Ұлттық ойынымызды дамыту мен насихаттауға бағытталған бұл айтулы жарысқа еліміздің барлық облыстарынан 300-ге жуық үздік спортшы қатысып, командалық есепте өз өңірінің намысын қорғайды. Бүгін командалық ҚР чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шымкент қаласының ұлттық және ат спорт түрлерінен кешенді спорт клубының оқу тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бахтияр Махимов жарысты ашып беріп, жасөспірімдерге сәттілік тіледі. Осы жасөспірімдерің арасынан келешекте ел намысын абыроймен қорғайтын дарынды спортшылар шығатынына сенім білдірді.
Чемпионаттың басты мақсаты тоғызқұмалақты бұқаралық спорт ретінде дамыту, жасөспірімдер арасында логикалық ойлау қабілетін жетілдіру және ұлттық ойын арқылы патриоттық рухты нығайту. Сонымен қатар, жасөспірімдер және жастар арасында еліміздің құрама командасын іріктеу. Федерация басшылығының айтуынша, бұл чемпионат еліміздегі жас спортшылардың тәжірибе алмасуына және халықаралық деңгейге шығуға дайындық алаңы болмақ. Жарыс нәтижелері бойынша үздік командалар мен спортшылар марапатталып, республикалық рейтингке енгізіледі.
Айта кетсек, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен қалалық тоғызқұмалақ федерациясы бірлесіп, шаһарда көптеген турнирлер өткізуде. Қала мектептеріндегі тоғызқұмалақ үйірмесінің шәкірттері, кешенді спорт клубының спортшылары ұлттық спорттан сайысқа түсіп, үздіктерді анықтау жұмыстары ұдайы жүргізілуде.