Дүйсенбі, 15 Желтоқсан 2025 23:32

Түркістан облысы: жетісайлық балуандар халықаралық турнирде 15 медаль жеңіп алды

Түркістан облысына қарасты Жетісайда аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Жетісай спорт клубы» КММ мен «Ой қамшы» әдеби, тарихи білім жобасының бастамасымен 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесіне орай Оразгелді ата ұрпақтарының демеушілігімен «Елім менің – Қазақстан» ұранымен еркін күрестен халықаралық турнир өтті. Айтулы сында Жетісай ауданының жасөспірім балуандары 15 медаль иеленді.

Көршілес Қырғызстан, Өзбекстан республикаларымен қатар еліміздің барлық облыстарынан келген 32 командада 500 балуан 17 салмақ бойынша өзара мықтыны анықтаған турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков пен спорт ардагері, халықаралық дәрежедегі төреші Бақыт Жаңбырбаев, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев пен аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Данияр Толыбаев, «Жетісай спорт клубы» КММ директоры Таласхан Битуреев пен спорт жанашыры Құнанбай қажы Мұсаев бастаған ел ағалары, Мақтаарал аудандық №1 балалар мен жас өспірімдер спорт мектебінің директоры Ғабит Жанаев қатысты.

Салауатты өмір салтын насихаттай отырып жасөспірімдер арасында достық қарым-қатынасты нығайтуды, жаңа жас таланттарды анықтауды, бұқаралық спортты дамытуды мақсат еткен жарыста арнайы қонақ болған еркін күрестен ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков пен ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Дәурен Жабасов, грек-рим күресінен Олимпиада және Әлем чемпионаттарының жүлдегері, өзбекстандық Ихтиер Наврузов пен ел ағалары байрақты бәсекеде бабы мен бағы қатар жанып, қарсыласын алып та, шалып та жыққан балуандар мен олардың жаттықтырушыларын арнайы медалдармен және аудан әкімінің дипломдарымен, чемпиондық белбеулермен және қаржылай сыйлықтармен марапаттады. Жарыстың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан ұйымдастырушыларға ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының алғыс хаттарын табыс етті.

12-14 күндері аралығында 2011-2013 және 2014-2015 жылы туған жасөспірімдер арасында өткен турнир қорытындысы бойынша командалық есепте 2 алтын және 3 қола медальмен Қырғызстан балуандары ІІІ орынға табан тіресе, Өзбекстан командасы 4 алтын, 4 күміс және 5 қола медальмен ІІ орынды иеленді. Ал боз кілемде атой салып, жауырыны жерге тимеген қазақ балуандарының ізбасарлары 12 алтын, 13 күміс және 26 қола медальмен көш бастады. Оның 6 алтын, 4 күміс және 5 қола медалі жетісайлық жасөспірімдердің еншісінде.

Осы тұста айта кетерлік тағы бір жағымды жаңалықпен бөлісе кетсек. Бокстан Дубайда IBA ұйымдастырған әлем чемпионаты мәресіне жетті. Дүбірлі сында Қайрат Сәтжанов бастаған ұлттық құрама 3 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль иеленді. Оларлың ішінде алтын медальді Сәкен Бибосынов (54 кг), Оразбек Асылқұлов (57 кг), Абылайхан Жүсіпов (71 кг) иемденсе, Сабыржан Аққалыков (75 кг) күміс, Теміртас Жүсіпов (48 кг) пен Ертуған Зейнуллинов (63.5 кг) қола жүлдегер атанды. Түркістан облысысының өрені Сәкен Бибосынов финалда қазақстандық боксшы ресейлік Вячеслав Рогозинді жеңіп, чемпион болды. Осылайша, екі дүркін әлем чемпионы атанып, есімін тарихқа алтын әріппен жазды.

Өңірдегі спорт саласының дамуы туралы да азды-кем айта кетейік. Бүгінгі таңда Түркістан облысында дене шынықтыру мен спорт саласын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі «Жол Картасы» облыс әкімімен әзірленіп, бекітілді. Жол Картада спорт саласының негізгі 3 бағыты қамтылған. Атап айтқанда, бұқаралық спортты дамыту, спорттық инфрақұрылымды дамыту, спорт резервін қалыптастыру және жоғары жетістіктер спортын дамыту бағыты. Биылғы жылдың 10 айында дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар үлесі 911 мыңнан асып халықтың 42,4%-ын құрады (2025 ж. жоспар 42,5%). Соның ішінде 3-18 жас аралығындағы дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын балалар мен жасөспірімдердің үлесі 264 мыңға жетіп 32,9%-ды құрады (2025 ж. жоспар 33%).

Спортпен шұғылданушыларды арттыру бағытында 2025 жылға мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында 3 млрд 400 мың теңге бөлініп, 167 өнім берушіде 24 480 бала шұғылдануда. Облыста 101 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі тұлғалар бар, оның ішінде спортпен және дене шынықтырумен айналысуға қарсы көрсетілімі жоқ 44 мың адам, соның 6 мың 800 немесе 15,5%-ы тұрақты түрде спортпен айналысады (2025 ж. жоспар 15%). Сонымен қатар Түркістан қаласында орналасқан ірі спорт нысандарында барлық жастағы тұрғындар үшін апта сайын тегін қызмет көрсету сағаты енгізіліп, ай сайын 1000-ға жуық қала тұрғындары спортпен шұғылдануда. Ел арасында бұқаралық спортты насихаттау мақсатында жыл басынан бері облыс аумағында 3 200-ден астам спорттық іс-шара өткізіліп, оған 273 мыңнан астам адам тартылды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 30,5%-ға өскен. Бүгінгі таңда бұқаралық спорттың танымалдығын арттыру мақсатында Түркістан қаласында республикалық деңгейдегі кешенді жарыстар ұйымдастырылды.

Атап айтқанда, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында «Еңбек Кубогы» республикалық спартакиадасы өтіп, 2000-нан астам студент қатысты. «Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы» және «1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне» орай жүгіруден «Бірлік жарысы» өтіп, 6 мыңнан астам адам қамтылды. Жоғары оқу орындары арасындағы ХІІІ жазғы Универсиада ойындары өткізіліп, 79 оқу орнынан 4 мыңнан астам студент қатысты. Футболдан әуесқой командалар арасында тұңғыш рет Түркістан облысының чемпионаты ұйымдастырылып 186 командадан 3,3 мыңға жуық ойыншы тартылды. Бұқаралық спортты насихаттауға демеушілер де тартылуда.

Облыс аумағында демеушілер есебінен жүлде қоры 124,2 млн теңгені құрайтын (халықаралық, республикалық және облыстық, жаппай көкпар 241 іс-шара тізбесі бекітіліп, бұған 35 мыңға жуық спортшыны тарту жоспарланды. 10 айдың қорытындысымен 186 спорттық іс-шара өткізіліп, 27 мыңға жуық спортшы тартылды. Атап айтқанда, «Халық» қайырылымдық қоры» демеушілігімен «Ауыл спорт» ойындары, облыстық мәслихат демеушілігімен кіші футболдан депутаттар арасындағы облыс чемпионаты, «Түркістан Марафон-2025» іс-шаралары ұйымдастырылып, өткізілді. Түркістан марафонына 3 мыңнан аса адам қатысты. Оның ішінде: 19 елден келген 368 шетел азаматы. Одан бөлек, 2025 жылғы қыркүйек айында Алматы облысында өткен «Ақ бидай» республикалық VІІІ ауыл спорты ойындарында Түркістан облысы жеңімпаз атанды.

2025 жылғы қыркүйек айында Болгария елінің Албена қаласында қол күрестен өткен әлем чемпионатында 19 алтын медальды жеңіп алдық. Армрестлинг құрамасына 10 миллион теңге ал, бірнеше рет әлем чемпионы атанған 3 спортшыға автокөлік кілті тапсырылды. Бұндай ынталандыру сыйлықтары, өңірімізде спорттың дамуына тың серпін беріп, жас спортшыларымыздың қызығушылығын арттыруда.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 687 рет