Дүйсенбі, 06 Қазан 2025 18:10

Хадиша Бөкеева театры Шымкентте гастрольдік маусымын ашты

Хадиша Бөкеева атындағы театрдың халықаралық гастрольдік сапары Шымкенттегі Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрынан басталды.

Арайлы Ақжайықтан шырайлы Шымкентке өнер керуенін жолдаған Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының гастрольдік сапары аясында баспасөз мәслихаты өтті.

Шараға театр директоры, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі Нұржан Тасбулатов, театрдың көркемдік жетекшісі, актер, мәдениет саласының үздігі Салауат Түменов, сондай-ақ Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры директорының міндетін атқарушы Әмірханұлы Бекжігіт Әбдіхалық және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.

 

Басқосуда гастрольдік сапардың мақсаты мен қойылымдар мазмұны жайлы кеңінен айтылды.

«Құрметті журналистер қауымы, сіздер арқылы алдағы гастрольдік сапарымыз бен қойылымдарымыз туралы көрерменге кеңінен жеткізуге мүмкіндік алып отырмыз. Театр ұжымының еңбегіне қолдау білдіріп отырған барша БАҚ өкілдеріне алғыс айтамыз», – деді театр директоры Нұржан Тасбулатов.

 

Хадиша Бөкеева атындағы театр – тәуелсіздік жылдары құрылған шығармашылық ұжымдардың бірі. 33-ші маусымын ашқан өнер ордасы биылғы жылы халықаралық деңгейдегі гастрольдік сапарын бастауда.

 

Шымкент қаласында театр ұжымы рухты ақын, халық қаһарманы Жұбан Молдағалиевтің туғанына 105 жыл толуына орай сахналанған «Жұбан» поэтикалық драмасын және кішкентай көрермендерге арналған «Жалқаудың жыры» атты ертегіні ұсынды.

 

«Жұбан» қойылымының авторлары – «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақұштап Бақтыгереева және драматург, «Алаш» сыйлығының иегері Мадина Омарова. Қойылымның режиссері – «Асанәлі» сыйлығының иегері Гауһар Адай.

Оқылды 345 рет