Дүйсенбі, 01 Желтоқсан 2025 09:16

Түркістандықтар қазақ күресінен өткен ел чемпионатында 1 алтын, 2 күміс және 3 қола жеңіп алды

Шымкент қаласында өткен ересектер мен әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатында еліміздің түкпір-түкпірінен келген мықты балуандар бас қосып, бозкілемде өзара мықтыны анықтады. Жалпы саны 20 өңірден келген балуандардың басын қосқан айтулы додада Түркістан облысының спортшылары жоғары дайындықтарын көрсетті.

Тартысқа толы белдесулер нәтижесінде 55 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Рузимон Тугушев ел чемпионы атанды. Ал, 100 келіден жоғары салмақта күрескен Қайсар Шамшидинов финалға дейін сүрінбей жетіп, күміс жүлдеге ие болды. Әйелдер арасында 77 келіде додаға түскен Гүлнұр Ырысхан күміс медаль еншіледі. Сондай-ақ, 66 келіде күрескен Ерасыл Ахметбеков пен 52 келіде күш сынасқан Жадыра Пайыз облыс құрамасының қоржынын қола медалдармен толықтырды. Бұған қоса, абсолюттік санатта — түйе палуан сайысында Қайсар Шамшидинов тағы бір мәрте жүлдегер атанып, қола медаль жеңіп алды. Жалпы, Түркістан облысының балуандары ел чемпионатында 1 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль олжалап, аймақ спортының әлеуетін тағы бір мәрте айқын көрсетті.

Мемлекет басшысы өз Жолдауларында бұқаралық спортты дамыту, балалар мен жасөспірімдерге қолжетімді спорттық инфрақұрылым қалыптастыру және жоғары жетістіктер спортына арналған жүйені жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Президенттің бұл бастамалары бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде, соның ішінде Түркістан облысында да қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Әсіресе, ауылдық жерлерде спорт нысандарын көбейту, жастардың спортпен айналысуына жағдай жасау, сондай-ақ олимпиадалық және ұлттық спорт түрлерін қатар дамыту бағытына ерекше көңіл бөлінуде. Облыс бойынша бүгінгі таңда бұқаралық спортпен жүйелі түрде айналысатындардың саны жыл сайын артып келеді.

Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда өңір халқының 38 пайыздан астамы тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Бұл – республикадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Мұндай жетістікке қол жеткізудің басты себептерінің бірі – жергілікті биліктің, спорт басқармасы мен жаттықтырушылар қауымының тығыз ынтымақтастығы мен белсенді жұмысы. Президент Жолдауында ерекше атап өтілген бағыттардың бірі – спорт инфрақұрылымының халыққа қолжетімділігін арттыру. Бұл бағытта Түркістан облысында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Облыс орталығында және аудан-қалаларда жаңадан спорт кешендері, жаттығу залдары, ашық алаңдар мен шағын футбол алаңшалары салынуда. Соңғы жылдары салынған 150-ден астам спорт нысаны бүгінде ауыл және қала тұрғындары үшін үлкен мүмкіндікке айналып отыр. Бұл нысандарда түрлі спорт секциялары ашылып, мыңдаған бала спортпен тегін айналысуға мүмкіндік алды.

Сондай-ақ,Түркістан облысында мектеп спортын жандандыруға ерекше көңіл бөлінуде. Қазір облыстағы барлық білім беру мекемелерінде дене шынықтыру сабақтарының сапасы арттырылып, қосымша спорттық үйірмелер жұмыс істейді. Түрлі деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылып, мектеп оқушыларының арасында салауатты өмір салты кеңінен насихатталуда. Түркістан облысы — «Ұлттық мектеп лигасы» жобасын алғашқылардың бірі болып енгізген өңірлердің бірі. Бұл жобаның арқасында оқушылар спорттық бәсекелерге ерте жастан қатысып, тәжірибе жинақтайды.

Ұлттық спорт түрлерін дамыту бойынша да Түркістан өңірі көш бастап келеді. Қазіргі таңда облыста көкпар, аударыспақ, жамбы ату, қазақ күресі, тоғызқұмалақ секілді ұлттық спорт түрлері қарқынды дамуда. Әрбір ауданда ұлттық спортқа арналған арнайы орталықтар мен секциялар жұмыс істейді. Жастар арасында ұлттық ойындарға деген қызығушылық артып, бұл бағыттағы жарыстардың да жиілігі артқан. Облыс құрамасы республикалық жарыстарда тұрақты түрде жүлделі орындарға ие болып жүр. Сонымен бірге, Түркістан облысында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де спортпен шұғылдануға жағдай жасалуда. Паралимпиадалық және арнайы олимпиадалық спорт түрлері бойынша облыста бірнеше спорт мектебі жұмыс істейді. Бұл салада да айтарлықтай жетістіктер бар: халықаралық жарыстарда облыстың параспортшылары жүлде алып жүр.

Түркістан облысынан шыққан спортшылардың саны мен деңгейі жылдан-жылға өсіп келеді. Президент Жолдауында айтылғандай, спорт саласында жеке бастамаларды қолдау мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясын кеңейту де маңызды. Осы бағытта облыста бизнес құрылымдармен бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Кәсіпкерлер мен жергілікті инвесторлар демеушілік жасап, ауылдарда спорт залдарын салып беруде. Жастар саясаты мен спортты дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобалар Түркістан өңірінде сәтті жүзеге асып келеді. Қазіргі таңда облыс әкімдігі спорт саласын дамыту бойынша кешенді жоспар жасап, оны кезең-кезеңімен іске асыруда. Бұл жоспардың негізінде балалар мен жасөспірімдер спортына, бұқаралық спортқа, кәсіби спортқа және ұлттық ойындарға ерекше басымдық берілген.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 171 рет