Ел чемпионатына Астана және Алматы қалаларынан, Атырау, Ақмола, Жамбыл, Қостанай облыстарынан, сондай-ақ Шымкент қаласы мен Түркістан облысынан келген 150-ге жуық спортшы қатысуда. Байрақты бәсекеде еліміздің үздік триатлоншылары өзара мықтыны анықтайды.Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров пен Қазақстан триатлон федерациясының бас хатшысы Сергей Майер қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
9–10 мамыр күндеріне жоспарланған ел чемпионатының алғашқы жарыс күнінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Нәтижесінде Түркістан облысының спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, облыс қоржынына 5 медаль еншіледі. Elite санатында ерлер арасында Егор Крупяков қола жүлдеге ие болса, әйелдер арасында Надежда Бегмаганбетова да қола медаль жеңіп алды. Сонымен қатар, U23 жас санатында Даяна Карим қола медаль иеленді. U19 санатында Матвей Шевнин күміс жүлдегер атанса, U17 жас ерекшелігінде Мұрат Әлхам күміс медальға қол жеткізді.
Осылайша, жарыстың алғашқы күнінің қорытындысы бойынша түркістандық спортшылар 2 күміс және 3 қола медаль еншіледі. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров пен Қазақстан триатлон федерациясының бас хатшысы Сергей Майер арнайы алғыс хаттармен және медальдармен марапаттады. Айта кетейік, ел чемпионатында үздік атанған спортшылар маусым айында Қытайда өтетін Азия чемпионатына жолдама алады. Рухани шаһардағы Қазақстан чемпионаты 10 мамыр күні өз мәресіне жетеді.
Бүгінде Түркістан облысында спорт саласы қарқынды дамып келеді. Түркістан облысының спорт мектептерінде 89700 спортшы спорттың 63 түрімен тұрақты түрде тегін шұғылдануда. 2024 жылмен салыстырғанда2025 жылы 27438 балаға немесе 69 пайызға артты. 2025 жылғы 12 айда дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар саны 851 мың адамға жетіп, халықтың 42,8 пайызын құрап бекітілен индикаторлық көрсеткіш орындалды. Соның ішінде 3-18 жас аралығындағы дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын балалар мен жасөспірімдердің үлесі 266 мыңға жеткен. Мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында 3 млрд. 400 млн теңге бөлініп, 384 өнім беруші 25226 баланы спорттық секциялармен қамтыған. Облыс көлемінде 3273 бұқаралық спорттық іс-шара өткізіліп, оған 273 мыңнан астам адам тартылған.
Биыл 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айти-Нагоя қаласында жазғы Азия ойындары өткізіледі. Оған спорттың 17 түрінен облыстың 35 спортшысы үміткер болып отыр. Сайыпқырандар 1 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль алады деп жоспарлануда. Одан бөлек пара Азия ойындары аталған елде 18-24 қазан аралығында өткізіледі. Ол сынға түркістандық 7 үміткер қатысып, 3 медаль олжалайды деп күтіліп отыр. Дайындық жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Былтыр 63,6 млрд. теңгеге 102 спорт нысан құрылысы аяқталды. 2026 жылы 11,3 млрд. теңгеге 20 спорт нысанының құрылысын аяқтау жоспарланған. Оның 9-ы жеке инвесторлар есебінен атқарылады. Соның ішінде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының демеушілігімен Бәйдібек және Келес аудандарында 2 ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Мемлекет басшысының барлық өңірде инклюзивті спорт орталығын салу туралы тапсырмасы бойынша Түркістан қаласында пайдалануға берілген спорт нысанына жабдықтау жұмыстары жүргізіліп, облыстық «Сауран» мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған спорт мекемесінің теңгеріміне беріледі.
Спорт саласында «Event tourism»-ді дамыту бойынша Түркістанда 40-қа жуық әлемдік, халықаралық және республикалық деңгейдегі ірі жарыстар өткізу межеленген. Жуырда Түркістан қаласында шахматтан балалар мен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өткізілді. Аталған жарысқа еліміздің барлық өңірлерінен 1100-ге жуық жас спортшы қатысты.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат