Бұл жарыс – жас буынға үлгі, спорт сүйер қауымға мереке, ал көрермен үшін нағыз тартысты да қызықты спорттық сайыс болмақ. Бүгін халықаралық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шарада Шымкент қаласы денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Ермек Дәрменов турнир жасөспірімдер үшін нағыз мереке екенін атап өтіп, жарысты ашып берді. Осы сайыстан келешекте ел намысын абыроймен қорғайтын азаматтар шығатынына сенім білдірді.
Сондай-ақ, жарыстың құрметті қонақтары – қоғам қайраткері Шәріпбек Жамалбек, Париж олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов, қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев та өз құттықтауын жеткізді. Аталған бәсеке ертең аяқталады.
Дзюдо спорты соңғы кезде елімізде қарқынды дамуда. Былтыр Парижде өткен Олимпиада ойындарында Елдос Сметов алтын, Ғұсман Қырғызбаев қола жүлдеге ие болды. Жарқын жеңіс жасөспірімдерге зор серпін берген. 2024 жылы жерлесіміз Талғат Орынбасар Душанбеде (Тәжікстан) өткен дзюдодан жастар арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған еді. Шымкент қаласында дзюдо күресінен дарынды жастар өсіп келеді. Халықаралық турнир де келешекте дарынды жастардың шығуына өз септігін тигізбек.
Айта кетейік, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Қонаев Қазақстанды ширек ғасыр бойы басқарып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосты.
Деректерге сүйенсек, Қонаев басшылық еткен жылдары республиканың өндірістік әлеуеті 700 пайыздан астам өсті. Өнеркәсіп көлемі 9 есеге, ауыл шаруашылығы 6 есеге, ал күрделі құрылыс 8 есеге артты. Бұл көрсеткіштер оның елдің дамуына жасаған еңбегінің айқын дәлелі.
Халық сүйіспеншілігіне бөленген Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев – өз халқының жадында елдік мүддені биік қойған, адалдығы мен іскерлігі үшін құрметтелген бірегей тұлға.