Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының міндетін атқарушы Ермек Дәрменовтың айтуынша, жеңіл атлетика бүгінде қалада қарқынды дамып келеді. Соның айғағы ретінде Қажымұқан атындағы орталық стадиондағы күрделі жөндеу жұмыстарын атауға болады. Жүгіру алаңы мен барлық снарядтар соңғы үлгіде жасалып, халықаралық стандарттарға сәйкестендірілген. Болашақта футбол командалары жаңа стадионға көшірілген соң, Қажымұқан орталық стадионы толықтай жеңіл атлетикаға арналған спорт кешеніне айналмақ.
— «Бұл стадионда сегіз жолақты жүгіру алаңы, ядро итеру, диск пен найза лақтыруға арналған барлық алаңшалар дайын. Құрылыс жұмыстары барысында Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова да келіп, өз кеңестері мен ұсыныстарын берді. Бүгінде сол ескертпелер түгел ескеріліп, нысан заманауи талаптарға толық сәйкес келеді», — дейді Ермек Дәрменов.
Жарыстың ашылу салтанатына арнайы келген Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова жас спортшыларға ақ жол тіледі. Оның айтуынша, Шымкенттің қолайлы климаты жеңіл атлетиканы дамытуға ерекше мүмкіндік береді. Өйткені еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерінде ауа райы суықтап, жаттығулар көбіне залда өтетін болса, Шымкентте жыл он екі айдың он бірінде ашық алаңда дайындалуға жағдай бар.
Шымкент қаласының аға бапкері Әлішер Юупжанов та бұл жарыстың маңызын ерекше атап өтті.
— «Бізге алғаш рет 17 команда келіп отыр. 187 спортшы қатысып жатыр. Бұл – үлкен жетістік. Себебі жыл сайын қатысушылар саны артып келеді. Бұл спорт түрінің елімізде кеңінен насихатталып, болашақ чемпиондардың өсіп келе жатқанын көрсетеді. Төрт сайыс – спортшылардың көпсайысқа бейімделуіндегі негізгі баспалдақ. Ертеңгі Олимпиада және Азия чемпиондарының іріктеуі дәл осы жерде басталады», — деді ол.