Бұл күнгі сахна – жас өнерпаздардың ғана емес, тұтас бір халықтың рухани айнасына айналды. Еліміздің әр түкпірінен жиналған 27 жас әнші, күйшілер мен жыршылар қазақтың құдіретті өнерін паш етті. Күйге тіл бітті, жыр жан тербеді, әнде халықтың арман-аңсары көрінді. Фестиваль тізгінін ұстаған фольклортанушы ғалым, эпикалық жыршылық өнердің көрнекті өкілі Берік Жүсіп әр өнерпаздың өнері алдында әдемі ой қозғап, көрерменге өнердің терең мәнін айтып отырды.
Шара аясында ұлттық аспаптар көрмесі де ұйымдастырылды. Алматыдан арнайы келген «Ықылас» атындағы халық музыкалық аспаптар музейінен елуге жуық аспап түрі әкелінген. Музейдің бөлім жетекшісі Дания Жанқабаев көне мұраларды таныстырып, тарихын тарқатты. Көрмеде Абайдың домбырасы мен Сүгірдің қоңыр үні қалған қасиетті аспаптарының көшірмелері ұсынылды. Мәселен, домбыраның бірнеше нұсқасы көрмеге қойылған. Оны мамандар әр өңірдің өзіндік ерекшелігіне қарай жасалған деп түсіндірді.
Жиынға қатысқан Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық драма театрының жарнама бөлімінің басшысы Қабыл Батырхан бұл шара алдағы уақытта еліміздің барлық өңірінде жалғасын тапса деген тілегін білдірді.
-Өнер – болашаққа қалдырылған аманат. Жастардың бойына сол аманатты сіңіру – үлкен буынның парызы. «Асыл мұра» фестивалі – сол аманатты сақтайтын үлкен қадам», – деді ол.