Бүгін Шымкент халықаралық әуежайында Жапонияның Нагасаки қаласында өткен VI халықаралық Madama Butterfly опера әншілері байқауында топ жарған қалалық Опера және балет театрының солисі Жадыра Абдулаеваны күтіп алу үшін өнер сүйер қауым, жерлестері мен театрдағы әріптестері жиналды. Жиналған жұрт әншіні гүл шоқтарымен қарсы алып, өнердегі ерлігіне айрықша құрмет көрсетті.
Әнші күні кеше Жапонияның Нагасаки қаласында өткен VI халықаралық Madama Butterfly опера әншілері байқауында І орынды жеңіп алды. Әлемнің түкпір-түкпірінен қатысқан 300-ге жуық кәсіби вокалистің ішінен суырылып шығып, ақтық сынға өткен 8 үміткердің арасынан озып шыққан Жадыра шаһардың ғана емес, елдің мақтанышына айналды. Әріптестері айтқандай, бұл Шымкенттің опера өнері үшін ғана емес, Қазақстанның мәдениет әлеміндегі тарихи жетістігі. Ал осы жеңістің артында үлкен еңбектің, талмай ізденудің, сондай-ақ ұстаздық қамқорлықтың тұрғанын айта кеткен жөн. Әншінің байқауға дайындалуына және қатысуына Қазақстанның халық әртісі, Шымкент қалалық опера және балет театрының директоры Майра Мұхамедқызы тікелей қолдау көрсеткен екен.
Бүгін шәкіртін күтіп алуға барған Халық әртісі де әншіден артық толқып, көзіне жас алды. «Джакомо Пуччинидің әлемге әйгілі «Мадам Баттерфляй» операсына арналған халықаралық конкурс биыл пандемиядан кейін алтыншы рет қайта жалғасын тапты. Бұл шығарма Жапонияның Нагасаки қаласындағы тарихи оқиғаларға негізделген. Сондықтан байқаудың да дәл осы қалада өткізілуі тегін емес. Биылғы сайысқа 300-ге жуық әнші өтініш берген. Соның ішінде 41-45 өнерпаз іріктеліп, Нагасакиге шақырылды. Ал ақтық сынға сегіз әнші жолдама алды. Финалда ерекше толқынысты сәттер көп болды. Біз тыңдаған бір жапон әншісі жүректі баурап алғаны соншалық, көпшілік оны жеңімпаз болады деп ойлады. Дегенмен, негізгі бас жүлдені біздің шәкіртіміз – Жадыра жеңіп алды», деді Майра Мұхамедқызы. Сондықтан ол әуелде өзі де, әнші де бірінші орын алғанын білмей қалғанын айтады.