Тағылымға толы басқосу – Сексенбай Тұрысбекұлының адал еңбегі мен елге деген жанашырлығына құрмет көрсету мақсатында ұйымдастырылды. Кешке зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, қоғам белсенділері, Сексенбай Тұрысбекұлымен қатар қызмет еткен әріптестері мен замандастары қатысты. Кеш шымылдығы аудан әкімінің орынбасары Серік Сахиұлының құттықтау сөзімен ашылды. Сонымен қатар, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Аманбекұлы абзал азаматтың ел дамуына қосқан үлесі жөнінде жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Кеш барысында ауданның дамуына өзіндік үлес қосқан ел ағалары, сала ардагерлері, зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, Сексенбай Тұрысбекұлының кәсіби және қоғамдық қызметтегі мол тәжірибесі мен тағылымды тұлғасын атап өтті. Дәстүрлі ән өнерінің өкілі, республикалық Әміре Қашаубаев атындағы байқаудың лауреаты, ауданның Құрметті азаматы Кенжебай Шалдың орындауындағы ұлттық әндер көпшілік көңілінен шықты.
Кеш аясында Сексенбай Тұрысбекұлына арналған «Теріскейдің текті түлегі» атты естелік-кітаптың тұсаукесері өтті. Жаңа туындыда – елдікке қызмет еткен ардақты азаматтың ғұмыр жолы мен еңбекке толы өмір белестері қамтылған. Кітап авторы – белгілі журналист, қаламгер Өтеш Қырғызбаев.Іс-шара соңында мерейтой иесіне құрмет көрсетіліп, ел ағалары мен достары аталық ақ баталарын беріп, ізгі тілектерін жеткізді.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат