Жұма, 05 Қыркүйек 2025 20:51

Басымдылық берілетін спорттың 46 түрі анықталды

Мемлекет басшысы ағымдағы жылдың 15 сәуірінде «Дене шынықтыру және спорт туралы» ҚР Заңына түзетулерге қол қойды. Бұл түзетулер жайлы ҚР туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты.

«Министрлікке спорттың ойын түрлері бойынша кәсіби клубтарды күтіп ұстауға бағытталатын бюджет қаражатын пайдалануға лимиттер белгілеу жөніндегі өкілеттіктер беру; Қазақстан Республикасының азаматтығы жоқ спортшыларды бюджеттік қаржыландыруға тыйым салуды белгілеу; «спорттың басым түрлері» ұғымын нақтылау; аккредиттелген спорт федерацияларына діни экстремизм мен терроризмге қарсы алдын алу шараларын қабылдау жөніндегі міндеттерді жүктеу; республикалық және өңірлік аккредиттелген спорт федерацияларының мәртебесін ұлттық федерацияларға трансформациялау, сондай-ақ оларды аккредиттеуге қосымша талаптар енгізу; «мүгедектігі бар спортшыны алып жүруші» ұғымын бекіту; дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік ұйымдардың басшыларын ротациялау тетігін енгізу», – деді спикер.

Қабылданған түзетулерді іске асыру шеңберінде қолданыстағы актілерге өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде және жаңа заңға тәуелді актілер әзірленуде. Заңға сәйкес 60 нормативтік-құқықтық актінің тізбесі бекітілді. Оның 54-і жарияланды.

«Негізгі жаңалықтардың бірі спорттың 46 басым түрін анықтау болды. Аталған тізбеге Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Параазия ойындарының бағдарламаларына кіретін дисциплиналар, сондай-ақ Азия және Параазия ойындарында ұсынылған олимпиадалық емес спорт түрлері және ұлттық спорт түрлері енгізілген», – деді вице-министр.

Қабылданған шаралар ресурстарды әлеуеті жоғары спорт түрлеріне бағыттап, Қазақстанның жоғары жетістікті спорттағы нәтижелерін арттыруға мүмкіндік береді.

Оқылды 265 рет