Республикалық ән байқауында Түркістан облысы білім басқармасына қарасты «Т.Тәжібаев атындағы отбасылық үлгідегі балалар ауылы» КММ-нің тәрбиеленушісі, Арыс қаласындағы Достық мектебінің 11 сынып оқушысы Өскенбаев Ерасыл Әмірұлы 42 үміткер арасынан үздік өнер көрсетіп, «Жоғары санаттағыСоло» номинациясы бойынша Гран при иеленді. Ерасылға Дубайға жолдама тарту етті.«Көптеген қатысушы үшін бұл — үлкен сахнадағы алғашқы қадам, елордаға алғашқы сапар, арманына жету жолындағы маңызды белес. Біз жас таланттардың қабілетін ашуға, олардың жұлдызын жарқыратып, адамдарға қуаныш сыйлауға бағытталған бастамаларды әрқашан қуана-қуана қолдауға дайынбыз», - деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Өнерге бейімі жоғары бұл оқушы жан-жақты талантымен ерекшеленді. Сахна мәдениетін, өнерге деген қызығушылығын және орындаушылық қабілетін ұдайы дамытып келеді. Ән айту тағы басқа да шығармашылық жұмыстарда белсенділік танытып, түрлі мектепішілік және аудандық іс-шараларда үздік нәтижелер көрсетуде. Еңбексүйгіштігі мен жауапкершілігі оның өнер жолындағы жетістіктерін айқындай түседі.
Осы тұста Түркістан облысының мәдениет саласында атқарылып жатқан бірқатар жұмыстар туралы азды-көпті айта кетсек. Бүгінгі таңда Түркістан облысында мәдениет саласында негізгі 6 бағыт бойынша халыққа қызмет көрсетіліп келеді. Олар: театр саласы, концерттік ұйымдар, музей, кітапхана, тарихи-мәдени мұралар, тілдерді дамыту және ономастика салалары. Аталған бағыттар бойынша жауапты басқармаға қарасты 24 мәдениет мекемесі бар. Осы мекемелердің жұмысын жандандыру, мәдениет пен руханият салаларының әлеуетін көтеру мәселелері таяуда облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде сарапталған еді.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басшыларға жұмысты жандандыру керектігін айтты. – Мәдениет саласы – облыстың рухани дамуының тірегі. Сондықтан мәдениетімізді дамыту үшін жүйелі кемшіліктерді уақытында анықтап, нақты шешім қабылдаумыз керек. Облыс көлемінде өтетін іс-шаралардың концепциясын қайта қарап, креативті идеяларды пайдалана отырып, ұсыныс енгізу қажет. Мәдениет саласын дамыту бойынша кешенді іс-шаралар жоспарын бекітуді, аудан, қалалардағы кітапханалар, мәдениет үйлері мен клубтардың жағдайына тұрақты мониторинг жасап, кезең-кезеңімен шешуді тапсырамын, – деді Нұралхан Көшеров.
Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаевтың айтуынша, өңірдегі үш театрда биылғы 9 айда 15 жаңа спектакль сахналанып, ағымдағы 245 спектакль қойылып, 35 мың көрермен қамтылған. Жыл соңына дейін театрларда тағы 15 жаңа қойылым көрермен назарына ұсынылады. Түркістан облысында Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония мен «Конгресс холл» көп салалы кешені қызмет көрсетіп келеді. Екі концерттік ұйымда биыл 145 концерт және мәдени іс-шаралар өткізіліп, 85 500 көрермен қамтылды. Облыстағы 24 музейде 2025 жылдың 9 айында 552 көрме, 5983 экскурсия, 482 көпшілік іс-шара ұйымдастырылды. Музейге келушілер саны 205 178 адамды құрап, 2024 жылғы 9 аймен салыстырғанда 5%-ға артып отыр. Биыл музейлерде 2167 жәдігер жинақталып, жалпы жәдігер саны 178 134-ке жеткен.
Қазіргі уақытта облыста 388 кітапхана халыққа қызмет көрсетеді. 9 айда 9987 көпшілік іс-шара ұйымдастырылып, 23985 дана жаңа кітаппен толықтырылды. Жалпы кітап қоры 6 054 726 данаға жетіп отыр. Кітапханадағы оқырмандар саны 351 096 адамды құрап, 2024 жылғы 9 аймен салыстырғанда 2,5%-ға артқан. Облыс бойынша биыл «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 7 мәдениет нысанында (Бәйдібек – 1, Мақтаарал – 2, Түлкібас – 1, Сауран – 1, Кентау – 1, Төлеби – 1) құрылыс жұмыстары жүріп жатыр, жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Сонымен қатар биыл 9 нысанның (Сауран – 1, Түлкібас – 2, Сарыағаш – 3, Келес – 1, Ордабасы – 1, Жетісай - 1) құрылыс жұмыстарына қаржы бөлініп, 2026 жылы пайдалануға беру көзделіп отыр. Жергілікті бюджет есебінен Түркістан қаласындағы 500 орындық мәдениет үйі пайдалануға берілді. Қазіргі таңда, «Artsport.kz» ақпараттық жүйесі арқылы облыс аумағында 221 өнім беруші арқылы 676 үйірмеде 18 575 бала тегін шығармашылық үйірмелерге қатысуда. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауға алынған.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат