Шараға Шымкент қаласының ардагерлері мен мемлекет және қоғам қайраткерлері, құқық қорғау органдарының ресми өкілдері, университтің оқытушы-профессорлары мен студенттер қатысты. Шымкент қалалық Ардагерлер ұйымының төрағасы Кенжехан Төлебаев, мемлекет және қоғам қайраткері, 2012 жылдан бері ҚР Мәжілісінің V шақырылым депутаты, «Құрмет» орденінің иегері Шалатай Мырзахметов, Шымкент қалалық Ардагерлер кеңесінің мүшесі Досыбай Шерімқұлов, «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Ардагерлер кеңесі төрағасы Батырбек Жалмұрзаев Конституцияның маңызы мен еліміздің заңдық жүйесінің дамуы туралы маңызды пікірлерін айтып, ұзақ жылдық еңбек тәжірибесінде Ата Заңымыздың мемлекеттік қызмет пен қоғам өміріндегі тұрақтылықтың кепілі болған естеліктерімен бөлісті.
Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының прокуроры Асыланбек Заманбек, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Қанат Қадырбеков, ҚР Сот әкімшілігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің Баспасөз қызметінің маманы Қабыл Дүйсенбі құқықтық салада тәртіп пен әділдіктің негізін құрап, азаматтардың құқықтарын қорғау мен құқықтық мәдениетін дамытуда, заңдардың орындалуы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Ал, Ж. Тәшенев университетінің Басқарма мүшесі – Вице-ректоры, заң ғылымдарының кандидаты Жанар Рысбекова өзінің ұзақ жылдық зерттеулеріне сүйене отырып, құқықтық қағидаларымызды қамтитын маңызды құжатты бүгінде дамыған елдер өзіне үлгі тұтатынын нақты дәйек-деректермен келтіріп, оның адамгершілік және ұлттық болмыс принциптеріне негізделген ерекшеліктерін атап өтті.