Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы арнайы қатысып, жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі. Аудан басшысы құттықтау сөзіне: «Тағылымдық тұрғыда мәні айрықша доп додасы ең бірінші бұқаралық спортты насихаттаумен қатар, мемлекеттік мекеме қызметкерлері арасындағы достықты, береке мен бірлікті насихаттайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтып өткендей, ашықтық, адалдық, адал ниеттілік және клиентке бағдарлануды мақсат еткен қызметкерлер – қоғамның айнасы болуы міндетті. Тұрғындардың мемлекеттік органға деген көзқарасы қызметкерлер арқылы қалыптасады»,-дей келе, тартысты ойында шын жүйріктердің оза шабуына тілектестігін білдірді.
Сондай-ақ, мерекелік спорттық шараға арнайы қатысқан аудандық Сотының төрағасы Марат Қуандықов пен аудандық полиция бөлімінің бастығы Берік Нышанбаев өзара түсіністік пен достықты дәріптеуге бағытталған спорттық жиынның мекеме қызметкерлері арасындағы бірлікті нығайтып, салауатты өмір салтын насихаттауға қосатын үлесі зор екенін атап өтті.
Аудан көлемінде өткен бұл жарысқа барлығы 10-ға жуық команда қатысып, өзара шеберліктерін сынға салды. Жоғары деңгейде өткен турнир нәтижесінде аудандық емхана ұжымы ІІІ орын, аудан әкімі аппараты ІІ орын, мәдениет және спорт бөлімі І орынды иеленді. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаз командаларға арнайы кубоктар, грамоталар, медальдар және сертификаттар табыс етілді.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, 24 маусым — Қазақстанда Судья және сот жүйесі қызметкерлерінің күні. Бұл кәсіби мереке 2022 жылдың 31 наурызында Үкімет қаулысымен бекітілген. Мереке күні кездейсоқ таңдалмаған – 1992 жылдың 24 маусымында «Қазақ КСР-індегі сот жүйесі туралы» Заңға өзгерістер енгізілген болатын. Бұл оқиға еліміздің тәуелсіз сот жүйесінің қалыптасу жолындағы маңызды қадам болды.
Еліміздің сот жүйесін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты, Қазақстан Республикасының Конституциясына және Конституциялық Заңға сәйкес құрылатын жергілікті және басқа соттар құрайды. Ешқандай өзге органдар мен тұлғалардың судья өкілеттігін немесе сот билігі функцияларын иеленуге құқығы жоқ. Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік-құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуге қызмет етеді.
Бүгінгі сот жүйесі еліміздегі түбегейлі өзгерістермен тікелей байланысты реформаларды бастан өткеруде. Реформалардың мақсаты – сот жүйесін халыққа жақындатып, мықты әрі тиімді, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сенімді қорғауға қабілетті жүйе құру. Сот беделі – мемлекеттің беделі. Судьялар мен сот саласы қызметкерлерінің білімі, іскерлік қабілеті, күш-жігері халықтың заңды құқығы мен ар-намысын қорғауға бағытталған.
Тәуелсіздік жылдарында сот саласында бірталай құқықтық реформалар жүзеге асырылды. Оның басты жетістігі сот төрелігі болды. Осы жылдар ішінде құрылған заңнамалық база судьяның қоғамдық мәртебесіне, оның әлеуметтік мақсатына деген ескі көзқарастарды түбегейлі өзгертті. Судьяның құқығы ҚР Конституциясымен және «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» заңымен және өзге де заңдармен айқындалады. Сонымен қатар судья өзінің жоғары мәртебесіне сәйкес мемлекет есебінен материалдық және әлеуметтік-тұрмыстық жағынан қамсыздандырылады. Жалпы, еліміздегі цифрландыру жүйесі арқылы сот жүйесінің де сапасы жақсарып, қоғам әділдік пен ашықтыққа қол жеткізе бастады. Соның нәтижесінде жаза тағайындау барысында азаматтардың судьяға деген сенімі арта бастады.
Демократияға бет бұрған қоғамда бірінші орында соттардың тәуелсіздігіне басымдық беріледі. Себебі тәуелсіз сот арқылы ғана адамдардың құқықтары мен қоғамдық көзқарастары қорғалып, адам құқығы салтанат құрады. Еліміздегі соттардың тәуелсіздігін нығайтудағы реформалар өз жемісін беріп жатыр. Бүгінде адамдар кез келген дауларын сот арқылы шешуге тырысады. Сөзімізге дәлел – күн санап өсіп жатқан азаматтардан сотқа түсетін арыздар. Оларды тиімді шешу үшін құрылып жатқан түрлі мамандандырылған соттар бар. ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 31 наурыздағы қаулысымен 24 маусым – Судья және сот қызметкерлері күні деп белгіленді. Аталмыш қаулыда «Судья және сот қызметкерлері күні» конституциялық негіздерді дамытуға, заңдылықты қамтамасыз етуге, жеке адамның құқығы мен заңды мүддесін қорғауға қосқан үлесі үшін сот қызметкерлеріне құрмет ретінде ұсынылғаны айрықша атап өтілген.
Сондай-ақ, ҚР Президент Жарлығымен 2013 жылы 23 маусым Қазақстанда да Мемлекеттік қызметшілер күні болып бекітілді. 2014 жылдан бастап бұл күн кәсіби мереке ретінде атап өтіле бастады. Мемлекеттік басқару саласында адам капиталын дамыту, цифрландыру және бюрократиялық кедергілерді азайту, сондай-ақ мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттыру бағытында елеулі өзгерістер орын алуда. Былтыр 2024-2029 жылдарға арналған Мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасы бекітілді.
Мемлекеттік қызметті дамыту келесі қағидаттарға негізделеді: адалдық пен ашықтық: жалға алу және ілгерілету процедуралары қоғам үшін мүмкіндігінше ашық және түсінікті; меритократия: мемлекеттік қызметке іріктеу және ілгерілету еңбегіне, құзыретіне және кәсіби дағдыларына негізделген; икемділік: мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін жаңа икемді тәсілдерді, инновациялар мен технологияларды енгізу; үздіксіз оқыту: мемлекеттік қызметшілердің біліктілігі мен жұмыс тиімділігін арттыру үшін оларды кәсіби дамыту; клиентке бағдарлану: озық жұмыс, түпкілікті нәтижеге бағдарлану және қолжетімділікті қамтамасыз ету; прагматизм: практикалық пайда мен тиімділікке қол жеткізу үшін әртүрлі құралдарды қолданудың басымдығы; жауапкершілік және есептілік: азаматтар мен мемлекет алдында қабылданған шешімдер мен іс-әрекеттер үшін мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін күшейту.
Жұмыста жоғары этикалық стандарттарды сақтау, сыбайлас жемқорлыққа тиімді қарсы іс-қимыл. Бүгінде еліміздің өсіп-өркендеуі, халықтың әл-ауқатының артуы, қоғамдағы бірқатар өзекті мәселелердің жақсы жағынан шешілуі мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне тікелей байланысты. Дамыған елдердің тәжірибесі мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда мемлекеттік аппараттың кадрлық мүмкіндігі, мамандардың жан-жақтылығы аса маңызды екендігін көрсетіп келеді. Сондықтан елімізде мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап та, оларға артылатын жүк те, сенім де қазір күшейіп келеді.
Мемлекеттік қызметте азаматтардың білімі мен біліктілігі өте маңызды рөлге ие. Себебі жан-жақты, білімді, жауапкершілігі мол қызметші өз жұмысын тиянақты жасап қана қоймай, тұрғындар тарапынан болған сыни көзқарастарға, ұсыныс-талаптарға сауатты әрі нақты жауап бере алады. Бұл ретте мемлекеттік қызметтің Б корпусына енген әрбір маман алдымен мемлекеттік қызметтің жауапкершілігін сезіне білуі қажет. Жалпы мемлекеттік қызметтің барған сайын мәртебесі өсіп, жауапкершілігі арта беретін болады. Өйткені, кез келген мемлекеттік қызметшінің алдына барған адам мәселесінің тезірек шешілуін талап етеді.
Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен талантты жастарға әлеуметтік лифт болатын Президенттік жастар кадр резерві жобасы қолға алынған. Оған жоғары білімі бар, кемінде 5 жыл еңбек өтілі және 35 жастан аспаған азаматтар қатыса алады. 2019, 2021 және 2023 жылдары өткен іріктеулерге 60 мыңнан астам қазақстандық қызығушылық танытып, соның ішінен 400 адам мемлекеттік қызметке қабылданған. Бүгінде олардың 318-і жауапты қызметтерге тағайындалып, экономиканың түрлі салаларында еліміздің дамуына өз үлестерін қосып отыр. Атап айтқанда, 167-сі орталық мемлекеттік органдарда, 37-сі жергілікті атқарушы органдарда, 62-сі ұлттық компанияларда, 52-сі өзге ұйымдарда қызмет істеп жүр. Резервке алынған 39 маман саяси лауазымдарда, 3 адам “А” корпусының лауазымдарында жұмыс істейді. 2 Мәжіліс депутаты, 1 бір мәслихат депутаты бар.
Қорыта айтқанда, Мемлекеттік қызметші мемлекеттік биліктің айнасы секілді. Оның ар-ожданы биік, әділетті, талантты ұйымдастырушылық қабілеті бар екендігін қоғам бағалайды. Халық сенімі мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік қызметті қаншалықты сапалы көрсеткендігіне қарап нығаяды. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметші өз орнында халықтың мүддесіне қызмет етіп, көкейтесті мәселелерін заң щеңберінде шешуі талап етіледі.
Мемлекеттік қызметші болу-бұл үлкен абырой мен міндет. Ол билік пен халық арасында байланыстырушы буын болып табылады. Кез-келген деңгейдегі мемлекеттік қызметші лауазымы басқа мамандық тұрғысымен салыстырғанда мейлінше жоғары. Бұл өзін-өзі жетілдірудің тұрақты жағдайы. Мемлекеттік қызметшінің сыртқы мәдениеті мен ішкі дүниесінің ұштасып жатуы, әдептіліктің белгісі. Мемлекеттік қызметші бір саланы қамтитын мамандық емес, ол мемлекет басшысының саясатын жергілікті жерде жүргізетін, халықпен тығыз байланыс орнататын, елдің мұң-мұқтажына құлақ асып, қойылған міндеттерді жүзеге асыратын қызмет, мемлекетіміздің бет бейнесі.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат