Жұма, 09 Мамыр 2025 09:54

Отырар ауданында КСРО спорт шебері Оразәлі Мәмбетәлиевті еске алуға арналған республикалық турнир өтті

Отырар ауданында дзюдо, самбо күрестерінен СССР-ның спорт шебері, Қазақ күресінен ҚазССР-ның спорт шебері Мәмбетәлиев Оразәлі Дүйсенбайұлын еске алуға арналған республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті.

Бұқаралық спортты дамытуға, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Аудан басшысы өз сөзінде: «Спорт саласында айтарлықтай табыстар мен көрсеткіштерге қол жеткізген Отырар елі халықаралық, республикалық, әлемдік деңгейде танымал спортшылармен мақтана алады. Күш атасы Қажымұқан атамыз туылған аймақтан әлі де талай палуандардың шығатынына сеніміміз мол. Бүгінгі ұлт саулыған қалыптастыруға, бұқаралық және кәсіби спортпен шұғылдануға шақыру мақсатында ұйымдастырылған республикалық турнирде де кіл мықтылар бақ сынауда. Ендеше бүгінгі жарысқа қатысушыларға сәттілік тілей отырып, жеңіс тұғырынан көрінулеріне тілектестігімді білдіремін»,-деді.

Спорттық шара барысында Оразәлі Дүйсенбайұлының інісі Нұрлан асыл азаматтың адамгершілігі мен іскерлік қабілеті жайында естеліктерімен бөлісіп, спорт саласындағы жетістіктері жайында әңгімеледі. Мұнан соң бас төреші Мұхит Құлбаев сайыс ережесімен таныстырып, білектілер сайысында бабы келіскен мықтылар жеңіске жететініне сенім білдірді.

2009-2010 жылдары туған жасөспірім ұлдар арасында өткен республикалық турнирге Шымкент қаласы, Жамбыл, Талдықорған, Қызылорда, Түркістан облыстарының аудан қалаларынан жалпы 400 ге жуық спортшылар бақ сынады. Екі күнге жоспарланған республикалық турнирдің жеңімпаздары анықталып, жүлдегерлер алғыс хаттармен марапатталып, арнайы бағалы сыйлықтар табысталды.

Айта кетейік, Түркістан облысында спорт қарқынды дамып келеді. Өңірде 29 олимпиадалық, 34 ұлттық және олимпиадалық емес спорт түрлері дамып жатыр. Биыл Түркістан облысының спортшылары әлем чемпионаттарынан 106 медаль, Азия чемпионаттарынан 214 медаль жеңіп алды. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 16 алтын, 10 күміс, 5 қола медаль олжалады.

Мәдениет және спорт – елдің еңсесін көтеріп, сана-сезімін өзгертіп, қоғамға әсер ететін салалар. Облыс аумағындағы мәдениет және спорт нысандарының бірінші кезекте қажеттілігін анықтау бойынша бекітілген критерийге сәйкес облыс әкімі Нұралхан Көшеров жыл басында 3 жылдық кешенді жоспарды қайта бекітуді тапсырған болатын. Өңірдегі спорт мекемелерінің ғимараттарының мәселесін шешу үшін нақты ұсыныс енгізіп, жұмысты жүйелеуді де тапсырған-ды.

Осыған орай жуырда аудан, қалалардағы мәдениет нысандары құрылысының 3 жылдық жоспары бекітілген. Облыс әкімінің тапсырмасымен аймақта спорт нысандарының қажеттілігіне мониторинг жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 108 спорт кешенін салу және 48 ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет екені анықталды. Бүгінгі таңда облыс аумағында 3540 спорт нысаны тіркелген. Оның 2577-сі білім беру мекемелерінде болса, әкімдік теңгерімінде 543 нысан бар. 270 нысан жеке меншікте, ал 150 нысан спорт мекемелерінің меншігінде. Басқармаға бағынысты және қала, аудан әкімдіктеріне қарасты 100 спорттық ұйым қызмет атқаруда. Жөндеуді қажет ететін спорт нысандарына да жыл сайын кезең-кезеңімен қаржы бөлінуде. Дәлірек айтқанда, биыл 14 ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Спорт нысандарына қажеттілікті азайту мақсатында 2025 жылы 51 спорт нысанның құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, өңірдегі аудандарда демеушілер, жеке кәсіпкерлер немесе ауыл тұрғындары тарапынан спорттық кешендер, футбол алаңдары, стадиондар, жаттығу және күрес залдары, жабық спорт кешендері қолданысқа берілген. Жалпы, өңірде тұрғындардың спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасалып жатыр. Қазіргі таңда облыста спортпен шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар саны 825 мыңнан асып, бұл өңірдегі халықтың 39 %-ын құрап отыр. Тұрғындарды спортқа баулу үшін алдымен спорт мекемелерінің базасы жақсы болуы керек. Содан барып спортқа қызығушылық танытатын тұрғындардың саны арта түсуі анық. Түркістан облысында 59 спорт түрі бойынша 29 олимпиадалық, 30 олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша 72 спорт мекемесі бар. Онда жалпы саны 51 мыңнан астам спортшы тіркелген.

Өңірде алдыңғы жылдың қорытындысы бойынша 4643 спорт ғимараты жұмыс істеді. Оның ішінде, 21 стадион, 1 спорт сарайы, 2 құрама командалардың оқу-жаттығу орталығы, 41 спорт кешені, 103 спорт манежі (102 футбол манежі, 1 ат манежі), 1 шаңғы базасы, 135 атқыштар тирі, 16 теннис корты, 2 ипподром, 22 жүзу бассейні (50 метрлік – екеу, 25 метрлік – 20, 25 метрден аз – 7), 998 спорт зал, жазықтықты құрылғылар 3256 (6 спорттық ядролар, 2350 спорттық алаң, 900 алаң) және 45 жапсарлас спорттық залдар бар. Биылдың өзінде Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, облыс орталығында «Теннис орталығы», «Ескек есу каналы» пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 2022-2024 жылдар аралығында «Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спорт кешені», «Дарынды балаларға арналған облыстық спорттық мектеп-интернаты», «Жоғары шеберлік спорт мектебі», «Облыстық медициналық дене шынықтыру диспансері», «Түркістан қаласының олимпиадалық резерв мектебі», сондай-ақ «Ат спорты кешені» сияқты бірқатар қазіргі заманғы  үлгідегі спорт нысандарын пайдалануға беру жоспарда бар.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мамандары спортшыларды ынталандырудың бірнеше жолы барын айтады. Спортшыларды ең бастысы жаттығу жасайтын орындарын, спорттық құрал-жабдықтармен, спорттық киімдермен қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар облыс құрамасына еніп, әрі қарай ұлттық құрамаға енген спортшыларға спорттық нәтижесіне қарай облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес жоғарғы жетістікке жеткен спортшыларға және жаттықтырушыларына ай сайынғы ақшалай стипендия төленеді. Спортшыларды ынталандыру жолында жаттықтырушының да алатын орны ерекше. Сондықтан жаттықтырушылар оқу-жаттығу және жарыс барысында спортшылармен бірге барып жеке жаттығу жұмыстарын жүргізуге көңіл бөледі. 

Спорт — мемлекеттің мәртебесін, ұлттың намысын айқындайтын, халықтың жанкүйерлік рухын көтеретін көрсеткіш. Сондықтан еліміз спортты дамытуға айрықшы көңіл бөлуде. Мәселен, он тоғыз жылдан бері елімізде спорт күні белгіленіп атап өтілуде. Бұл күні еліміздің түкпір-түкпірінде әр сала бойынша спорттық жарыстар өткізіліп, халықты салауатты өмір салтына тарту мақсатында түрлі шаралар өткізіледі. Жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісін спорт күні ретінде халық асыға күтеді.  

Жалпы спорт саласы елімізде кең қолдауға ие. Саланың дамуына, бұқаралық спорт қозғалысын арттыруға, спорттағы жетістіктерді ынталандыруға бағытталған көптеген шаралар көз алдымызда ұйымдастырылуда. Сондықтан жыл өткен сайын баласын спорттың әртүрлі саласына жетектеп әкелетін ата-аналардың саны артып келеді. Әрине халықты спортшыларымыздың халықаралық дәрежеде жеткен жетістіктіктері де ынталандырары анық. Осы орайда еліміздің спортшылары соңғы онжылдықтарда халықаралық жарыстарда, Олимпиада ойындарында еліміздің намысын жыртып, үздік нәтижелерді көрсетіп келе жатқанын мақтанышпен айта аламыз. Мемлекет басшысының өзі спортшыларымызды халықаралық жарыстарға шығар алдында арнайы шақырып, сәттілік тілеп шығарып салуының өзі спорт саласының мемлекетіміздің басты назарында екенін айқындайды. Еліміз беделді халықаралық жарыстарды өткізетін елге айналып, арнайы спортшыларға арнап қалашықтар тұрғызып, спорттық нысандар санын көбейтуде. Бұл Қазақстанда спорт мәдениетінің жоғары деңгейде дамуының ғана көрсеткіші емес, оның әлемдік мойындалуын көрсетеді.

Атап өтер жайт, елімізде Дене шынықтыру және бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылға арналған арнайы кешенді жоспар да әзірленген. Спортты жүйелі дамытуды көздеген кешенді жоспарда мүдделі мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары толық ескерілген. Саланың басы қасында жүрген мамандар арқылы толықтырылған кешенді жоспар еліміздің спорт саласын жаңа деңгейге көтереді деген үміт зор! Кешенді жоспар 34 тармақ пен 5 негізгі бағыттан тұрады. Атап өтсек нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету, мектеп және студенттік спорт, спорт желілерін кеңейту, салауатты өмір салтын насихаттау және кеңінен тарату, спорттық-бұқаралық іс-шаралары көбейту көзделген. Бұқаралық спортты дамыту, сондай-ақ дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатындардың санын арттыру мақсатында да көптеген жұмыстар жасалуда.

Президент бұқаралық спортты дамытуды мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы маңызды басымдықтардың бірі ретінде белгілеп отыр. Сондықтан қолға алынған шаралар өз деңгейінде атқарылса, талай игі іске мұрындық болары анық. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында бүгінде еліміздегі балаларды арнайы спорттық үйірмемен қамту жұмыстары да жүргізілуде. Балаларды спортқа тарту мақсатында аталмыш жоба жемқорлардың жемсауында кетпес үшін барынша пысықталуда. Жалпы еліміздегі спортты дамыту үшін жасалып жатқан шаралар алдағы уақытта өз жемісін береріне сенім мол!

Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы. Олай болса, балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің мойнындағы борышы. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Президент ретіндегі алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударған болатын. Осы жос­парға сәйкес, мемлекет-жекеменшік әріп­тестігі аясында балалар мен жасөс­пірімдерге арналған спорт секцияларына жан басына қаржыландыру жүйесі енгізілді.

Жалпы, бала ағзасының жан-жақты дамуының негізі, тәрбие көзі дене тәрбиесі болып табылады. Табиғи, дұрыс өсіп келе жатқан бала тұрақты түрде қозғалғысы келіп тұрады. Сондықтан дене шынықтыру пәнінің мақсаты – оқушыларды дағдылы қозғалыс түрлеріне (жүру, жүгіру, секіру,т.б.) спорттық жарыстарға қатысуға дайындау. Күнделікті «денсаулық сағатын» өткізу балалардың қозғалыс белсенділігін арттырып, денсаулығын нығайтады, денесінің шынығу деңгейін көтереді. Әсіресе ақыл-ойына, мидың қабылдау процесіне әсер етеді. Демек мидың белгілі бір уақытта тынығуына жағдай жасайды.

Гимнастикалық жаттығуларды үйретіп, меңгертудің мақсаты – баланың бұлшық еттерін, күш – қайратын өз уақытында жетілдіруге дайындау, иіліп-бүгілгіштігін дамытуға жағдай жасау. Сондай-ақ оқушы өз қимыл-қозғалысын соған сәйкес музыка ырғағымен үйлестіруге үйренеді. Көркем гимнастика мен акробатикалық жаттығулардың элементтерін орындауға дағдыланады. Ал жеңіл атлетиканың жүгіру, секіру, лақтыру жаттығуларының техникасын жетілдіргенде нәтижесі жақсарады. Жеңіл атлетика жаттығуларын кеңінен қолдану оқушының шапшаңдылық, күштілік, төзімділік қасиеттерін, қимыл-қозғалыстарын дамытып жетілуіне, күш-қайратының молаюына ықпал етеді. Жалпы дамыту жаттығулары – мойын, иық, кеуде, арқа және аяқ бұлшық еттерін дамытуға пайдасын тигізеді.

Дене тәрбиесі мен адам психологиясы өзара тығыз байланысты. Балалар өмірінде оның ой әрекетінен тыс ешбір процесс болмайды. Адамның жан-дүниесіндегі әрбір түйсік, қозғалыс түрінде білінетіндігі және керісінше әрбір қимыл-қозғалыс көңілге тікелей байланысты екендігі ғылыми дәлелденген. Оқушылар дене-бітімінің дұрыс дамуы, денсаулығының нығаюы, жұмыс қабілетінің артуы сыртқы ортаның қолайсыз жағдайларына қарсы тұруға ықпал етеді. Жақсы денсаулық -адамның еңбек және қоғамның іс-әрекетке жемісті қатысуының маңызды кепілі. Оқушылардың денсаулығына қамқорлық жасауға біздің қоғамымыз мейлінше мүдделі. Сабақтарда, сабақтан тыс уақытта, спорт секцияларында дене тәрбиесін күн сайын ұйымдастырып, қолайлы жағдайлар жасау қажет.

Табиғи қозғалыстың түрлері жүгіру, қарғу, жүзу, лақтыру, шаңғы, коньки, велосипед тебу, акробатика өмірге қажетті дағды және іскерліктерді қалыптастырады. Жас адамдардық денесі түрлі жаттығулар көмегімен ширап, дамиды. Сондықтан күш, жылдамдық, төзімділік, икемділік сияқты адам қабілетін дамыту оқушылардың қозғалтқыш тәжірибесін байытады, дене қозғалысын үйлестіреді. Дене тәрбиесі саласында ырғақ, жеке гигиена, дене шынықтыру мәдениеті, туризм, спорт ерекше орын алады. Дене тәрбиесі ең басты күн тәртібін, яғни, еңбек, демалыс, тамақтану, үйқы, бос уақыт ырғақтарын дұрыс ұйымдастыруда талап етеді.

Күн тәртібін тиімді пайдалану балалардың ақыл-ойы мен дене құрылысының дұрыс дамуына, денсаулығын сақтауға көмектеседі. Күн тәртібін бұзбау міндет. Тәртіп дегеніміз - демалыс, тамақтану, жеке гигиена және күн мен түннің пайдалы сәттерін маңызды, мазмұнды қолдану. Мектепте дене тәрбиесін мұғалім, сынып жетекшісі, тәрбиеші басқарады. Дене тәрбиесінің мазмұны, міндеттері және формалары әрбір мектептердің жағдайларына байланысты дене шынықтыру және сауықтыру жұмысының жүйесін жасауды қажет етеді. Дене тәрбиесінің негізгі құралдарына дене жаттығулары, гимнастика, ойын, туризм, спорт, табиғи факторлар жатады. Дене жаттығулары - бұл саналы түрде орындалған қимылдар және қозғалтқыш әрекеттер. Дене жаттығулары бұлшық ет жүйесін, қан айналымын және тыныс алу мүшелерін дамытады.

Дене шынықтыру сабақтары процесінде білім беру, тәрбиелеу, сауықтыру міндеттері шешіледі. Дене шынықтыру сабағының маңызды тәрбиелік міндеті оқушылардың дене шынықтырумен үнемі шүғылдануға ынта-ықыласын дарыту. Бастауыш сыныптағы дене шынықтыру сабақтары жаттығуларының және ойындарының сан алуандылығымен ерекшеленеді. Дене тәрбиесі бойынша сыныптан тыс жұмыстардың міндеттері: баланың денсаулығын нығайтуға көмектесу; ағзаны шынықтыру, оқушылардың жан-жақты өсіп жетілуіне, дене шынықтырудық оқу бағдарламасын ойдағыдай меңгеруге көмектесу; балаларды дене шынықтыру және спортпен үнемі шұғылдануға әдеттендіру; қозғалыс дағдысын тәрбиелеу. Дене шынықтыру мен спорт жөніндегі сыныптан тыс жұмыстың негізгі формалары: секциялары мен үйірмелердегі сабақтар спорт жарыстары, серуендер, туристік жорықтар, дене шынықтыру және спорт мейрамдары. Серуендер мен жорықтарды балалардың табиғат туралы білімдерін  толықтыра алатындай тамаша адамдардық әңгімелерін ести алатындай жерде белгіленген жөн.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 124 рет