жағдайда, ешқашан терезені ашық қалдырмаңыз! Сіз балаңыздың жанында болғаныңызбен өз назарыңызды басқа нәрсеге аударған мезетте балаңыз өз өмірімен қош айтысуы мүмкін.
2. Барлық жиһаздарды бала терезе алдына шыға алмайтындай етіп, терезе жанынан алшақ қойыңыздар. Егер бұл мүмкін болмаған жағдайда, балаларға терезеге жақын орналасқан кереует немесе басқа да жиһаздардың үстіне ойнауына рұқсат бермеңіз.
3. Ешқашан терезедегі қорғаныш торларға сенбеңіздер! Олар құлаудан сақтауға арналмаған.Құлап бара жатқан балаларды қорғай алмайды. Керісінше, арнайы торлар қайғылы жағдайдың орын алуына әкеліп соғады, балалар қорғаныш торларды қауіпсіз деп ойлайды. Терезеге сүйенгендей сол торларға асылып тұрады. Көп жағдайда балалар осы тормен бірге құлап кетеді.
4. Мүмкіндік болса, терезені төменгі жағынан емес, жоғарғы жағынан ашыңыз.
5. Балаларыңыз терезені өз еркімен аша алмау үшін, терезелеріңізге арнайы бекіткіштер орнатыңыз!
Жоғарыда көрсетілген ұсыныстарды ескере отырып, Сіз жазатайым оқиғаның және қайғының алдын аласыз.
Барлық ата-ана сақтауы қажет ережелер:
- Терезе 12,5 см-ден бастап ашық тұрса, бала терезеден құлап кетуі мүмкін. Сізге бала ол қашықтыққа сыймайтындай көрінсе де, одан артық ашпаңыз.
- Барлық терезеге оны 12,5 см-ден артыққа ашқызбайтын ілмек немесе қоршау қою керек. Оларды жиһаз дүкендерінен немесе қарапайым гипермаркеттерден сатып алуға болады. Сондай-ақ, ашылатын терезенің тұтқасын алмалы-салмалы етіп жасатуға болады: сол кезде бала терезені аша алмас үшін тұтқасын алып тастау жеткілікті.
- Мүмкін болса, терезенің тек жоғарғы бөлігін ашқан жөн.
- Баламен терезенің алдында ойнамаңыз. Даладағы көліктерді, адамдарды көрсету үшін баланы терезенің алдына отырғызбаңыз. Ол қасында сіз жоқ кезде де солай отырып көруге болады деп ойлайды.
- Үстіне оңай шығатын жиһазды терезенің қасына қоймаңыз. Жалпы, бала жалғыз ойнап отқан бөлмеге ол оңай көтере/ысыра алатын орындықты қалдырмаңыз.
- Москит торға сенбеңіз. Бұл ата-ананың көпшілігі жіберетін қателік. Москит тор бала салмағын көтермейді.
- Жалюздің баулары мен шынжырлары төмен салбырап тұрмауы керек: олар балаға терезенің алдына шығуға көмектеседі.
- Балконға әйнек салу керек.
- Аз уақытқа болса да балаларды үйде жалғыз қалдырмау қажет.
Бала ата-анасының және отбасыдағы басқа да ересек адамдардың әрекетін қайталайтынын және олардан үлгі алатынын ұмытпаңыз. Сондықтан өзіңіз де терезенің алдына отырудан, терезеден басыңызды шығарып, төмен салбырап қараудан және терезе арқылы даладағы адаммен сөйлесуден аулақ болыңыз. Әрдайым терезеге алыстан қарап, қатты жақындауға болмайтынын түсіндіріп жүріңіз.
«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»