Осыған орай, Сарыағаш ауданына қарасты Таскескен елді мекенінде кіші футбол және workout алаңшасы пайдалануға берілді. Әлеуметтік нысандардың салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Арман Абдуллаев қатысып, жергілікті тұрғындарды жаңа нысанның іске қосылуымен құттықтады. Сонымен қатар іс-шараға аудандық мәслихат депутаттары, жергілікті тұрғындар мен ауыл ақсақалдары қатысты. Ауыл тұрғындары игі бастаманың маңыздылығын атап өтіп, өз ризашылықтарын білдірді.
Аталған спорт алаңшасының құрылысы аудандық бюджет есебінен қаржыландырылып, «AIN Development» ЖШС тарапынан жүзеге асырылды. Нысан кіші футбол алаңымен қатар, заманауи workout құрылғыларымен толық жабдықталған. Айта кетейік, жаңа алаңша ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне, дене шынықтырумен тұрақты айналысуына және түрлі спорттық іс-шаралар ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Жалпы, өңірдегі спорт саласының дамуы туралы да азды-кем айта кетейік. Түркістан облысының спорт мектептерінде 89700 спортшы спорттың 63 түрімен тұрақты түрде тегін шұғылдануда. 2024 жылмен салыстырғанда 27438 балаға немесе 69 пайызға артты. 2025 жылғы 12 айда дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар саны 851 мың адамға жетіп, халықтың 42,8 пайызын құрап бекітілен индикаторлық көрсеткіш орындалды. Соның ішінде 3-18 жас аралығындағы дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын балалар мен жасөспірімдердің үлесі 266 мыңға жеткен. Мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында 3 млрд. 400 млн теңге бөлініп, 384 өнім беруші 25226 баланы спорттық секциялармен қамтыған. Облыс көлемінде 3273 бұқаралық спорттық іс-шара өткізіліп, оған 273 мыңнан астам адам тартылған.
Былтыр 63,6 млрд. теңгеге 102 спорт нысан құрылысы аяқталды. 2026 жылы 11,3 млрд. теңгеге 20 спорт нысанының құрылысын аяқтау жоспарланған. Оның 9-ы жеке инвесторлар есебінен атқарылады. Соның ішінде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының демеушілігімен Бәйдібек және Келес аудандарында 2 ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Мемлекет басшысының барлық өңірде инклюзивті спорт орталығын салу туралы тапсырмасы бойынша Түркістан қаласында пайдалануға берілген спорт нысанына жабдықтау жұмыстары жүргізіліп, облыстық «Сауран» мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған спорт мекемесінің теңгеріміне беріледі.
Қазіргі таңда көптеген елді мекендерде спорт алаңдарының жетіспеуі тұрғындардың дене белсенділігіне кедергі келтіреді. Ал спорт нысандары көбейген жағдайда әрбір азамат, әсіресе балалар мен жастар, өз тұрғылықты жеріне жақын маңда спортпен айналысу мүмкіндігіне ие болады. Бұл спортты күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдыруға жол ашады. Спорт нысандарының көбеюі халық денсаулығын нығайтуда маңызды рөл атқарады. Жүйелі түрде спортпен айналысатын адамдар арасында жүрек-қан тамырлары аурулары, семіздік, қант диабеті сияқты дерттер сирек кездеседі. Ашық және жабық спорт алаңдарының қолжетімді болуы тұрғындарды белсенді өмір салтына тартып, аурудың алдын алуға ықпал етеді. Нәтижесінде денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктеме де азаяды. Әсіресе балалар мен жасөспірімдер үшін спорт нысандарының маңызы зор. Мектеп маңында немесе елді мекендерде салынған спорт алаңдары жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Спортпен айналысқан жасөспірім тәртіпті, жауапкершілікті және мақсатқа ұмтылғыш болып қалыптасады. Сонымен қатар спорт нысандарының көп болуы жастарды зиянды әдеттерден, құқық бұзушылықтан және әлеуметтік теріс қылықтардан сақтаудың тиімді құралы болып табылады.
Спорт нысандарын көбейту әлеуметтік теңдікті қамтамасыз етуге де ықпал етеді. Қала мен ауыл арасындағы инфрақұрылымдық алшақтықты азайту арқылы ауыл тұрғындарына да сапалы спорттық жағдай жасауға болады. Ауылдық жерлерде салынған қарапайым спорт алаңдарының өзі тұрғындардың дене белсенділігін арттырып, қоғамның әлеуметтік өмірін жандандырады. Бұл өз кезегінде халықтың өмір сапасын жақсартуға әсер етеді.Экономикалық тұрғыдан алғанда, спорт нысандарының көбеюі де пайдалы. Сонымен қатар спорттық іс-шаралар, жарыстар мен турнирлер өткізу арқылы өңірдің туристік тартымдылығы артады. Спорт нысандары кәсіби спорттың дамуына да жол ашады. Заманауи талаптарға сай салынған стадиондар мен спорт кешендері болашақ чемпиондарды даярлауға мүмкіндік береді. Дарынды спортшылардың қабілетін ерте анықтап, жүйелі түрде жаттықтыру арқылы елдің халықаралық ареналардағы жетістігін арттыруға болады. Бұл мемлекет беделінің көтерілуіне және жастардың спортқа деген қызығушылығының артуына ықпал етеді.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат