Сенбі, 23 Тамыз 2025 15:14

Шымкент: Жас спортшылардың қауіпсіз тасымалын қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда

Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз брифингінде айтылды. 

Жаңа оқу жылының басталуына орай оқушылардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне арналған жиынға қалалық Полиция департаменті, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен Дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері қатысты.

Шымкент қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы кәмелетке толмаған спортшылардың жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Бұл шаралар қала әкімдігінен 2025 жылдың 17 шілдесінде жолданған тиісті тапсырмадан кейін қолға алынған.

"22 шілдеде басқармаға қарасты 20 спорт ұйымына арнайы хат жолданып, балалардың жолда жүру мәдениетін арттыруға бағытталған бірқатар іс-шараларды ұйымдастыру тапсырылды. Соның ішінде жол ережелерін сақтау бойынша ақпараттық жаднамалар тарату, әлеуметтік желілерде бейнероликтер мен аудиороликтер жариялау, сондай-ақ спортшыларға түсіндіру жұмыстарын күшейту міндеттелді.

Нәтижесінде спорт мектептерінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі әзірлеген «Білім беру ұйымдарындағы балаларды тасымалдау жөніндегі алгоритм» негізінде оқыту және түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Спортшылар мен жаттықтырушыларға жол қауіпсіздігінің маңыздылығы түсіндіріліп, арнайы акциялар өткізілді",-деді Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары – Алдабергенов Бауыржан Ғалымжанұлы.

 Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Асқар Жүзжасаров 2025-2026 оқу жылының басталуына байланысты жасөспірімдердің жолда жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары зерделенгенін жеткізді. Қала аумағындағы 162 мемлекеттік мектептің алдындағы жаяу жүргінші өткелдеріндегі сызылған жолақтар мен жол таңбаларына, тиісті жол белгілер мен техникалық құралдардың түгелдігіне басты назар аударылған. Осы жылы жаңадан соғылып қолданысқа берілген мектептердің алдарындағы жолдарға, инфрақұрылымдық жағдайы мен техникалық құралдардың түгел болуына, әсіресе мектеп маңындағы жаяу жүргінші өткелерінің алдында орнатылған жол белгілері туралы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына тиісті нұсқамалар берілген. Қазіргі берілген нұсқамалардың негізінде барлық мектептердің алдарындағы жаяу жүргіншілер жолағы жаңартылып жатыр. Сондай-ақ, жол белгілерін жауып қалған ағаш бұталарын кесу жұмыстары да тиісті басқармалармен бірге күнделікті атқарылып келеді екен.

Сонымен қатар, оқу жылы басталған күннен бастап барлық мектептердің алдында, оқушылардың жолдан өту қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері бұрынғыдай ерекше қырағылықпен және күшейтілген тәртіппен жұмыс атқара береді.

Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Өмір Қалыбаевтың сөзінше, шаһардағы 165 мемлекеттік жалпы орта білім беру мектептерінің іргелес аумақтарында орналасқан көшелердегі жаяу жүргіншілер өтпелеріне, аяқ жолдарға, жол белгілеріне, жол таңбаларына, пандустар ұйымдастыруға және тағы басқа да іс-шаралар атқаруға зерделеу жұмыстары жүргізілген.

Оқылды 397 рет