Жексенбі, 13 Шілде 2025 12:59

Шымкентте имамдар шахмат ойнап жарысты

Шымкент қаласында имамдар арасында шахматтан турнир өтті.

Шымкент қаласында Халықаралық шахмат күніне және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдығына орай «Muftiyat Chess Open Cup – 2025» атты жылдам шахматтан турнир өтті. Зияткерлік дода Қажымұқан атындағы орталық стадионда ұйымдастырылды.

Турнирдің негізгі мақсаты – дін мен дәстүр сабақтастығын негізге ала отырып, имамдар арасында зияткерлік ойын мәдениетін дамыту, логикалық ойлауды жетілдіру, ынтымақтастықты және бірлікті нығайту.

Шараны Қазақстан шахмат федерациясы ұйымдастырды. Бұл – Шымкент қаласында имамдар арасында алғаш рет өткізіліп отырған ауқымды шахматтық турнир.

Шымкент қаласы орталық мешітінің наиб имамы Ахметжан Пірәліұлының айтуынша, Бас мүфтият дін мен дәстүр үндестігіне үнемі айрықша назар аударып келеді. Осы бағытта спорттық, мәдени және қоғамдық бастамалар қолға алынып отыр. «Мемлекет басшысы шахматты дамыту жөнінде бастама көтеріп, бұл зияткерлік ойынды білім беру жүйесіне енгізуді қолдағаны белгілі. Біз де осы игі бастаманы қолдап, имамдар арасында шахмат турнирін өткізуді ұйғардық», – деді наиб имам.

Әлемде шахмат – ақыл-ойды ­дамытатын спорт түрі болып саналады. Ежелден жеткен аңыздарға сүйенсек, шахматты алғаш болып біздің заманымызға дейінгі мың жыл бұрын үндістандық математик ойлап тапқан деседі. Шахмат сөзінің мағынасы патша (шах) өлді (мат) дегенді білдіреді.

 

Турнирге қала мешіттерінен 30-ға жуық имам қатысып, рапид (жылдам шахмат) форматында бақ сынады. Әр қатысушыға 10 минуттан уақыт беріліп, бес турдың қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды.

 

Шахмат – сезіну, шапшаңдық, шыдамдылық және аналитикалық ойлауға, өзі үшін күресе білуге, логикалық ойлау қабілетінің дамуына зор ықпал еткен. Адам баласының дүние танымын кеңейтуге, сөздік қорды молайтуға, білім сауаттылығы математика, физика, химия сияқты пәндерге көп септігін тигізетіндігі ғылыми түрде дәлелденген. 

 

Турнирдің бас төрешісі Бекзат Дәулетовтың айтуынша, рапид форматы турнирді бір күнде өткізуге мүмкіндік беретін тиімді тәсіл болып табылады.

Жүлде қоры 200 000 теңгені құрады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды.

Аталған турнир дін мен спорттың үйлесімді дамуының жарқын үлгісіне айналып, болашақта дәстүрлі форматта жалғасуы мүмкін.

Оқылды 241 рет