Бейсенбі, 02 Қазан 2025 18:10

Shymkent Creative Hub: Қой жүнінен гобелен жасайтын Ғазиза

Шымкент қаласында еліміздің экономикалық және мәдени дамуына серпін беріп, қолөнершілерге қолдау көрсетіп келе жатқан креативті индустрия ассоциациясының құрамында бүгінде 150-ге жуық мүше бар. Аталмыш ассоциацияның негізгі мақсаты – шығармашылық саласындағы кәсіпкерлерді біріктіріп, олардың ресми тіркелуіне, кәсіби дамуына жағдай жасау. 

Айта кетейік, креативті индустрия ассоциациясы мен мемлекеттік қолдау арқасында Шымкентте қолөнер шеберлері үшін ерекше жағдайлар жасалып келеді. Мысалы, шығармашылық хабтарда өз жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беріліп, кәсіпкерлердің заңды тіркелуі басты талап ретінде қойылады. Бұл жағдай шығармашылықпен айналысатын азаматтардың өз өнімдерін нарыққа шығаруға, әлеуметтік желілерде насихаттауға және тапсырыс алуына оң ықпал етеді.

Осы ассоциацияның белсенді мүшелерінің бірі – Ғазиза Аужанбайқызы. Ол Әбілхан Қастеев атындағы дизайн және сәндік қолданбалы өнер колледжінің 4-курс студенті, көркем тоқыма мамандығын меңгеруде. Ғазиза қойдың жүнінен заманауи әрі тарихи элементтерді ұштастыра отырып бұйымдар жасап, дәстүрлі қолөнерді жаңа деңгейге көтеріп келеді.

-- Мен қойдың жүнімен жұмыс жасаймын. Қой жүнінен қабырғаға іліп қоюға арналған бұйымдар, тақиялар, сырмақтар, текеметтер және тіпті заманауи бағыттағы аяқ киімдер дайындауға болады, – дейді Ғазиза. 

Кейіпкеріміз арнайы өңделіп, түрлі түске боялған жүндерді пайдаланып, бұйымдарының ерекше әрі тартымды болуына баса көңіл бөледі. Ғазиза сонымен қатар кесте тігумен айналысады.  Ол бұл жұмыстың көп уақыт пен шыдамдылықты талап ететінін айтады. «Дегенмен, жаныңа тынықтыш сыйлайтын ләззаты да бар», -- дейді қолөнер шебері.

-- Бұл өнер менің жанымның қалауы. Алғашында қиын болды, өйткені тігіс тігуге немесе қолөнер бұйымдарын жасауға ешқашан үйренбеген адам үшін бұл оңай емес, – дейді Ғазиза. 

Алайда, колледждегі ұстаздарының қолдауымен қызығушылығы артқан және қазір бұл өнерсіз өмір сүре алмайтынын мойындайды. Ғазиза гобелен тоқуды да меңгерген. Оның айтуынша, күрделі ою-өрнегі бар гобеленді жасауға бір айдай уақыт кетеді. Сонымен қатар, ол сыйға тартуға арналған түрлі сувенирлер, киізден жасалған тақиялар мен тойға арналған қоржындар дайындайды. Оның бұйымдары әлеуметтік желілерде танылып, бүгінде тұрақты түрде тапсырыс берушілер бар.  Бағалары 15-50 мың теңгенің аралығында.

Қолөнер шеберлері үшін Шымкент қаласында барлық қажетті жағдайлар жасалуда. Креативті индустрия ассоциациясы мен жергілікті билік қолөнершілерге  қолдау көрсетіп, арнайы оқу бағдарламаларын ұйымдастырып, өндірісті дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асыруда. Мұнда шеберханалар, шығармашылық орталықтар және маркетингке арналған платформа құрылып, қолөнершілер өз өнімдерін нарыққа тиімді шығара алады. Мұндай бастама қолөнерді тек өнер ретінде ғана емес, экономикаға тиімді үлес қосатын сала ретінде дамытуға мүмкіндік береді.

Оқылды 361 рет