Таңғы сағат 07:30-да басталған марафонға аудан тұрғындары, жастар, мекеме қызметкерлері және спорт сүйер қауым белсенді қатысып, жалпы саны 500-ге жуық адам жиналды. Жарыс барысында қатысушылар төзімділік пен жылдамдықты қатар көрсетіп, бірлік пен ынтымақтың жарқын үлгісін паш етті. Іс-шараның ашылу салтанатында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров қатысушыларды мерекемен құттықтап, бұқаралық спортты дамыту мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар аудан прокуроры Алмас Асылбеков және аудандық мәслихат депутаты Боханов Сұлтанбай марафоншыларға сәттілік тіледі.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен спортшылар анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер қаржылай сыйлықтармен марапатталды. І орынды – Юлдашов Шахрух (Жаңа Иқан ауылы), ІІ орынды – Усманов Нияз (Ескі Иқан ауылы), ІІІ орынды – Рысқұлов Азатбек (Ескі Иқан ауылы) иеленді. Ашық марафон бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру және қоғамдағы өзекті мәселелердің алдын алуға бағытталды.
Сондай-ақ, Мақтаарал ауданында да «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында және 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесіне орай «Салауатты ұлт – салауатты ұрпақ» ұранымен бұқаралық жүгіру марафоны ұйымдастырылды. «Бірлік марафоны» атауымен өткен бұл спорттық шара аудан тұрғындарын бірлікке, татулыққа және салауатты өмір салтын ұстануға үндеді. Ауқымды марафонға 200-ден астам аудан тұрғыны қатысып, өзара бақ сынады. Қатысушылар Мырзакент кентінің мөлтек ауданында орналасқан «Жеңіс» саябағынан бастап Чкалов және Қожанов көшелерінің бойымен орталық саябаққа дейінгі 3 шақырым қашықтықты жүгіріп өтті. Жарысқа әртүрлі жас санатындағы әуесқой спортшылар мен белсенді азаматтар қатысып, жоғары дайындықтарын көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша үздіктер анықталып, мәреге бірінші болып Болат Қуаныш келді. Екінші орынды Рузимбек Кенжаев иеленсе, үшінші орын Наби Мейрамбекке бұйырды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы марапаттарға ие болды.Марапаттау рәсімі орталық саябақта ұйымдастырылып, оған аудан әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов пен аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Сәкен Жайлыбаев қатысты. Олар жарыс жеңімпаздарын арнайы медальдармен, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапаттап, қатысушыларға алғыстарын білдірді. Іс-шараның басты мақсаты – аудан тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту және қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайту. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай спорттық шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Айта кетейік, «Бірлік марафоны» – тек спорттық жарыс қана емес, сонымен қатар аудан тұрғындарын ортақ мақсатқа біріктіретін маңызды қоғамдық бастамаға айналып келеді.
Мұнымен қоса Түркістан облысы Сарыағаш ауданында да 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай «Спорт – денсаулық кепілі!» ұранымен аудандық бұқаралық марафон ұйымдастырылды. Ауқымды спорттық шараға 300-ден астам аудан тұрғыны қатысып, салауатты өмір салтын насихаттауға белсенді үлес қосты. «Спорт – денсаулық кепілі!» ұранымен республика көлемінде өткізілген марафон аудан тұрғындары мен түрлі қоғамдық ұйым өкілдерін бір мақсатқа жұмылдырды. Жүгіру бағыты Сарыағаш қаласының Самал мөлтек ауданында өтіп, жалпы ұзындығы 4 шақырымды құрады. Аталған іс-шараға спортсүйер азаматтар, белсенді жастар мен әртүрлі жас санатындағы тұрғындар қатысты. Марафонға 18 жастан 60 жасқа дейінгі қатысушылар қамтылып, бұқаралық спортты дамытуға кеңінен мүмкіндік жасалды. Іс-шара барысында аудан әкімінің орынбасары Алдияр Қозыбаев қатысушыларға сәттілік тілеп, жарысты ресми ашып берді.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат