Сейсенбі, 12 Тамыз 2025 17:56

Бокстан Азия чемпионатында шымкенттік Санжарәлі Бегалиев чемпион атанды

Бокстан Таиландтың Бангкок қаласындағы  U22 санатындағы Азия чемпионатында Санжарәлі Бегалиев чемпион атанды. Қазақстандық боксшы 80 келіге дейінгі салмақтың ақтық сынында Рахматулло Бойматовпен (Өзбекстан) қолғап түйістірді. Нәтижесінде төрешілердің шешімімен жеңіске жетті. Ал Бойматов күміс жүлдені қанжығасына байлады. Айта кетейік, бірінші раундта төреші Санжарәлі Бегалиевтен бір ұпай шегерген болатын.

2024 жылы 75 келіде жастар арасында әлем чемпионы атанған Санжарәлі Бегалиев биыл 80 келіге ауысқан болатын. Ол бұған дейін Сербиядағы халықаралық турнирде топ жарып, Әзірбайжанда өткен «Жібек жолы» жарысында финалға дейін жеткен еді.

World Boxing ұйымының U19 және U22 жас санаттары бойынша алғашқы Азия чемпионаты аяқталды. Аталған сында жерлесіміз Санжарәлі Бегалиев қарсылас шақ келтірмей, U22 Азия чемпионы атанды. Дарынды жас боксшы Джан Сён Ву (Оңтүстік Корея), Анкуш (Үндістан) және Рахматулло Бойматовтен (Өзбекстан) айласын асырды. Тартысты өткен финалдық жекпе-жекте Бегалиев 3:2 есебімен жеңіске жетті.

Айта кетсек, жауапты бәсеке 30 шілде – 12 тамыз аралығында Таиланд астанасы Бангкокте өтті. Жарысқа 25 елден 396 боксшы (237 ер және 159 әйел) қатысты. Атап айтқанда, Қазақстан, Ауғанстан, Филиппин, Гонконг, Үндістан, Индонезия, Иран, Ирак, Жапония, Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы, Қырғызстан, Малайзия, Моңғолия, Непал, Қатар, Қытай, Сингапур, Шри-Ланка, Таиланд, Түркіменстан, Өзбекстан, БАӘ, Вьетнам және Бутан құрамалары бақ сынады.

Ал Илья Калинин (65 келіге дейін) және Нұрбек Мұрсал (70 келіге дейін) финалда қарсыластарына есе жіберіп, күміс жүлдеге ие болды. Айта кетейік, бұған дейін Нұрислам Қалдыбаев (60 келіге дейін) алтыннан алқа таққан еді.

Оқылды 430 рет