Салтанатты шарада аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы сөз сөйлеп, ауыл жұртшылығын жаңа спорт нысанының ашылуымен және ел үшін қастерлі Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады. Сонымен қатар Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров құттықтау сөз сөйлеп, жаңа спорт кешенінен еліміздің көк Туын әлемдік ареналарда абыроймен желбірететін дарынды спортшылар өсіп шығарына сенім білдірді. Салтанатты рәсімнен кейін қатысушылар жаңа спорт кешенін аралап, ішкі құрылымы мен көрсетілетін қызмет түрлерімен танысты.
Айта кетейік, спорт кешенінің жалпы жер аумағы 1,5 гектарды құрайды. Ғимараттың жалпы көлемі – 1356 шаршы метр. Екі қабатты нысанда футбол, волейбол, баскетбол алаңдары, бокс, күрес және жаттығу залдары орналасқан. Бұған қоса медициналық кабинет, киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелер, қызметкерлерге арналған жеке кабинеттер қарастырылған. Кешен аумағы толық қоршалып, ғимараттың сыртқы фасады заманауи үлгіде қапталған. Жаңа спорт кешені ауыл тұрғындарының, әсіресе жастардың спортпен жүйелі айналысуына және бұқаралық спорттың дамуына тың серпін береді.
Биылғы жылы Созақ ауданында құрылыс және инфрақұрылымдық жобаларға басымдық беріліп, ауданның дамуына айтарлықтай ықпал етуде. Шолаққорған ауылындағы «Достар» стадионы күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар, Шолаққорған ауылында 200 орындық заманауи «Спорттық-сауықтыру» кешені пайдалануға берілді. Сонымен бірге, С.Қожанов көшесінен жаңа кітапхана ғимаратының құрылысы басталды. Шолаққорған ауылында қатты тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын жинау орны мен оқушылар сарайы және өрт сөндіру бекетінің құрылысы бойынша сметалық құжаттамалар әзірленуде. Аудан жастарының бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік беретін бірқатар жобалар да жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Сызған, Жартытөбе, Құмкент, Жуантөбе, Тасты және Шу ауылдарында жергілікті бюджет есебінен жабық үлгідегі кіші футбол алаңдары салынуда.
Сонымен қатар, «Халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін аудандық аумақтық орталығы» ғимараты жөндеуден өтіп, «Белсенді ұзақ өмір және тең қоғам орталығы» ауласына футбол, баскетбол және волейбол алаңдары салынды. Жібек жолы көшесіндегі №5 ғимаратта ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, «Отбасын қолдау орталығы» ашылды. Ауданның ішкі жолдар жүйесін жақсарту мақсатында аудандық бюджеттен бөлінген қаржы көлемі екі есеге артты. «Ауыл - Ел бесігі» бағдарламасы аясында 14,2 шақырымды құрайтын 12 көше асфальт жабындысымен жаңартылуда. Бұдан бөлек, аудандық бюджеттен 1 миллиард 288 миллион 560 мың теңге бөлініп, 66,4 шақырым жолға асфальт жабындысы мен қиыршық тас төселетін болады. Бұл қаржы бұрын-соңды жол жөндеуге бөлінбеген. Мәселен, Шолаққорған ауылында С.Мұқанов, Ембергенов, П.Маханов және басқа да көшелерге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, ауданның өзге ауылдарында да жол жөндеу жұмыстары қарқынды түрде жүзеге асуда.
Аудан орталығындағы маңызды көшелердің бірі – С.Қожанов және Жібек жолы көшелерінде абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Тозығы жеткен бағаналар мен аяқжолдар жаңартылып, барлық ауылдар мен елді мекендердің ішкі көшелерін 100 пайызға көше жарықшамдарымен қамтылады. Шолаққорған-Түркістан бағытындағы жолдың екі бетінен құрылған «Жасыл белдеу» аумағы биыл 2 шақырымға ұлғайып, 5000-нан астам тал көшеттері егілді. Сондай-ақ, аудандық маңызы бар Шолаққорған-Балдысу бағытындағы автомобиль жолындағы су өткізгіш құбырға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Балдысу елді мекенінде ұсақ малдарды тоғытатын нысан салынды.
Осы тұста айта кету керек, Созақ ауданында былтыр жыл басынан бері 179 миллиард 568 миллион 400 мың теңгенің жалпы өңірлік өнімі өндірілген. Жалпы, өңірдегі негізгі көрсеткіштер жыл сайын жоғарылап, өсім байқалады. Алдыңғы жылдың қорытындысы бойынша Созақ ауданы өнеркәсіп өнім көлемі мен жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының көрсеткіштері бойынша облыста көш бастаған болатын. Сонымен қатар, ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында біршама жұмыстар атқарылып жатыр. Аталған бағдарламаға алдыңғы жылы 277 жоба тапсырылып, 210 жоба 1 миллиард 169 миллион 410 мың теңгеге несие алған. «Қазіргі таңда Созақ ауданына қарасты 33 елді мекеннің 29-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Оның 21-і 24 сағат бойы тоқтаусыз ауыз суға қосылса, 5 елді мекенге кесте бойынша беріледі. Сондай-ақ, табиғи газға қосылу бойынша да біршама тындырымды істер қолға алынған. 2024 жылы АГТС қондырғылары орнатылып, іске қосылып, Шолаққорған ауылы мен Жеткіншек елді мекенінің тұрғындары табиғи газбен қамтылды. Ал «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде 2022 жылы ұлттық қордан Созақ ауылындағы спорт алаңы құрылысы жобасына қаржы бөлініп, 2023 жылы пайдалануға берілген.
Ауданның дамуына толығырақ тоқталып өтсек. Бүгіндері Созақ ауданында ауыл шаруашылығы саласы бойынша бірқатар тындырымды тірлік бар. Мәселен, өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру үшін Шолаққорған, Созақ, Құмкент, Жартытөбе ауылдық округтері қатысқан. Аталған ауылдық округтерден ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылып, жеңілдетілген несиемен қамтылып 88 миллион 850 мың теңгеге ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды. «Ауыл аманаты» жобасына 277 жоба тапсырылып, 210 жоба 1 миллиард 169 миллион 410 мың теңгеге несие алды. Ал 2024 жылы аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін Қаратау, Қарақұр, Сызған және Шолаққорған ауылдық округтері ұсынылды.
Осы тұста назар аударар жайт, былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында елімізде 17 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Үкімет «Жайлы мектеп», «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту», Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы, Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы, «Бір ауыл – бір өнім», «Ауыл – Ел бесігі» және тағы басқа бағдарламалық құжаттардың ережелері интеграцияланған Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын қабылдап, іске асыруда. Ауыл халқының табысын арттыру үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту үшін кредит беру (8 мың АЕК-ке дейін) көзделген. Бұл ауыл шаруашылығы техникасын, қажетті жабдықтарды сатып алу, өсімдік және мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жөніндегі шағын цехтарды ашу бойынша ынталандыру болады.
Созақ ауданында өткен жылы негізгі капиталға 678,1 миллион теңге инвестиция тартылып, жылдық жоспар 100% орындалды (жоспар: 677,8 миллион теңге). Тамақ өндірісіне 205,8 миллион теңге инвестиция тартылып, 101,2% орындалды (жоспар: 203,3 миллион). Егістік жер көлемі 14 390 гектарға игеріліп, 100,6% орындалды (жоспар: 14 300 гектар). Жерге тамшылатып суару әдісі 5,2 гектарға енгізіліп, 104%-ға орындалды (жоспар: 5 гектар). 30 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары алынып, жоспар 100% орындалды. Жаңбырлатып суару әдісі 164 гектар жерге ендіріліп, 100% орындалды (жоспар: 164 гектар). 4 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, меже (100%) орындалды. 8 дана жоғары отбасылық құс фермасы 500 бастан ашылып, 33%-ға орындалды (жоспар: 24 ферма). Сондай-ақ, жыл қорытындысына сәйкес Созақ ауданында мүйізді ірі қара 36 129 бас, қой 245 338 бас, ешкі 23 540 бас, жылқы 30 115 бас, түйе 15 072 бас, құс 25 037 басты құрады.
Инфрақұрылымға келейік. Созақ ауданы көлеміндегі 33 елді мекеннің 29 елді мекеніндегі 62 910 адам орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Орталықтандырылған ауыз су құбыры бар 29 елді мекеннің 21 елді мекеніне ауыз су 24 сағат берілсе, қалған 5 елді мекенге (Сызған, Созақ, Қарақұр, Қаратау, Қозмалдық) кестемен берілуде. «Шолаққорған ауылының Ақшам және Наурыз мөлтек аудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету құрылысы» нысаны 2022 жылы басталып, нысан 2023 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілді.
Қарабұлақ, Балдысу, Басбұлақ, Саржаз және Сызған елді мекендеріне ауыз су құбырын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірленіп, аудандық бюджеттен 9 миллион теңге, облыстық бюджеттен Қарабұлақ, Балдысу елді мекендеріне 34 миллион 400 мың теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталған. Қарабұлақ, Балдысу, Басбұлақ, Саржаз елді мекендеріне ауыз су құбырын жүргізу үшін және Сызған елді мекенін тәулік бойы ауыз сумен қамту үшін құрылыс-монтаждау жұмыстары 2023 жылдың қазан айынан басталып, нысандар былтырғы жылдың соңында пайдалануға берілді.
«Ауыл — Ел бесігі» жобасы шеңберінде атқарылған шаруаларға тоқталсақ. Жолдарды жақсарту мақсатында 2023 жылы «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 22,4 шақырымды құрайтын 18 көшеге асфальт жабындысын төсеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен 11,6 шақырымдық 11 көшеге асфальт жабындысы төселді. Алдыңғы жылы Жартытөбе, Аққолтық, Балдысу және Басбұлақ елді мекендерінің ішкі көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде елді мекеннің жолдары 100% асфальт жолмен қамтылды. 2024 жылы «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 16,4 шақырымды құрайтын 17 көшеге асфальт жабындысын төсеу үшін мердігерді анықтауға мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылды. Сондай-ақ, аудандық бюджеттен 19,7 шақырымдық 17 көшеге асфальт жабындысын төсеу үшін мердігерді анықтауға мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылды.
Табиғи газбен қамту бойынша да ілгерілеу байқалады. Айталық, «Созақ ауданында АГТС бар магистральды газ құбыры-тармағын салу» нысаны бойынша 2019-2022 жылдар аралығында Жаңатас қаласы бұрылысынан Шолаққорған ауылына дейінгі 43,8 шақырым магистральды газ құбыры траншеяға 100% көмілген. Газды қабылдау құрылғысы (УПОУ) орнатылды. АГТС қондырғыларының орындары дайындалып, қоршалған. Электр бағаналары орнатылып, электр желілері жүргізілді. Найзағайдан қорғау прожектор діңгегі (ПМЖ) 5 дана және КТП-10/04кВ дизельдік электростанциясы орнатылды. ВОЛЬС кабельдері жүргізілді. 2024 жылға қосымша шарт түзіліп, ағымдағы жылдың наурыз айында АГТС қондырғыларының 2 данасы жеткізілді.
Шолаққорған ауылы мен Жеткеншек елді мекенін табиғи газбен қамту мәселесін нақтырақ ашықтай кетсек. Аудан орталығы Шолаққорған ауылы мен Жеткеншек елді мекенін табиғи газбен қамту үшін «Шолаққорған ауылдық округінің газ тарату желісін салу» жұмыс жобасы бойынша 2021-2022 жылдар аралығында 100-ге жуық көшеде орналасқан 3200 абонентке газ құбыры жүргізілді. Шкафты газ реттеу пункітінің орындары дайындалып, 5 дана ШРП орнатылды. 2024 жылы АГТС қондырғылары орнатылып, іске қосылып, Шолаққорған ауылы мен Жеткеншек елді мекені тұрғындары табиғи газбен қамтылды.
Шолаққорған ауылындағы «Астана» мөлтекауданына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы жобалық-сметалық құжаттамасына түзету енгізуге оң сарапта қорытындысы алынды. Нәтижесінде жер кезегінде тұрған 435 адам тұрғын үйге жер телімдерін беруге мүмкіндік болады. Шолаққорған ауылындағы заманауи спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізіліп, 2024 жылдың аяғында аяқталды. «Қарақұр ауылдық округі аппараты әкімшілік ғимаратының құрылысы нысаны 2023 жылы басталып, былтыр пайдалануға берілді. Қарақұр ауылында кіші жабық футбол алаңының құрылысы жүргізілді. Бұл нысан да былтыр аяқталады.
Президенттің тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында Шолаққорған ауылынан 900 орындық Ыбырай Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің құрылыс жұмыстары жүруде. Ыбырай ауылынан 200 орындық Құрманғазы атындағы шағын жинақты жалпы орта мектебі пайдалануға берілді. Қазіргі таңда жалпы 6 951 бала ыстық тамақпен қамтылған, оның ішінде 1-4-ші сынып оқушылары — 5 920 бала. Балалардың қауіпсіздігін күшейту мақсатында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес барлық мектептердің бейнебақылау жүйелері ауыстырылды. Аталған бейнебақылау жүйелері полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылды. «Балалар жылы» аясында Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде облыс мектептеріне лизинг тәсілімен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ы арқылы 3 заманауи автобус алынып, аудан бойынша 3 елді мекенде 103 бала мектепке тасымалдануда. Аудандағы 38 балабақшада (17 — мемлекеттік, 21 — жекеменшік) 4141 бала тәрбиеленуде (мемлекеттік балабақшаларда — 2 492 бала, жекеменшік балабақшаларда – 1 649 бала).
Жұмыспен қамту саласындағы деректер мен дәйектер де көңіл көншітеді. Мәселен, Ұлттық жобалар шеңберінде 4 713 азамат әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылып, жылдық жоспар 130 пайызға орындалды. ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» тапсырмасына сәйкес, 714 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып, 12 айдың қорытындысына сәйкес 861 жаңа жұмыс орны ашылды. Жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрайды. 2023 жылы 3 рет жәрмеңке өткізіліп, барлығы 260 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыспен қамту шараларына тартылды.
«Қуатты өңірлер: ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы аясында 21-35 жас аралығындағы жастарға Түркістан облысы «Агронесие корпорациясы» АҚ арқылы 2,5 % шағын несиемен алдыңғы жылы 32 азаматты 160 миллион теңге қаржымен қамту жоспарланып, жыл қорытындысына сәйкес 26 азамат тарапынан 122 миллион 600 мың теңге алуға тиісті құжаттары жинақталып, комиссия отырысына қарауға ұсынылған. Оның ішінде 20 азамат 95 миллион 698 мың теңге несиеге қол жеткізу үшін комиссия шешімінің оң қорытындысын алып, шағын несие алуға Түркістан облысы «Агронесие корпорациясы» АҚ-мен 19 азамат 92 миллион 600 мың теңге алу мақсатында келісімшартқа қол қойып, қаржысын алды.
Мәдениет саласына ойысайық. Созақ ауданында қазіргі таңда 40 мәдени мекеме аудан халқына мәдени қызмет көрсетіп отыр. Оның ішінде 17 мәдениет үйі мен клубтар болса, 23-і — кітапхана. Алдыңғы жылы жылы ағымдағы жөндеу жұмыстарын қажет ететін 3 мәдениет мекемесіне аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Олар: Созақ ауылдық мәдениет үйі (ағымдағы жөндеу), Жартытөбе ауылдық клубы (жылу жүйесіне жөндеу), Жуантөбе ауылдық клубы (жылу жүйесіне жөндеу). Сондай-ақ, Ақсүмбе ауылдық клубын ағымдағы жөндеуден өткізуге сметалық құжаттар әзірленді. Тасты ауылынан 75 орындық ауылдық мәдениет үйін салуға жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді.
Спорт саласында ауыз толтырып айтатын жетістіктер жоқ емес. Аудан тұрғындарының спортпен тұрақты түрде шұғылдануына ықпал жасау мақсатында ауданда 198 спорттық нысан жұмыс істеп тұр. 2023 жылы 5 спорт нысанының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Қаратау ауылынан жабық кіші футбол алаңы, Созақ ауылынан 1000 орындық жаңа стадион, демеушілер есебінен Шолаққорған ауылының С.Әбуов және А.Спатаев көшелерінен балалар ойын алаңшалары мен кіші футбол алаңы және Шу ауылынан баскетбол, волейбол алаңшасы мен «Street workout», балалар ойын алаңшасы, Қаратау ауылдық округіндегі Саржаз елді мекенінен кіші футбол алаңшасы пайдалануға беріліп, Шолаққорған ауылының Түркістан бағытына қарай тас жол бойынан республикалық бюджет есебінен заманауи үлгідегі спорт кешенінің құрылысы басталып, 2024 жыл соңына қарай құрылысы аяқталды.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бойынша атқарылған жұмыстар барысы туралы айтсақ. Елімізде тазалыққа қатысты мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы өтуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Таза Қазақстан» акциясы тұрақты дағдыға айналатын бастама екенін айтты. Акция аясында ауданда түрлі шаралар іске асырылуда. Аудан орталығының аумағы 5 секторға, яғни ондағы 144 көшеге жауапты ретінде бекітілген әр мекеме қызметкерлері аялдамаларды қалпына келтіру, күл-қоқыс шығару, тазалау, реттеу жұмыстарын жүргізіп, су өткелдерін, көпірлерді, өзен, канал, бұлақ, арық бойларын тазалап, қураған ағаштарды жою мен көшелердің бойындағы жол белгілері мен электр бағаналарын реттеу, сырлау сынды жұмыстарын жүргізді.
Сондай-ақ аудан аумағын жасыл желекке айналдыру мақсатында жалпы саны 27 500 тал көшеті отырғызылды. Шолаққорған-Түркістан бағытындағы «Жасыл белдеу» аумағы жолдың екі шетін қоса есептегенде 5 шақырымға артты. Бұл аумақ қазіргі уақытта толықтай қоршалды. 10 мың метрге жуық шарбақ тартылып, егілген тал көшеттерін суару жүйесі орнатылды. Осылайша барша мекеме қызметкерлері, аудан тұрғындары, жастар қауымы тазалық жұмыстарына көмек қолын созуда әрдайым ниетті екендіктерін білдіріп келеді.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат