Сәрсенбі, 19 Қараша 2025 22:39

Тоғызқұмалақты отбасымен ойнайды

Шымкент қаласында тоғызқұмалақтан жастар мен жасөспірімдер арасындағы командалық Қазақстан Республикасының чемпионаты жоғары деңгейде өтуде. Жарыс 1-7 қараша аралығында өткізу жоспарланған. Дәл қазір бұл додада елдің түкпір-түкпірінен келген 300-ге жуық спортшы бақ сынап, ұлттық ойынды дамыту жолында өз шеберліктерін көрсетуде. Чемпионат нәтижесінде Шымкент қаласының жасөспірім қыздар командасы 2-орын иеленіп, ел намысын абыроймен қорғады.

Орайы келгенде осы команда құрамында өнер көрсеткен жас талант, Шымкент қаласының чемпионы, ҚР чемпионатының жүлдегері Айжан Ғалымжанқызы Исабекпен шағын сұхбат құрған едік.

– Айжан, ең алдымен жеңістеріңізбен құттықтаймыз! Чемпионат жайлы әсеріңмен бөліссеңіз. 

– Рахмет! Бұл жарыс мен үшін ерекше болды. Өйткені, жарыс өз қаламыз Шымкентте өтті. Ұлттық деңгейдегі осындай додада өз өңіріңнің намысын қорғау үлкен жауапкершілік деп білемін. Жарыс өте тартысты өтті, мықты қарсыластар көп болды. Біз командалық есепте ІІ орын алдық. Бұл үлкен еңбектің нәтижесі.

– Тоғызқұмалақ ойынына қызығушылығың қалай басталды?

– Мен спортты 5 жасымда үйрене бастадым. 6-7 жасымда алғашқы турнирлеріме қатыстым. Бұл ойынға келуіме ата-анам мен атам себеп болды. Олар да тоғызқұмалақтан танымал жаттықтырушылар. Менің алғашқы бапкерлерім міне осы кісілер. 

– Алғашқы жарысың есіңде ме?

– Әрине, алғашқы жарысым да осы Шымкент қаласында өтті. Сол кезде ерекше әсер алдым. Жеңіс қуанышы мен толқу сезімін қатар сезінген сәттер кешегідей көз алдымда. 

– Аптасына қанша рет жаттығасыңдар және ең қиын сәттер қай кезде болады?

– Аптасына бес рет жаттығамыз. Жаттығуда ең қиыны – дебюттер мен комбинацияларды жаттау. Бірақ, уақыт өте келе бәрі дағдыға айналады екен.

– Бапкерің қандай кеңестер береді?

– Ең бастысы бізге әрдайым сенім артып, қолдау көрсетеді. «Асықпай, ойланып ойнаңдар» деген кеңесін әр жарыста есте ұстаймын.

– Сен үшін тоғызқұмалақ нені білдіреді?

– Тоғызқұмалақ – мен үшін тек спорт емес, ойды шыңдайтын өнер. Бұл ойын логикалық ойлауды, сабырлылықты және төзімділікті үйретеді. Сонымен қатар, математикаға деген қызығушылығымды арттырды.

– Чемпион атанған сәттегі сезіміңді қалай сипаттар едің?

– Бұл қте қуанышты, ерекше сезім! Жеңіс әрдайым еңбектің нәтижесі екенін түсінесің.

– Қарсыластарыңның ішінде ерекше әсер қалдырған ойыншы болды ма?

– Болды. Павлодар облысынан келген тоғызқұмалақшы қыз өте мықты қарсылас болды. Біз бұл чемпионатта шахмат тақтасында кездеспедік, бірақ оның сабырлы әрі ұқыпты ойыны ерекше әсер қалдырды.

– Алдағы мақсаттарың қандай?

– Менің арманым – стоматолог болу, ал спорттағы мақсатым – тоғызқұмалақты дамыту және спорт шеберіне үміткер атағын алу.

– Үлгі тұтатын тұлғаларың кімдер?

– Ең алдымен, мен атам мен ата-анамнан үлгі аламын. Тоғызқұмалақтан сүйікті спортшыларым – әлемнің алты дүркін чемпионы Темірбаев Ғалымжан және он екі дүркін әлем чемпионы Асель Далиева.

– Соңғы сұрақ, өз қатарластарыңа не айтқың келеді?

– Барлық достарыма тоғызқұмалақ ойынын үйренуге кеңес беремін. Бұл ойын тек жеңіс әкелмейді, сонымен бірге жаңа достар табуға, түрлі қалаларды көруге мүмкіндік береді.

– Әңгімеңе рахмет, Айжан! Саған жаңа жеңістер мен биік белестер тілейміз!

Оқылды 366 рет