Сейсенбі, 12 Мамыр 2026 20:19

Түркістан облысы: Төлеби ауданында жаңа спорт кешені ел игілігіне берілді

Төлеби ауданы Аққұм ауылында «Мұхит Әлі» атындағы спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті. Қуанышты сәтке аудан және облыс тұрғындарымен қатар көршілес Жамбыл, Қызылорда облыстарынан, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларынан арнайы келген қонақтар қатысып, ақжарма тілектерін жеткізді.

Аққұм ауылының тумасы, мемлекет және қоғам қайраткері Мұхит Оралбайұлы Әлі еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастап, бірнеше аудан мен қаланы басқарды. Әр жылдары Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары, облыс әкімінің кеңесшісі секілді жауапты қызметтер атқарып, ел дамуына сүбелі үлес қосты. Сонымен қатар ұлттық руханиятқа да қалтқысыз қызмет етті.Туған жерін ерекше қадірлеген Мұхит Әлі көзі тірісінде туған ауылына көптеген игі іс атқарды. Ауыл мешітінің салынуына ұйытқы болып, ел игілігіне қызмет ететін нысандардың бой көтеруіне қолдау білдірді. Оның үлкен армандарының бірі – ауыл жастары үшін заманауи спорт кешенін салу болатын. Алайда тағдыр оған бұл арманын жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді.

Асыл арманды жалғастырған ел азаматтары Мұхит Әлі бастаған игі жолды жалғастырып, оның туған күнінде ауылға үлкен тарту жасады. Аққұм ауылында өсіп-өнген азамат, кәсіпкер Төре Сапарханұлы Құрбанов «Мұхит Әлі» атындағы спорт кешенін ел игілігіне табыстады. Салтанатты жиынға мемлекет қайраткері Нартай Дүтбаев, Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, жазушы-драматург Роза Мұқанова, бокстан Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл Шойбекова, осы ауылдың тумасы, ақын Күлия Айдарбекова, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Құлбек Ергөбек және өзге де зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарын қуанышпен құттықтады.

Сондай-ақ, ел ағалары Жеңісбек Тұрғанов пен Созақбай Әбдіқұлов ақ батасын беріп, ізгі тілектерін арнады. Белгілі ақын Біржан Байтуов арнайы арнау оқып, ауылдан болашақта ел мерейін асқақтататын чемпиондар көптеп шығуына тілектестік білдірді. Іс-шара соңында Мұхит Оралбайұлы Әлінің рухына бағышталып құран оқылып, ас берілді. Жаңа спорт кешені ауыл жастарының спортпен тұрақты шұғылдануына, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге зор мүмкіндік береді.

Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы. Олай болса, балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің мойнындағы борышы. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Президент ретіндегі алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударған болатын.

Жалпы спорт саласы елімізде кең қолдауға ие. Саланың дамуына, бұқаралық спорт қозғалысын арттыруға, спорттағы жетістіктерді ынталандыруға бағытталған көптеген шаралар көз алдымызда ұйымдастырылуда. Сондықтан жыл өткен сайын баласын спорттың әртүрлі саласына жетектеп әкелетін ата-аналардың саны артып келеді. Әрине халықты спортшыларымыздың халықаралық дәрежеде жеткен жетістіктіктері де ынталандырары анық. Осы орайда еліміздің спортшылары соңғы онжылдықтарда халықаралық жарыстарда, Олимпиада ойындарында еліміздің намысын жыртып, үздік нәтижелерді көрсетіп келе жатқанын мақтанышпен айта аламыз. Мемлекет басшысының өзі спортшыларымызды халықаралық жарыстарға шығар алдында арнайы шақырып, сәттілік тілеп шығарып салуының өзі спорт саласының мемлекетіміздің басты назарында екенін айқындайды. Еліміз беделді халықаралық жарыстарды өткізетін елге айналып, арнайы спортшыларға арнап қалашықтар тұрғызып, спорттық нысандар санын көбейтуде. Бұл Қазақстанда спорт мәдениетінің жоғары деңгейде дамуының ғана көрсеткіші емес, оның әлемдік мойындалуын көрсетеді.

Бүгінде Түркістан облысында спорт саласы қарқынды дамып келеді. Түркістан облысының спорт мектептерінде 89700 спортшы спорттың 63 түрімен тұрақты түрде тегін шұғылдануда. 2025 жылғы 12 айда дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар саны 851 мың адамға жетіп, халықтың 42,8 пайызын құрап бекітілен индикаторлық көрсеткіш орындалды. Соның ішінде 3-18 жас аралығындағы дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын балалар мен жасөспірімдердің үлесі 266 мыңға жеткен.

Былтыр 63,6 млрд. теңгеге 102 спорт нысан құрылысы аяқталды. 2026 жылы 11,3 млрд. теңгеге 20 спорт нысанының құрылысын аяқтау жоспарланған. Оның 9-ы жеке инвесторлар есебінен атқарылады. Соның ішінде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының демеушілігімен Бәйдібек және Келес аудандарында 2 ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Мемлекет басшысының барлық өңірде инклюзивті спорт орталығын салу туралы тапсырмасы бойынша Түркістан қаласында пайдалануға берілген спорт нысанына жабдықтау жұмыстары жүргізіліп, облыстық «Сауран» мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған спорт мекемесінің теңгеріміне беріледі.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 52 рет