Жиынның басты мақсаты – биылдан бастап ұлттық спорт түрлерінің олимпиадалық спортпен тең дәрежеге көтерілуіне байланысты атқарылатын жұмыстарды ретке келтіріп, алдағы жоспарларды нақтылау. Бұл – ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, спорт саласында жаңа жетістіктерге жол ашатын маңызды қадам.
"Ұлттық спорт түрлерін дамыту – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Жергілікті спортшыларға қолдау көрсету, жастарды тарту және материалдық базаны нығайту бағытында жұмыстар жалғасады",-деді дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Ермек Дәрменов.
Сонымен қатар спорттағы жетістіктерімен ерекшеленген бірқатар үздік спортшылар басқарманың Алғыс хатымен марапатталды. Қазақ күресінен әлем чемпионатында топ жарған Қожамбеков Жұмажан, Бахиева Альбина және Мұзаппаров Ерсұлтан – ел мерейін үстем еткен дарынды спортшылар. Ал Асан Балтабайға ҚР Туризм және спорт министрлігінің «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табысталды.
"Өңірде арнайы спорт клубы жұмыс істейді және бұл бағыттағы жұмыс сіздердің тараптарыңыздан қаржылай қолдау тауып отыр. Қазіргі таңда клуб жүйелі түрде жұмыс істеп, бірқатар шабандоздарға ынталандыру ретінде қаржылай төлемдер жүргізілуде",-деді "Көкпар" спорт федерациясының президенті Асан Балтабай.
Жиын барысында жастарды ұлттық спортқа баулу және оларға жан-жақты қолдау көрсету мәселелері де кеңінен талқыланды. Бүгінде дарынды жас спортшыларға мүмкіндік беріп, олардың әлеуетін толық ашуға бағытталған нақты іс-шаралар жүзеге асырылуда. Бұл спортты дамыту ғана емес, сонымен қатар жас ұрпақтың бойында ұлттық рух пен патриоттық сананы қалыптастырудың тиімді жолы.