ШЫМКЕНТ:"КҮТЕМ СЕНІ" — ОТБАСЫНЫҢ ҚАДІРІН ҰҒЫНДЫРҒАН ҚОЙЫЛЫМ

Шымкент қалалық опера және балет театрында хор ұжымы «Күтемін сені» атты композициялық драманың жаңа форматтағы қойылымын көрерменге паш етті. Сюжеттің негізінде екі басты кейіпкер – Баритон мен Колоратурлық Сопрано арасындағы махаббат хикаясы баяндалды. Қойылымды сахналаған актерлер және театрдың хор ұжымы өнер мен шынайы өмір әлеміндегі нағыз оқиғаны театр сүйер қауымға жеткізіп, ерекше атмосфера сыйлады.

 

–«Күтем сені» – композициялық драма, классикалық мюзикл. Біз бұл қойылымды жастарға арнап сахналадық. Әрі осы қойылым арқылы Шымкент қалалық опера және балет театрының 15 жылдық тарихын зерделей отырып, театр өнеріндегі еңбегін көрерменге жеткізуге ұмтылдық. Қойылым ерекше жанрда, заманауи стилде сахналанды және халық әндері мен тагымал қазақ композиторларының әндері арқылы көрермендерді керемет әсерге бөлегені сөзсіз, – деді режиссер Шағуан Үмбетқалиев.

 

Көріністің барысы Баритон мен Колоратурлық Сопраноның жастық шақтағы пәк махабатынан бастау алады. Екеуі қыз-жігіт болып жүргенде махабаттың буына балқыған Баритон үйленуге бел байлайды. Алайда, қалтасында көк тиыны жоқ ол достарынан көмек сұрайды. Қасындағы адал достары бірігіп, кең далада Баритонға той жасап береді. Барлығы тойды мәз-мейрам, шат-шадыман болып өткізеді. Қонақтар тарқасып, қос ғашық оңашада қалып, атқан таңды таудың етегінде қарсы алады. Дүниеге нұрын шашып күн шыққанда қос ғашық алдағы өмірін жоспарлап, армандарынан сыр шертеді.

Күндер зулап, сағаттар сырғып өте берді. Әлі нәресте сүйе алмаған оларға туыстары сөйлей бастайды. Келінге ауыр сөздер айтып, көңіліне қаяу түсіреді, бірақ бір-бірін шын сүйген ғашықтарға бұл кедергісін келтірмейді. Араға жылдар салып Баритонның әйелі ұл табады. Оны жігіттің досы сүйінші сұрап, қуанышын бөлісті.

Нәресте өсіп, бала-бақшаға барар жасқа жетті. Бір күні мектептің де табалдырығын аттады. Бірақ, бұл отбасының өмірі күнделікті күйбең тіршіліктен ары аспады, біріне-бірі ұқсас сүреңсіз күндер қайталана берді, қайталана берді. Жоқшылық та есік қағып, таршылықтың күйін кешті. Махаббат алауы бәсеңдеп, үйде ұрыс-жанжал жиілей түсті. Мұның соңы қос ғашықтың айырылысуына әкеп соқты.

Ғашықтардың таңмен таласа айтқан асыл армандары адыра қалды. Баритон қарлығашын ұясынан ұшырып алып, балапанын қорғай алмаған байғұстың күйін кешті. Бірнеше күннен кейін, баласының ауруханаға түскенін жанында жүрген досы айтты. Жүрегі дүрсілеп, уайым басқан әкесі алды-артына қарамай ауруханаға барып, дәрігерден бөбегінің хәлін сұрайды. Дәрігер жағдайы жақсы екенін айтып, абыржулы әкені сабырға шақырды... Ауруханада әйелін кездестірген Баритон бар өкінішін білдіріп, отбасын сақтай алмағынына қынжылды. Ғашығына қайта қауыар сәтті ұзақ күткенін айтып, отбасынан кешірім сұрап, екеуі қайта қосылады.

Қойылымның әсерлі болғаны сондай көрермен бірде көз жасына ерік берсе, бірде күлкі мен қуанышқа кенелді. Ойлы жанның жүрегіне жол тапқан «Күтемін сені» композициялық драмасы отбасының қадірі мен құндылығын тағы бір мәрте сезіндіріп, баянды баққа жету үшін соқтықпалы, соқпақсыз өмір жолындағы қиындық пен тауқымет атаулыны бірге көтеру керектігін көрерменге ұғындырды.  

Отырарда қолөнер шеберлерінің халықаралық жәрмеңкесі ұйымдастырылды

Отырар ауданында «Ұлы Жібек жолы бойындағы тоқыма және зергерлік өнер» тақырыбындағы Халықаралық қолөнер шеберлері жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Салтанатты шараны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің Төрағасы Күміс Сейітова, Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының өкілі Талғат Мұханов және Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов ашып берді.

Созақ ауданында жастар күніне арналған концерт өтті

Созақ ауданының орталығындағы «Достар» стадионында Жастар күніне арналған гала-концерт ұйымдастырылып, кең көлемде аталып өтті. Мерекелік кеште аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан жастарын айтулы мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Отырар ауданы: Ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовты еске алу кеші өтті

Отырар ауданында қазақ музыкасының қорын байытып, қазақ даласын әнімен тербеткен Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек ері, композитор Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне арналған «Әнім сен едің!» атты концерт өтті. Мерекелік шараға Отырар ауданы әкімі Сәкен Сұлтанханов пен Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Түркістандық айтыскер ақын республикалық жыр додасында бас жүлдеге ие болды

Түркістанның тумасы Бекарыс Шойбеков Павлодар облысы, Баянауылда өткен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165 жылдық мерейтойына арналған «Алты Алашқа жайылып кеткен атым» республикалық ақындар айтысында бас жүлдеге ие болды.

ӨЗБЕК ҰЛТТЫҚ ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЫ ШЫМКЕНТТЕ ҚОНАҚТА

Қазақстан мен Өзбекстан театрлары арасында мәдени және шығармашылық байланыстарды дамыту мақсатында арнайы меморандум түзілген. Осыған орай, Шымкентке Өзбекстан Республикасынан Өзбек ұлттық қуыршақ театры гастрольдік сапармен келді.

Ташкент қаласынан келген шығармашылық ұжым 2 - 6 қазан аралығында шымкенттік көрермендерді өздерінің қызықты қойылымдарымен қуантады.

Терең тарихы бар театр ұжымының қоржынында көрермен көңілінен шыққан көптеген қойылымдар бар. Солардың арасынан «Веселый балаганчик» пен «Қуыршақтар әлемі» атты сазды қойылымдарын театр сүйер қауымға ұсынбақ.

Өз ісінің шеберлері жиналған театр ұжымында рөлдерін сомдап қана қоймай, қуыршақ образын жасаумен де айналысатын бесаспап мамандар да бар. Солардың бірі ¬– театр әртісі Муниса Игамназарова.

Осы театрда жұмыс істеп жатқаныма 30 жылға жуықтады. Қуыршақтарды пайдалана отырып ұшқыр қиялға ерік беріп, адам таңқаларлық әдемі көріністерді жасап шығуға болады. Қуыршақ театрының тәрбиелік функциясы басым болғандықтан әрбір қойылымның терең мағынасы, жеткізер ойы бар. Мен сахнада қуыршақтарды ойнатып қана қоймай, түрлі қуаршақтардың образын жасап, олардыөз қолыммен тігумен де айналысамын. Тіпті, қуыршақтардың билейтін биін де ешқандай хореографсыз өзіміз қоя береміз. Көптеген елдерде гастрольде болдық. Халқымыздың бай тарихына барлығы да тамсана қарайды. Сондықтан Шымкент қаласының тұрғындарын біздің қойылымдарымызды тамашалауға шақырамыз, – дейді ол.

Сонау 1939 жылы құрылған Өзбек Ұлттық қуыршақ театры – Өзбекстандағы тарихы тереңде жатқан өнер ордасының бірі. Оның көрші елдегі театр мектебінің қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі зор. Театрдың репертуары алуан түрлі, әрі ұлттық және классикалық драматургияға бай. Қуыршақ театры халықаралық фестивальдерге белсенді қатысып қана қоймай, шетелдерге гастрольдік турларға да жиі шығып тұрады екен. 1973 жылдан бастап труппа әлемдегі барлық континенттерде болған.

Айта кетейік, Қазақстан мен Өзбекстан Республикасы арасындағы мәдени байланыстар жылдан жылға кең өріс алып келеді. Өзбек Ұлттық қуыршақ театрының гастрольдік туры – соның айқын мысалы. Шығармашылық турдың ресми ашылуы Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрында басталды. Ташкенттік әртістер 6 қазанға дейін мектеп сахналары мен өзге де мәдени орындарда өнер көрсетпек.